Польшаның жүрегі саналатын Плоцк қаласында «Қазақтар мен Орталық Азияның басқа да халықтарының мәдениеті» атты ауқымды көрме ашылды. Поляктар көшпенділер өркениетінің құндылықтарымен бір ай бойы таныса алады.
Польшадағы ҚР елшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Плоцктағы өнер галереясы жайлау түрінде безендірілді. Алыстан көз тартатын ақшаңқан киіз үйдің іші ұлттық тұрмыстық бұйымдар мен басқа да жәдігерлерге толы. Көшпенділердің биіктігі – 3,5 диаметрі – 7 метр болатын баспанасын жұртшылық назарына ұсынған – Қазақстанның Польшадағы бұрынғы елшісі, ортаазиялық мәдениет табынушысы Владислав Соколовский. Галереяда «Қазіргі Қазақстан» атты фотокөрме де жасақталған. «Қазақы ауылды» тамашалауға келген жергілікті халық көп болды. Олар үшін «Көшпенділер» блокбастері мен «Қызғалдақ» фильмі поляк тілінде көрсетілді. Шараға қатысқан мәртебелі меймандарға қазақ елшілігінің өкілдері «Қыз Жібек» поэмасы мен ұлт тарихына қатысты кітаптарды сыйға тартты. Көрмеге бауырлас өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен халықтарының да тұрмыстық бұйымдары, ұлттық киім-кешектері мен музыкалық аспаптары және ұлттық тағамдары қойылды. Висла өзенінің жағасындағы Плоцк қаласы ортағасырларда ел астанасы болған. Онда поляктардың әйгілі королі Болеслав жерленген. Орта ғасырлық ақсүйектердің бүгінгі ұрпағы өздеріне таңсық әлемдей болған Орталық Азия мәдениетіне айрықша ықылас танытуда.