Әлбетте, қаржының басым бөлігі орыстілділерді қазақшаға оқытып-үйретуге жұмсалатыны анық. Біз бүкіл қажыр-қайратымыз бен қаражатымызды орыстілділерге қазақ тілін оқытып-үйретуге жұмсап, «солардан қайтсек еліміздің қазақтілді азаматтарын дайындап шығарамыз, ұлтымызға қайтіп қызмет еткіземіз» деп тыраштанып келдік. Кәне, нәтиже? Осы күнге дейін өз басым оқыту-үйретудің арқасында біздің тілімізді жақсы біліп шыққан біреуді көрсем, көзім шықсын. Бұл, әрине, өз пікірім. Алайда менімен көпшілік келіседі деп ойлаймын.
Біреулер біздің бұл пікірімізбен келіспей, «Тіл үйрету оқу-әдістемелік орталықтары мен кәсіби орта және жоғары білімді орысша немесе ағылшынша беретін білім ошақтарындағы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытып-үйрету пәнінің нәтижесі бар. Олардан мемлекеттік тілді үйреніп, жұмыс істей алатындар шығып жатыр» десе де, ондайларды қазіргі мемлекеттік қызметкерлердің арасынан еш таппай, тек телеарналардан қазақша сөйлеп жүрген бірен-саран өзге ұлт өкілдерін ғана алға тартары сөзсіз. Бұл дегеніңіз – өз-өзімізді көпе-көрнеу алдау ғой! Телеарналардағы қазақша сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдері сол қазақшасын оқу орындарындағы қазақ тілі пәнінің керемет оқулығы, үздік оқытушысы немесе олардың жаңа технологияларға негізделген әдістемесі арқылы үйренген жоқ. Олардың барлығы – қазақы ортада туып-өсіп, тіл меңгергендер. Ондайлардың өзі де елімізде соншалықты көп емес.
Енді, «Осы мәселеге кереғар таза қазақы ауылда туып-өскен өзіміздің қаракөздердің орысшаны тез игеріп, сөйлеп кетулеріне не себеп болып жатыр? Олар мектепте оқытылған орыс тілі пәні мен оның мұғалімінің арқасында орысша сөйлеп-жазуды үйреніп жатыр ма, әлде біз, қазақтар, тіл үйренуге ерекше қабілеттіміз бе, олай болса, орыстілді қандастарымыз «өз ана тілін» неге меңгеріп кете алмай жүр?» деген сияқты сұрақтар туындайды. Біздіңше, мектепте қазақтілділерге орыс тілін үйренудің негізі қаланса да, көп жағдайда одан тілді жатық біліп шығып жүргендер шамалы. Оларды да өмір үйретті, қажеттілік үйренуге мәжбүр етті. Тіпті кеңестік уақытта екі жыл әскер қатарында болғандардың басым көпшілігі ешбір оқытып-үйретусіз-ақ орыс тілін жап-жақсы меңгеріп оралатындығы да бұған дәлел. Бұл, әрине, қазақ мектебі оқушыларына орыс тілі немесе орыс мектебі оқушыларына қазақ тілі пәнінің пайдасы жоқ дегендік емес. Бұл пәндердің әр жеке тұлғаның қарым-қабілетіне қарай берері мол екені анық. Бірақ бізге дәл қазіргі уақытта қазақша аздап шүлдірлейтіндерді емес, нағыз қазақтілділердің санын арттыру маңызды болып тұр емес пе?!
Қазақ тілін тұтынушылар саны артса...
Меніңше, «Жергілікті атқарушы орган қызметшілері мен әлеуметтік жағдайы төмен қала тұрғындарынан тест алу және қазақ-ағылшын тілдерін үйрету курстарын ұйымдастыру және оларды қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету» деген сияқты т.б. мәселелерге қаржы бөлуді шектеу керек. Одан да оқушыларының және орта, жоғары кәсіби білім беретін оқу орындарының қазақ бөлімі студенттерінің санын арттырып, оларға білім-ғылымды, тәлім-тәрбиені қазақша беруге баса назар аударуымыз керек сияқты. Біздің ойымызша, сонда ғана қазақтілділер көбейеді. Бұл дегеніңіз – тілді тұтынушылардың саны артады деген сөз. Олардың саны артса, қазақ тіліндегі түрлі әдебиеттерге, газет-журналдарға, телерадио хабарларына, ғаламтордың қазақша сайттарына т.б. ақпарат көздеріне деген сұраныс күшейіп, олардың таралымы, ақпараттары көбейеді. Қазақ ақын-жазушылары мен қазақ газет-журналдары оқырмандарға, қазақ театрлары мен телеарналары көрермендерге, қазақша ғаламтор тұтынушыларға қарық болады. Керісінше, тіл үйретуді қажет ететіндердің саны біртіндеп селдіреп, «Оларға оны қалай үйретеміз, оқулық, оқу құралдарының сапасын қалай арттырамыз, оқытушылардың білім-біліктілігін қайтіп жетілдіреміз?» деген сияқты ұшы-қиырсыз машақаттан құтылып, халық қаражатын нағыз ділгір жерлеріне жұмсар едік!
«Орысша-қазақша» емес, «қазақша-орысша»...
Тағы бір мәселе. Жуырда www.mtdi.kz сайтынан «Тілге бөлінген қаржы желге ұшып жатқан жоқ па?» деген мақаланы оқып отырып қайран қалдым. Онда «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» дайындаған екі тілді сөздіктер жайы сөз болған. Сөздіктердің барлығы «орысша-қазақша» екен. Осыған орай, біз оқырманның назарын мынаған аударғымыз келеді. Ол – сөздіктердің кімге арналып құрастырылуы. Орысша-қазақша сөздік, негізінен, орыс тілін үйренушілерге арналады. Ал қазақша-орысша сөздік, керісінше. Кеңес уақыты кезінде жаппай орыстандыру саясаты мақсат етіліп, орысша-қазақша, орысша-қырғызша тағы басқадай да сөздіктер көптеп шығарылатын. Біздің қазіргі сөздіктеріміздің көпшілігі – орысша-қазақша сөздіктер. Демек, біз қазақ мектебін бітіріп, жоғары оқу орындарында қазақша білім алып жатқан студенттерді қазақша оқылған дәрістер арқылы алған білімдерін одан әрі толықтырып, бекітетін оқулық, оқу құралдарымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ете алмағандықтан, оларға жаңағы сөздіктердің, яғни орысша-қазақша сөздіктердің көмегімен орысша түрлі әдебиеттерді оқуға итермелеп, мәжбүрлеп, бірте-бірте тілдерінің орыстанып, өз ана тілінен жеріп кетулеріне жағдай жасап жүрміз. Бір қарағанда, бұл да қаракөздерге орыс тілін жетік меңгеру үшін жасалып жатқан игілікті іс-шара, қамқорлық сияқты көрінуі әбден мүмкін, бірақ қазақ тілін оқытып-үйретуге арналмаған. Бұдан шығатын қорытынды – біздің бүгінге дейінгі сан алуан орысша-қазақша сөздіктеріміз еліміздің мемлекеттік тілі болып отырған қазақ тілінің өрісін кеңейтуге аса бір септігін тигізе қоймайтын сияқты. Біз қазақ тілін үйретіп-оқытуға қаншалықты мол қаржы жұмсасақ, соншалықты жақсы нәтиже көруіміз керек еді. Әзірге олай болмай тұр.
Бейбіт ИСХАН, Абай атындағы ҚазҰПУ әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ-дың ғалым хатшысы, ф.ғ.к., доцент