Әдетте қоғамда мектеп оқулықтарының мазмұны мен сапасы жайында көп айтылып жатады. Ал жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдардың заман талаптарына сәйкестігі мен осы төңіректегі проблемалар жиі айтыла бермейді. Бұл мәселе еліміз инновациялық бағытқа ойысып, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға қадам жасай бастағалы бері тіпті өзекті болып отыр. Осы орайда алдағы күндері дәлірек айтсақ 2014 жылдың 17 сәуірінде сағат 15.00 Алматыдағы «Тұран» университетінің Мәжіліс залында Қазақстан Жоғары оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне арналған IХ республикалық конференция өткізілмек. Аталған ауқымды шараны Қазақстан республикасының Жоғары оқу орындары Қауымдастығы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жыл сайын ұйымдастырылатын конференциялардың мақсаты жоғары оқу орындарына арналған кітап өнімдерін ғылыми тұрғыда сараптан өткізіп, дайындау, аудару, басып шығару мәселелерін ортаға салу. Конференцияның күн тәртібінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2013-2014 жылдарды қамтитын Тақырыптық жоспар аясында базалық оқулықтар шығару мен шетелдік оқулықтарды мемлекеттік тілге аударылу ісінің орындалу барысы талқыланбақ. Сонымен қатар оқулық авторлары мен баспа ісін ұйымдастырушыларға арнайы марапаттар табыс етілмек.
Конференция қарсаңында біз Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті, профессор Рахман Алшановтың жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар шығарудың бүгінгі жай-күйі турасында сұраған едік:
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасын орындау мақсатында, жыл сайын Қазақстан жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша дәстүрлі түрде келелі конференция ұйымдастырылып келеді. Қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен тақырыптық жоспар бойынша жоғары оқу орындарына арналған әр саланы қамтитын оқулықтар шығару жолға қойыған.
Бүгінде еліміздегі ЖОО-ларда білім алып жүрген жасттардың 52 пайызы мемлекеттік тіл – қазақ тілінде білім алады. Алдағы жылдарда мемлекеттік тілде білім алатын жастар 70 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарына қазақ тіліндегі оқулықтардың қажет екенін айқындай түседі. Ресми есеп бойынша қазіргі күні елімізде 50 миллион кітап болса, мұның 8 миллионға жуығы ғана қазақ тілінде екен. Бұл – бізден қазақ тіліндегі оқулықтар мен кітаптарды көптеп шығаруды талап етеді.
Осы бағыттағы проблемаларды шешу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі нақты шараларды жүзеге асыра бастады. Бұл ретте жоғары оқу орындары үшін аса қажет базалық оқулықтарды басып шығаруға мемлекет бюджетінен бөлінетін арнайы қаржы көлемі жыл сайын өсіп отырғандығын айта кеткен жөн. Кейінгі кезде оқулықтарды дайындап, басып шығаруда, авторлармен бірлесіп жұмыс жүргізуде Қазақстан Жоғары оқу орындарының қауымдастығы нәтижелі істерге қол жеткізе бастады.
Өткен жылы Білім және ғылым министрлігінің тақырыптық жоспары бойынша 50 базалық оқулық, 26 шетел авторларының үздік оқулықтарын аудару көзделген болатын. Аталған жоспар негізінде мемлекеттік тапсырысты орындауға 18 ЖОО-дан 84 оқулық авторы (оның ішінде 22 авторлық ұжым) қатысты.Бұған қоса жаңа оқулықтар үшін 13 ЖОО-дан 37 тәжірибелі аудармашылар тартылды. Сонымен қатар жыл сайын мемлекеттік тілге АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей ғалымдарының ақпараттық технология, биохимия, машина жасау, геотехнология, физика, химия, математика, биология, биотехнология салалары бойынша шығарған оқулықтары аударылып келеді.
Конференция жұмысына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ЖОО-лардың ректорлары мен ғалымдары, ЖОО кітапханалары директорлары, баспагерлер, оқу-әдістемелік бөлімдердің мамандары, жаңа шыққан отандық және шетелдік оқулықтардың авторлары мен авторлық ұжымдар, аудармашылар, жалпы зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады. Конференция барысында тақырыптық баяндамалар жасалып, талқылаулар өтеді.
Ұйымдастырылып отырған конференцияның басты ерекшелігі, соңғы кездері еліміздегі жоғары оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі сапалық деңгейге кезең-кезеңімен көше бастағандығы болып отыр. Жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жыл сайын ұйымдастырылатын конференциялардың мақсаты жоғары оқу орындарына арналған кітап өнімдерін ғылыми тұрғыда сараптан өткізіп, дайындау, аудару, басып шығару мәселелерін ортаға салу.