Ботакөз Масалимова:
Қазақ би өнері дегенде, алдымен ауызымызға Шара Жиенқұлова апамыздың аты түседі. Одан кейін де бишілер болмады емес, бірақ ешбірінің шыққан биігі Шараның шоқтығына жете алмады ма, әйтеуір, үмітті болашақтан күтіп жүрген секілдіміз. Жә, ол — өз алдына бөлек әңгіме, әзірге біз бүгінгі балғын бишілер жайына көшсек. Бұл жолғы кейіпкердің есімі – Ботакөз Масалимова. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық Өнер академиясында тәлім алып жүрген он сегіздегі өнерпаз қыз қазірдің өзінде бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгеріпті.
– Ботакөз, бишілік өнеріне әдетте буыны қатпаған кезден баулушы еді, өзің бұл салаға қанша жасыңда келдің?
– Мен сегіз жасымда осы Алматыдағы №46 классикалық өнер гимназиясына бардым. Сол жерде балеттің алғашқы қадамдарын үйрендім. Бесінші сыныпқа дейін сонда оқып, ары қарай А.В.Селезнев атындағы хореография училищесіне түстім. Училище қабырғасында жүргенде-ақ байқауларға қатысуды бастадым, бірақ басында ешқандай орын ала алмадым. Тек 2008 жылы алғаш рет Қырымда өткен халықаралық байқауда бірінші орынға ие болдым. Қазақ, үнді және шығыс би түрлерінен өнер көрсеткен мені сол жерде биыл жазда Англияда өтетін бишілер байқауына шақырды. Бүгінде мен сол байқауға дайындық үстіндемін.
– Әңгімеміздің басында «өнер жолымды бидің классикалық түрінен, яғни балеттен бастадым» дедің. Ал байқауларға ұлттық билерден қатысқан сияқтысың. Соған қарағанда, қазір бағытыңды аздап өзгерткенсің-ау деймін?
– Иә, мен қазір мүлдем басқаша бағытта, яғни заманауи нақыштағы ұлттық билерге ден қойдым. Себебі қандай байқауда болсын ең бірінші ұлттық билер жоғары бағаға ие. Бүгінде мен қазақ, үнді, шығыс, гректің «Арагоста», белорус, орыс, украин т.б. көптеген ұлттың биін білетінімді сеніммен айта аламын. Мұның бәрі байқаулардың түр-түріне кез келген сәтте дайын болу үшін өзіме қажет.
– Ал қазақтың қандай билерін білесің?
– «Қоштасу», «Айжан қыз», «Томирис», «Кербез» т.б көптеген би түрлерін білемін.
– Сені би өнеріне жетелеп келген ұстаздарың кім?
– Училищеде алғаш дәріс берген ұстаздарым Гүлнар Әлиева мен Гүлнар Ғаббасоваларға алғысым зор. Ал, негізінен, о бастан мені биге баулыған – өзімнің туған анам, елімізге белгісі актриса Минура Масалимова. Байқауларда әрдайым менің жанымнан табылады.
– Өзің осы би саласында кімдерді темірқазық етіп ұстанып, соған жетуге ұмтыласың?
– Қазақ би өнерінің негізін қалаушы Шара Жиенқұлова, сондай-ақ Мая Плисецкая, Галина Уланова сынды балериналар менің кумирлерім десем болады.
– Қазір бишіліктен режиссураға бет бұрыпсың, яғни сол сала бойынша білім алып жатыр екенсің. Сондықтан бишілік өнерің жалғасын таппай қалып қоймай ма? Болашақта өзіңді кім ретінде көресің?
– Өнер жолын биші болып бастап, биші болып аяқтау шарт емес. Мен өзім үшін, ішкі жан дүниемнің рахаты үшін билеймін. Байқауларға қатысып, бимен атақты да болғым келеді. Бірақ онымен қалып қоймай, жан-жақты қырымнан танылу үшін режиссураны таңдадым. Ал биді режиссураның тасасында қалып қоймайды деп сеніммен айта аламын. Қайта менің хореографиядан хабардар болуым ертеңгі күні режиссерлік салама да септігін тигізбей ме? Себебі мен кино түсіріп жатсам, онда оның ішіне міндетті түрде биді қосамын.
– Талабыңа нұр жаусын. Бірақ осы биден қазір сен қандай да бір табыс табасың ба немесе ол тек өнердің осы бір түрін өлтірмеу үшін ғана керек пе?
– Қазір екі түрлі қимыл білсе болғаны, тойға шығып, табыс табатындар көп. Ал мен тойға шыға бермеймін, сонда да болса байқаулардан анда-санда «байып» қалатын кездер болады. Сондай-ақ алаңдарда, сарайларда өтетін үлкен концерттерге қатыссақ, сонымыздың еңбекақысын аламыз.
– Байқаудан алған ең жоғары гонорарың қанша болды?
– Қырымда өткен халықаралық байқаудан бірінші орын алғанымда, бірінші рет қомақты жүлде, яғни 3000 АҚШ долларын және Англияда өтетін байқауға жолдама алдым.
– Байқауларға қатысып жүргеніңде басқа елдермен салыстырғанда қазақтың биін жұртшылықтың қалай бағалайтынына және біздің биімізге берер бағасы қаншалықты дәрежеде екендігіне мән бердің бе? Әлде ойыңда тек жақсы билеп шығу ғана тұрды ма?
– Қазақтың биін қол шапалақтап жақсы қабылдады, бірақ әлем жұртшылығының көбі дерлік қазақ деген халықты танымайды екен. Сол жағы қынжылтты мені. Ал біздің биіміз, одан кейін әсіресе ұлттық киімімізге олар таңдай қақты. Әрбір ою-өрнекке мән беріп, тамсанғандары көрерменнің, тіпті сондағы түрлі елдерден келген өнерпаздардың көздерінен көрініп тұрды. Тағы бір қызықты айтсам, тіпті менің үнді биіне киген костюмім ұлттық бояуының қанықтығы, әдемілігі жағынан үндістандық бишілердің киімінен де асып түсті.
– Ал киімнің әдемілігі бидің бағалануында қандай да бір рөл ойнай ма?
– Би өнерінде дене сымбатымен қатар костюмнің де атқарар рөлі өте зор. Кез келген байқауда, тіпті концерттердің өзінде жұрт бишінің қимылынан бұрын бірінші киген киіміне жіті көз салады.
– Бишілердің ең басты қаупі не?
– Толып кету. Себебі артық салмақ бидің қимылына кедергі келтіргенімен қатар, көрерменнің де көзіне оғаш көрініп қалады. Содан соң бишілер қашанда аяғын қорғайды да жүреді. Бір аяғын сындырып алған биші одан кейін билей алмайды. Өйткені бар салмақ аяққа түседі.
– Әңгімеңе үлкен рақмет, өнерің өрге жүзе берсін!
Кейіпкер туралы:
• Мәскеуде өткен Халықаралық жастар шығармашылығы байқауының дипломанты;
• 2008 жылы Ялтада өткен Халықаралық жастар мен студенттер шығармашылығы байқауында бірінші орын иегері.