Ораздың соңғы суреті есімнен кетпейді. Ақ «Аудидің» қасында анасымен бірге тұр. Езуінде біз білетін әдемі күлкісі бар.
Дәл сол «Аудимен» аударылды.
Ол кезде Ораз 29 жаста ғана еді. Қазір қарап отырсақ, сол кездің өзінде Ораз кең толғап, кең қайырып жүріпті. Өз тұрғыластарынан әлдеқайда терең ойлапты. Жазушылар одағында шығарып салған жұрт Ораздың:
–Мәйітке біржола айналып,
Көрдің есігін қағарда,
Бір шумақ өлең оқышы.
Қабірімді менің қазарда,
Қаламымды орап бірге көм,
Бір жапырақ қағазға.
Ақымға мені саларда, – деп келетін «Қандыауыз тағдыр, қалайсың?» өлеңі оқылған кезде түгел аңырап кеткенін көрдік. Ақынды ажалға ешкім қимап еді.
Ораз кіп-кішкентай қара бала еді. Алғаш көргенде аузын томпитып ірі сөйлеуге тырысатыны, адамға барлап, зерттеп қарайтыны ұнамай, іштей жақтырмай қалатынбыз. Ол кезде Кеген мен Нарынқол – бөлек аудандар. Құдайдың құтты күні демесек те, ақындар айтысы жиі өткізілетін. Шарғын Алғазыұлының, Нұрбапа Өмірзақовтың, Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойлық жиындарында, екі ауданның малшылар слетінде, жас ақындар айтысында басымыз жиі қосылатын. Басына үкі қадаған қара бала көрерменнің айызын қандырып, алыстан толғап, кейде ұзақ термелеп, айтыстың бар келбетін паш етіп отыратын-ды. Нарынқолдық Ораз, Жұматай Әміреев, Бақыт Құтпанбаевтарды Хасен Саматыров пен Даубай Әбдісаев бастап келетін, біз Нәсілхан апай мен Молот Солтанаев ағайдың шылауында жүретінбіз. Жұрт әсіресе, Мақсат Жұмашев пен Ораздың айтысын асыға күтетін. Бірі – сорайған ұзын сары бала, екіншісі – қара қайыстай қатқан қара бала, бір-бірін әрнеге теңеп, жұртты қыран-топан күлкіге батыратын.
Тасашы ауылындағы айтыста екі жас ақын бір үлкен ақынға «жабылып», қызық айтыс жасадық. Даубай, Хасен, Бек, Медетхан ақындар біздің талауымызға түсіп, көрермен ұзақ уақыт қол соқты. Сонда Ораздың «Құлмамбеттен қалған құлынмын» деген толғауы алғаш айтылып еді. Ешқайсымызда жоқ мақаммен ұзақ толғағанда Мәдениет үйі жым-жырт тынып, ара-арасында гүрс етіп жарылып, алабөтен күйге түсті. «Қырғыз да менің өз жерім» деп бастап, күллі әлемді қазақтікі етіп шығарғанда, Оразға ырза болмаған жан жоқ. Ораз осылайша сол кездің өзінде өрелі ойымен дараланып еді.
Облыстық айтыста Ұйғыр ауданынан Бақыт Беделхан, Жақсылық, Дарқан қосылады. Автоклубқа тығылып алып, айтыс алдындағы дайындықты бастап кететінбіз. Сондайда Бақыт пен Ораз бәдік айтыс ұйымдастырып, бір-бірінің көзін, құлағын, бетін «ұрайын» жасап, думандатып отыратын едік. Ол да бір дәурен еді.
Қаракемердегі айтыста Ораз Еңбекшіқазақ ауданының Салтанат есімді қызымен айтысты. Өте әдемі айтыс болды. Қазылар екеуіне тең ұпай берді. Ораз содан бөгелмей финалдан бір-ақ шықты да, Мақсатпен сөз қағысты. Ой, бір керемет айтыс болды. Сол айтыстың шағын үзіндісін сол кездегі «Ұлан газетінің бас редакторы Сұлтан Қалиұлы газетке жариялады да. Салтанат қасымызда отыр. Бір кезде: «Мәссаған, мен мына баламен қалай айтысқанмын, сұмдық екен ғой» деп тұр.
Ораз осылайша жұрттың бәрін таңдандырып жүруші еді. Кейін үлкен өмірге араластық. Кейбіріміз айтысты мүлде доғардық. Ораз халықтың ықыласына одан әрі бөленіп, бір күнде бес ақынмен айтысып, жорғасынан жаңылмай келе жатты. Оның «Хайли-ли-ли-лау, хай-ли-ли-лау» деп бастап кететін мақамы көрермен санасына сонша орнығып, бір ерке, еркін ұлдың болмысын танытатын. Бір айтыстан теледидар ұтып алып, өзін алқаушы Жанарбек бастаған жігіттермен дуылдасып жүріп, теледидарды аялдамада қалдырып кеткенін үйіне жеткенде бір-ақ байқаған да Ораз досымыз ғой.
Әл-Фараби университетінде қызмет етіп жүргенінде сирек те болса ұшырасып қалатынбыз. Сонда бұрынғысынан әлдеқайда есейген, өте салмақты, әдемі әзіл айтқанда ғана көзі бір сызыққа айналып, риясыз күлетін досымызды көретінбіз. Өмір оны аяған жоқ. Жалғыз анасы сүйреп жүріп жеткізді. Үйдегі көп баланың ішінен суырылып шығып, алғаш жұрт аузына ілінген өзі болғасын да Ораз әулеттің баскөтерері іспетті болды. Бауырларына барынша көмектесті.
Бәрібір Оразды көрген сайын, оның жүзіндегі мұң табын байқамай қалу мүмкін емес еді. Отызға жетер-жетпес жасында өлім туралы толғап, «ақымға саларда өлең оқышы» деп жазған жанның жүрегіндегі мұңды өзі ғана әлдилеп өткенін енді ғана түсініп жүрміз ғой. Ақынның сұңғыла жүрегі келте-ғұмырдың көзден бұлт етіп аунап түсетінін де сезгендей болады да тұрады.
Ораз балаларына да аса мейірбан еді. «Ақсай» ықшамауданындағы кафеде өткен бір қарындасымыздың ұзату тойында Орекең қос құлыншағын қайта-қайта өбектеп, өзі микрофон ұстап тұрған кезде де көтеріп алып, жылы жымиып тұрған бейнесі де көз алдымызда. Кафенің алдында ұлы Нұрсұлтан арсалаңдап келіп асыла бергенде, ұлынан бұрын жүгіріп жетіп, аяғын балшыққа тигізбей қақшып алғанын күлкіге айналдырып, қыжыртқан едік. Сонда: «Осы бала дегеннің не екенін білмейтін кейбір жігіттер бізге баланы қалай бағуды үйрететін болыпты» деп біздің бойдақ жүріп қалғанымызды қағытып өткені де жадымызда қалыпты.
Өзін ұстаз тұтқан інілерін де Ораз қатты қадірледі. Бағдат, Ернат сияқты жігіттерді жанынан тастамай, білгенін үйретті. Орекеңнің бес жыл бұрын Тегістікте өткен еске алу кешін осы шәкірттері ұйымдастырып, балалар арасында айтыс та жасады. Сол еске алу кешінде жары Ажардың «Сағындым сені» әнін жылап тұрып айтқаны да санамыздан өшпек емес. Ажар да Ораздан кейін ажал пырағына ерте мініп кете барды...
Ораз бір өлеңінде «елге кетем» деп жазыпты. Бұл оның шыны еді. Ол айтыстан қол үзіп, халық әндерін зерттеуге бел шеше кірісуге тәуекел етіп жүргенін құлағымыз шалған. Ән өнеріне келгенде оның көкірегі өте қазыналы еді. Жетісу аймағын дүбірлеткен Садығожа, Шалтабайдың әндерінен бөлек, біз естімеген, тіпті халық жадынан өшіп қалған дерлік сазгерлердің әнін айтып жүретін. «Осының бәрін қайта аршимын» дейтін-ді. Сағатбек Медеубекұлы мен Базаралы Мүптекеев жинақтаған Жетісудың әндері мен күйлеріне Ораздың қосар үлесі аз болмайтыны аңғарылып-ақ тұратын.
Міне, сен өмірден кеткелі де он жыл аунады, Ораз... Бала күніңде бізге Ораз едің, халқың сені Оразалы деп аузын толтырып айтады әлі күнге. Еш ұмытпайды. Сен ұмыттырмайсың. Өйткені сен халық жадына өз есіміңді мәңгі таңбалап кеттің. Қанша есіліп сөйлесең де, есіліп толғасаң да сенің жүзіңнен өшпей тұратын мұң табы қазақтың жүзінен де әлі кете қойған жоқ. Байқағаным, қазақ сендей ұлдарымен мәңгі екен. Жасындай қысқа ғұмырымен туған халқын серпілтіп кететін сендей ұлдардың болғаны да жақсы екен.
Сондай болмысыңмен сен өз ұлтыңның әлеуеті сұмдық мықты екенін танытып кеттің. Бірде қырт, бірде сырт тіршілікті біз аманаттап алып, бірде бүк түсіп, бірде шік түсіп, алшы тұруға аяғымыз шыдамай, малтығып-ақ келеміз. Сондайда өзіңдей ақындықтан жаратылған жанмен құрдастай қатар жүргенімізді, достай сыйласқанымызды, үлкен өмірде арамызды алыстатып алсақ та, сені көп жағдайда медеу тұтқанымызды олжа санаймыз.
«Ұлан» газетінде жүргенімізде қызың Нұрайшамен сұхбат құрдық. Ақылды қыз болып өсіп келеді екен. Нұрсұлтаның да ат жалын тартып мініп қалды. Демек, сен барсың ғой, Ореке!
Бүгін біз сені еске аламыз. Осыдан тура 10 жыл бұрын ортамызды ойсыратып кеткен оғлан досымызды еске аламыз және мәңгі ұмытпаймыз...