Есімі алты құрылыққа кеткен Алаштың ардақты ақыны, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы жылдағы дәстүр бойынша 18 мамырдағы туған күнін Алматыда атап өтті. Осы орайда әдеби-мәдени шаралар Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Ұлттық кітапханада атап өтілді.
Биыл 77 жасқа толып отырған ақын алдымен «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтында» болып «Таза ел» деп аталатын мұражайдың ашылу салтанатына қатысып, тұсауын кесті. Университет ректоры, академик Тілектес Есполовтың тікелей басшылығымен құрылған жаңа мұражай экспонаттары, негізінен, Олжас ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған. Өзіне деген ерекше құрметке риза болған қайраткер ақын: «Таза ел – бұл таза жер, таза ауа, таза ұят және таза көңіл. Ал тазалықпен тәрбиеленген ұрпақтың келешегі зор болмақ. Меніңше, өзге де оқу орындарында да студенттер үшін осындай идеологиялық және рухани тәрбие орындары ашулы керек. Адам табиғатпен егіз екендігімен ерекшеленеді. Сондықтан да адам жоғары түсінігімен адам болғандықтан, жерді аялауға, оны қорлатпауға атсалысады. Бұған біздің гуманитарлық жағынан берген тәрбиеміз орасан пайдасын тигізетініне кәміл сенемін. Өйткені адам тек маман ғана болуы керек емес, сонымен бірге көңілі ашық жақсы адам болуы керек», – деп ағынан жарылды.
Бұдан соң Аграрлық университеттің спорт залында екі күнге созылған Олжас Сүлейменов кубогына арналған ардагер волейболшылардың дәстүрлі турнирі табысты өтті. Жеті команда қатысқан жарыста Олжекеңнің өзі жетекшілік етіп, құрамында ойнайтын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ардагерлер командасы жеңімпаз атанды. Университет қабырғасында осы шаралармен қатар, дарынды студенттер арасында «Олжас оқулары» ұйымдастырылып, ақын шығармашылығын қамтыған әдеби-сазды кеш болып өтті. Кеш соңында ақын университет ұжымы мен студент жастарға алғыс айтып, жаңа шыққан кітаптарына қолтаңбасын берді.
Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик:
– Университетімізде тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Бұл институтқа ақынның есімі жай беріле салған жоқ. Қайраткер тұлға осында оқитын ауылдан шыққан студенттермен жиі-жиі кездесіп тұруды әдетке айналдырған. Студенттермен кездесулерде Олжас Омарұлы бейбітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады. Олжекеңнің қол добы – волейбол ойынына құмарлығын дүйім жұрт жақсы біледі. Ақын студенттер арасында салауатты өмір салтының үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте ардагерлердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Биыл 77 жасқа толып отырған ақын ағамыздың спорттық киім киіп, жастармен бірге алаңға шыққанының өзі неге тұрады?!
Қайраткер ақынның университеттегі жүздесулері бұдан кейін 20 мамыр күні Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Үлкен залында жалғасын тапты. Осында Олжекеңнің қатысуымен «Кітап. Жазушы. Оқырман» деген атпен өткен шығармашылық кешке белгілі ақын-жазушылар, студент жастар мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өткен ғасырдың орта шенінде өлең өлкесіне өктем үнімен келіп, ұлттық тарихи жадының қайта жаңғыруына айтарлықтай ықпал еткен «орыстілді» қазақ ақыны, поэтикалық қуатының ерекшелігімен әлемді дүр сілкінтті десек те болады. Десек те, өлеңде өтірік айта алмайтын асқақ ақын, қалың оқырмандарының алдында қашан да кішіпейіл.
...Көмек қолын соза алмадым бәріне,
Мен Бір Құдай емеспін ғой, әрине.
Қауқар бар ма жалғыз-жаяу ақында?
Бар сұрақтың таба алмадым жауабын,
Қолдан келіп тұрса-дағы қалайда,
Адамдарды алдағам жоқ алайда...
– деп ақтарылатын ақадал ақын әңгіме арасында жаһанданған әлемдегі руханият жағдайы мен ұлт болашағы туралы, әдебиет пен мәдениет төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Кешті жүргізген көрнекті мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов Олжекең жайлы толғаныстарын ортаға салып, ақынның әлемдік әдебиетте алатын орны жайында тұщымды пікірлер айтты.
Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы ғалым:
– Біз үшін Олжас Омарұлын ақын деп қана тану аздық етеді. Олжекеңнің руханият кеңістігінде алатын орны тіпті орасан. Оның поэзиясының түркілік сарынмен астасып, ұлттық тамырымызбен жалғасып жатуы тегін емес. Меніңше, Олжекең – әлдебір тылсым күшке ие өзге бір рухани әлемнің өз өкілі. Ол не айтса да, нені жазса да адамзатқа қажетті ақиқатты тарихтың қойнауынан ақтарып, сана түкпірінен талдап алып шығады. Сонау Мәскеуде оқып жүрген бозбала шақтардың өзінде ол жас ақындарға тән жалаң лиризмге ұрынбай, үлкен тақырыптарға қалам сілтей бастады. Кеңес үкіметінің қытымыр саясаты қазақтың арғы тарихын парақтауға мұрша бергізбей тұрған қиын-қыстау кезеңдерде Олжекең ата-бабаларымыздың өткеніне үңіліп, көне қолжазбаларға зер салды. Көп ізденді, асықпай зерттеп ізденді және түйіп-білгенін шығармашылығы мен ғылыми еңбектері арқылы қайта жаңғырта білді. Сөзі мен ойы салмақты, білімі терең, таным көкжиегі кең тұлғамен қанаттаса, қаламдас болуды өз басым үлкен олжа деп бағалаймын. Олжас Омарұлы сияқты ерекше туған азаматтың есімі бүгінде қазақ елі ғана емес, әлемнің қай бұрышында да ардақталып жүр. Біз осыны бағалай білуіміз қажет. Олжастың ақындығына шабыт, ғылыми еңбектеріне жеміс тілейміз.
Кештің алдында ақынның өз бастамасымен құрылған «Олжас кітапханасы» баспа үйінен жарық көрген бірқатар жаңа кітаптардың көрме-сатылымы ұйымдастырылды. «Олжас кітапханасы» баспалар нарығында 2010 жылдың қазан айынан бері жұмыс атқарып келеді және осы уақыт ішінде 50-ден астам аталым бойынша кітаптар шығарып үлгерді. Баспаның қызметі әлем әдебиетінің, соның ішінде қазақ әдебиетінің (қазақ және орыс тілдерінде) озық үлгілерін басып шығаруға бағытталған. Баспа өнімдері еліміздің, қоғамның рухани дамуында, қомақты үлес қосып келеді.
Кеш барысында Бақытжан Қанапиянов, Сейдахмет Құттықадам, Дүйсенбек Нақыпов, Валерий Михайлов, Мыңбай Рәш, Леонид Гриш сынды қаламгерлер мен танымал тұлғалар сөз алып, ақынға деген өз ықылас-ілтипаттарын білдірді.