Карл БАЙПАҚОВ, Қазақтың Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик:
Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезден бастап өзінің ұлттық мәдени-тарихи құндылықтарын, бай әдеби мұрасын түгендеуге жүйелі түрде қайта жаңғыртып, жаңартуға кірісті. Кейін бұл бағыттағы жұмыстар бір арнаға топтастырылып, 2003 жылдан бері «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды.
Осы орайда ел тарихын зерттеп-зерделеу ісінде ғылымның әр саласында кезең-кезеңімен нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. Сан-салалы бағытты қамтитын бұл бағдарламада әсіресе өзім тікелей араласатын археология саласына артылар жүк өте ауыр. Себебі біздің өткен тарихымызды зерттеу ісінде жазба деректер өте аз сақталған. Әсіресе көне дәуірлерге қатысты көптеген деректерді дәл анықтау қиынның қиыны. Есесіне көне ескерткіштер мен тарихи орындар бізде жетерлік. Осы орайда археологтер тапқан жәдігерлер тарих қатпарларында қалған жұмбақтарды шешуге зор мүмкіндіктер береді. Мұның бәрі – мемлекетіміздің келешегі үшін істелініп жатқан жұмыстар. Ал өткенге үңілу болашақ игілігіне қызмет ету екені сөзсіз.
Негізі, «Мәдени мұраға» бөлініп жатқан қаржы жеткілікті. Жоспардағы жобалар өз ретімен жүзеге асырылуда. Тек оны ұтымды игере білу қажет. Ал шет мемлекеттердің көмегі артық болмайды. Олар әсіресе археологиялық жұмыстарға көптеп тартылуда. Бұр ретте көршілес Ресей мен батыстың, АҚШ пен Жапония елдерінің мамандары бізбен тығыз қарым-қатынаста. Өзгелердің тәжірибесіне сүйенбей болмайды. Қанша дегенмен олар бұл салада жаңа технологияларды жақсы пайдалана алады.
«Мәдени мұра» бағдарламасының аясы өте кең әрі жан-жақты. Бұл – тарих пен мәдениеттің, әдебиет пен тілдің, өнер мен архитектураның және басқа да ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін зерттеуге, соларды жинақтап, ел игілігіне жаратуға бағытталған ірі мемлекеттік жоба. Соңғы жылдары қазақстандық археолог мамандар тың деректерді молынан тауып, біраз олжаға кенеле бастадық. Аталған бағдарлама аясында Жетісу жерінде Майбұлақ қоныс орнында қазба жұмыстары жүргізілді. Алматы маңындағы Талғар аумағында ХІІ ғасыр мен ХІІ ғасырдың басындағы қаланың шығыс қақпасы ретінде бой көтерген Тальхир қалашығы табылды. Бүгінде Алматы қаласының аумағында да орта ғасырдағы қалашық табылып, зерттелу үстінде. Ол жерлерден Х-ХІІІ ғасырларға жататын қыш ыдыстар табылды. Бұл материалдар Алматы қаласының жасы 1000 жыл емес, 1100-1200 жыл екенін дәлелдейді. Жақында Сырдария жеріндегі Жанкент қалашығының қазба жұмыстарынан қызықты материалдар алынды. Бұл қала астана болуымен қатар, халықаралық сауда орталығы болған. Осы қала арқылы Батыс пен Оңтүстік-Батыс Еуропаға, Иран мен Хорезмге жолдар өткен. Бұдан бөлек, бүгінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру, жаңғырту жұмыстары, қалашық, қоныс, тұрақ пен қорғанды археологиялық зерттеу жұмыстары ауқымды түрде жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар Берел мен Қырықоба сақ пен сармат зираттарында, Жібек жолы қалаларының қалдықтары қалған орындарда, Түркістан, Қаялық, Сауран, Арсубаникет, Сарайшық астаналық орталықтарда, Ақыртас кешенінде зерттеулер, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Айта берсе, атқарылып жатқан шаруалар жетерлік. Бұған қоса, әлі де қолға алынатын жұмыстар көп...