Қатерлі ісікті жеңіп шыққан танымал джаз әншісі Жанна Саттарова аурудың алдын алу үшін қазақстандықтарды жиі тексерістен өтіп тұруға шақырды, деп жазады Vlast.kz.
2014 жылы Жанна Саттарова қатерлі ісікке шалдығып, әнші бір жыл бойы осы аурумен күресті. Әнші ем алуды әлі де жалғастырып келеді, дегенмен шығармашылығынан да қол үзген жоқ – жаңа әндер жазып, концерт беріп жүр.
«Бұл туралы айтып, жазу керек деп ойлаймын, себебі менің жағдайым көпке үлгі бола алады, көп адам өз денсаулығын ойлап, жыл сайын тексерістен өтуді ойланады, — дейді Саттарова. – Қатерлі ісік – адамға еш білінбей жылдар бойы белең алатын зұлым ауру. Мен қатерлі ісіктің соңғы кезеңі белең алған уақытта ғана дәрігерлерге көріндім. Ауыр халге түсіп, Сеулде өткен отаға қалай жатқаным есімде жоқ. Емделу барысында әлемнің түкпір-түкпіріндегі дәрігерлерге жолықтым, бірақ отандастарымыз өз дәрігерлерін лайықты бағаламай жүрген сияқты – олардың деңгейі өзгелерден еш кем емес».
Әнші өз оқиғасын бейсенбі күні Бүкіләлемдік қатерлі ісікпен күрес күніне орай ұйымдастырылған баспасөз-мәслихатында баяндады. Жанна Саттаровамен бірге баспасөз-мәслихатында алматылық онколог-дәрігерлер де сөз сөйледі. Олар да отандық медицинаның онкологиялық аурулармен сәтті күресіп жатқанын айтты.