Бүгінгі қазақтың алдында шешуін таппай тұрған ең үлкен мәселе – мемлекеттік тіл жағдайы. Тәуелсіздік алғалы бергі талқыға түсіп келе жатқан туған тілімізді әлі күнге дейін тұғырына қондыра алмай келеміз.
Тілім-тілім болған тіліміздің осындай күйге душар болғанын біз кезіндегі кеңес үкіметінің орыстану саясатынан көреміз. Заңымыздың бұрыстығына күйінеміз, орыс пен орыстілді қауымды кінәлаймыз. Билікке мін тағамыз. Сөйте тұра «тіл» деп шырылдап жүргендерді «саяси ұпай жинаушылар» деп айыптаймыз. Ал өздерін нағыз ұлтшыл, патриот санайтын миллиондаған қандастарымыз тек қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде ойлап, қазақ тілінде жаза ма? Мысалы, Қазақстанда туып-өскен өзге ұлттардың ешбір өкілі өз тілдерін өзекке теппейді, ұмытпайды. Есесіне, біз өз тілімізде таза сөйлей алмайтындай дәрежеге жеттік. Байқасаңыздар, біздің тіліміз, әсіресе соңғы жылдары қатты өзгеріске ұшырап, қоспа тілге айналып барады. Жалпы, тілге қатысты дәл осы мәселе төңірегінде тағы да түрлі пікірталастар ұйымдастырып, керексіз конференциялар өткізіп, мыңдаған мақалалар жазып, том-том кітаптар шығаруға болады. Бірақ біз бір нәрсені естен шығарып алғандаймыз. Біз «Тіл туралы» заң дұрысталса, тіліміз де түзеліп кетеді» деп ойлаймыз. Жарайды, қазаққа қажет заң бүгін қабылданады делік, бірақ ертең де, одан кейін де қазақтілді деген қазақтың өзі ана тілінде таза сөйлеп кетеді деген сенім жоқ. Жоғарыға иек артпай, өзгеге өкпе артпай, біз неге кінәні өзімізден іздемейміз? Өзгелерге мойындату үшін өз тілімізді алдымен өзіміз құрметтеуіміз қажет емес пе? Мысалы, сіз өзіңіздің қалай сөйлейтініңіз жөнінде бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Қараңыз:
Көшеде:
– Привет!
– Қалайсың?
– Нормально! Жүрген сол.
– Не жаңалық бар?
– Да так, особо ештеңе жоқ.
– Біз де ниче, пока бәрі жақсы.
– Балалар қалай?
– Үлкені — школға, кішісі садикке барады.
– «Большие дети – большие проблемы» десеңші!
– Не говори! Біз де жақында дочамызды ВУЗ-ға түсірдік. Үлкен ұлымыз үйленген. Свадьбасының өзіне біраз шашылдық қой.
– Ладно, мен асығыс едім.
– Жарайды, звондап тұр.
Дүкенде:
– Не аласыз?
– Маған екі килограммнан огурцы-помидоры, зеленьнен кішкене өлшеңіз, еще бір пачка чай мен коробка конфет беріңіз.
– Хорошо!
– «Активке» мың единица бар ма?
Есеп айырысар кезде:
– Мелочь жоқ па?
– І-і...
– Сдачаңызды алыңыз.
Қоғамдық көлікте:
– За проезд бере салыңыздар.
– Студенческий.
– Пенсионный.
– Проездной.
– Остановканы объявлять етпейсіз бе?
– Қазір Абая – Ауэзова болады.
– Назад проходим, орын бос қой.
– Следующая Жарокова. Заранее дайындаламыз.
Үйде:
– Пап, телевизорды өшіріп, видикті қосайықшы. Мультик көрейін деп едім.
– Тұра тұршы, ОРТ-да жақсы передача болып жатыр. Осыдан кейін новости басталады.
– Программада басқа не бар екен?
– Одан да сабағыңды оқы.
– Ертең суббота-воскресенье ғой...
– Мамаң не істеп жатыр?
– Кухняда обед істеп жатыр.
Түйін
Міне, бұл — біз күнделікті өмірде айтатын сөздеріміз. Өкінішке қарай, таза қазақпын дейтіндердің өздері осылай «тіл табысады». Соған қарамастан, қазақша білмейтіндерге өзімізше мұрын шүйіріп қараймыз. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіре беруге болады. Ал сіз орысша араластырмай сөйлей аласыз ба? Ең бастысы тіл тазалығы үшін күресті өзіңізден бастағаныңыз жөн.
Вот, көрдіңіздер ме, ана тіліміз уже бүлініп кеткен...