Дүниеқорлық пен тойымсыздыққа бой алдырған адамзат бүгінде тек қаржылық дағдарысқа ғана емес, рухани дағдарысқа да ұрынып отыр. Баз біреулер мұндай тығырықтан шығудың жолы әлем өркениеттерінің сұхбаттастығы деседі. Алайда бас-басына белгілі бір мақсаттарды көздеген түрлі өркениеттердің бір-бірімен тату сыңай танытып, өзара жүргізе бастаған диалогтарының адамзатқа тигізер пайдасы қаншалықты?..
Біз қазір әлемде өркениеттер диалогы жүріп жатыр деп өзімізді-өзіміз жұбатқандай боламыз. Ақиқатын айтсақ, бұл өмірде өркениеттер күресі толастайтын түрі жоқ. Өйткені «әлемді мен билесем, менің үстемдігім жүрсе, тек менің өркениетім өрлей берсе, ала берсем, жаулай берсем, жайлай берсем» деген алпауыт елдер тек өз мүддесін алға қоятыны анық. Сондай-ақ әр елдің мәдениеті мен өркениеті тарихи құбылыс ретінде өзіндік ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне сай қалыптасатын болғандықтан, әлемде өркениеттердің тайталасы жалғасып келеді. Ал өркениеттер диалогы адамзатқа теңдік пен бауырмалдық әкеледі деген – тек біржақты пікір. Шындығында, мұндай диалог күші басымдар мен азулы мықтыларға өз мүдделерін іште сақтай отырып, дегендеріне жетуге септігін тигізбек. Олар халықаралық қатынастарды бейбіт түрде реттегенсіп, түбінде мәртебелерінің үстем болуын көздейтіні хақ. Шығыста аждаһа Қытай өз күшіне бек сенеді, Батысың озық технологиясымен әлемге үстемдік еткісі келсе, АҚШ пен Ресей айлаға басады дегендей, басқа да алпауыттардың әйтеуір сенетін бір тіректері бар. Ал біз немізге сүйенеміз?.. Ертең-ақ таусылатын мұнайға сенеміз бе, әлде байлығы игерілмей бос жатқан даламызға сенеміз бе? Экономикасы, әлеуметтік жай-күйі әлсіз, мәдениеті мен өркениеті де мәз емес бізбен кім санасады? Ғасырлар бойы қазақ халқы мекен еткен кеңістікте дала өркениеті қалыптасқан. Алайда біз заманның ағымымен, Батыстың сырқатын жұқтырып, солардың жолына түсіп өрлейміз дегенді өзімізге желеу етіп алғандаймыз. Иә, біз өркениет көшінен қалмау керекпіз, басқалардың тәжірибесімен бөлісіп, өзімізге керегін алуға да ұмтылғанымыз жақсы. Бірақ қазақ жерінде қазақ пен қазақ өз тілінде тілдесе алмай, еліміздегі қала мен ауылдың байланысын ретке келтіре алмай, тарихымызды зерттеуде біріміз – ары, біріміз бері тартып, ауызбірлігіміз болмай отырғанда әлемдік өркениетке қандай үлес қоспақпыз? Сондықтан, ең алдымен, «біз кімбіз» дегенді айқындап алмасақ болмас.
Біз кімбіз? Бүгінде осы сұраққа басқа тұрмақ, өзіміз бас қатыратын болдық. Неге? Себебі, ойланбастан «қазақпыз» деп жауап берейік десек, сыртқы тұлғамыз да, ішкі дүниеміз де қазақылықтан алшақтап бара жатқандай. Киіміміз – еуропаша, санамыз – америкаланған, тіліміз – ала-құла, дініміз – түрлі-түрлі, діліміз – әлсіз, мәдениетіміз жансыз болып тұр. Осындай күйде тұрған халқымызды өзге тұрмақ, өзіміз құрметтейміз бе? Сыртымыз жылтырап, ішіміз қалтырап, қалт-құлт етіп тұрған еліміз жаһандануға жұтылып кете барады.
Ерлан Сайыров, Мәдени саясат және өнертану институтының директоры:
– Еуразия кеңістігіндегі елдер мәдени сан алуандықты сақтауға ұмтылулары қажет, бiрақ сонымен қатар өздiгiнен оқшаулану әрекеттерiнiң әрқашан мәдени тоқыраумен аяқталғанын ұмытпаған жөн. Сондай-ақ аймақтық ынтымақтастық арқылы еуразиялық кеңiстiк, бiр жағынан, жаһандану үдерiстерiне белсендi қатысуға және екiншi жағынан, оның керексiз салдарын түзетуге мүмкiндiк алады. Дүние тарылып, ал байланыстар барған сайын қарқындана түскен жағдайларда, елдер арасындағы өзара ықпалдастық қажеттiлiкке әрi оның үстiне жалпыәлемдiк дамудың мәнi мен қисынына айналады. Әйтсе де мынаны мойындау керек, мемлекетаралық мүдделердi үйлестiрудiң құқықтық тетiктерi шалалығын ескергенде, ынтымақтастықтың пайдасы бұдан да көп болар едi. Сонда да болса еуразиялық өзара ықпалдастықтың тәжiрибесi, осы аймаққа кiретiн халықтар мен елдердiң экономикалық және мәдени мүдделерi үндестiгiнiң бiрегей мысалына айналуы мүмкiн. Бұл орайда, Шығыс пен Батыс арасындағы диалогты және өзара түсiнiстiктегi жаһандық деңгейде нығайтуға Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға 2010 жылы төрағалық етуi де бiрегей мүмкiндiк бередi.
Осының барлығы жеке аймақ және мемлекеттерде мәдени жаһанданудың келеңсiз жақтарына жауап беру тетiктерiн қалыптастырып жатыр.
Қаперге
Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында «қырғиқабақ соғыс» аяқталып, АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынастар ретке келе бастады. Бірақ философтар көп ұзамай Шығыс пен Батыс өркениетінің текетіреске түсетінін, соқтығысатынын болжады. 2000 жылы Ислам әлемінің көрнекті көшбасшыларының бірі, Иран президенті Хаттами бұл текетірестің алдын алу үшін қарама-қайшылықтарды диалог арқылы шешуді ұсынды. Бұл идея ЮНЕСКО-ның бағдарламасына енгізіліп, он жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Ой-түйін
Қалай десек те, пиғылы мен ниеті түзу емес Батысқа барымызды көрсетіп бағуға ұмтыла бермей, әлемдегі өзіміздің мызғымас орнымызды белгілеп, алдымен өз өркениетіміз бен руханиятымызды жолға қоюға тырысқанымыз жөн. Еуразиялық кеңістіктен бұрын Ортаазиялық кеңістікте Қазақстан өзін мойындата алса, ар жағында әлемдік өркениеттің де ауылы алыс емес. Сондықтан кез келгеннің жетегіне еріп кете бермей, халықтың көзін ашып, санасын оятып, жеке мүдде үшін емес, мемлекеттің, халықтың қамын ойлап, тілі бір, діні бір түркі жұртына ортақ өркениетке ұмтылуды мақсат етсек, құлдық санадан құтылар едік.