Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Павлодар облысы орталығында Кеңес Одағының сегіз батырына ескерткіш ашылады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Кеңес Одағының Батыры атанған сегіз павлодарлықтың мүсіні қаладағы Жеңіс саябағына орналастырылады. Келешекте бұл ескерткіштердің қатары көбейіп, бақ үлкен мемориалдық кешенге айналмақшы. Себебі 1941-1945 жылдары болған сұрапыл соғыстан Кеңес Одағының Батыры атанып келген майдангерлердің жалпы саны – 22. Жергілікті билік олардың қай-қайсысының да қазіргі және келешек ұрпақ санасында қалуына күш салмақ. Мамырдың 9-ы күнгі ұлы мереке қарсаңында Павлодардағы Кеңес Одағы Батырлары атындағы көшелер ерекше сәнделеді. Даңқты майдангерлер портреттері мен олардың ерлік ғұмыры туралы мағлұматтар жазылған билбордтар орнатылады.