Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге байланысты облыс әкімі Б.Атамқұловтың төрағалығымен 2016 жылғы 19 қыркүйекте өткен мәжілісте аудандар мен қалаларға, шалғайда орналасқан елді мекендердің тұрғындарына мәдени қызмет көрсету мақсатында облыстық өнер мекемелерінің гастрольдік іссапарларын ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Осыған орай, 2016 жылғы 30 қыркүйек күні сағат 15.00-де әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында «ӨНЕРІМ САҒАН – АУЫЛЫМ» ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына - 25 гастрольдік сапар және «КІТАПХАНАЛЫҚ КЕРУЕН – 25 АУЫЛҒА» жобасы аясында облыстық 8 кәсіби театр, филармония, «Оңтүстік-Цирк», «Оңтүстікфильм» мекемелері мен облыстық кітапханаларды сапарға шығарып салу салтанаты өтті.
Бүгін «Өнерім саған - ауылым» гастрольдік сапарымен облыстық әзіл-сықақ және сатира театры Түлкібас ауданының Машат ауылына, облыстық қуыршақ театры Сайрам ауданының Ынтымақ ауылына, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Сарыағаш ауданының Тегісшіл, Таскескен, Жартытөбе, Төңкеріс, Қапланбек ауылдарына, Түркістан қаласының сазды-драма театры Кентау қаласына гастрольдік сапарларын бастап, «Кітапханалық керуен – 25 ауылға» автокеруені Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы кездесумен жалғасады. Әр мәдениет және өнер мекемесі облыстың барлық аудандарындағы 25 ауылға тоқтап, әр аялдамада спектакльдер мен концерттік, цирктік бағдарламалар, кездесу кештерін өткізеді.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін жалғасын табатын аталмыш жоба, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қорытындыланады.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сәдібеков Ұласбек Сәдібекұлы мен жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Парасат» орденінің иегері Мархабат Байғұт қатысып, ауыл-елмен жүздесуге аттанғалы тұрған өнер ұжымдарына ақ жол тілегін білдірді.
"Алаш айнасы"