– Омар Һайамның «Наурызнама» рисаласының қазақша нұсқасын көпшілікке ұсындыңыз. Осы «Наурызнама» рисаласының тарихы жөнінде қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз.
– Ілім-білімнің сан саласын меңгеріп, аузы дуалы, сөзі уәлі ғұлама атанған Омар Һайам жұртшылыққа өзінің шайырлығымен, төрттағандарымен танымал. Шығыс әлемінде алғашқылардың бірі болып «Наурызнама» рисаласын дүниеге әкелген ақын. Мәлікшах Низам-ул-мүлік патша Омар Һайам және басқа да бірқатар ғалымдарды астрономия ілімін дамыту үшін қажетті ғарышхана (обсерватория) салуға шақыртып, оған жеткілікті қаржы бөліп, ғалымдардың жағдайын жасайды. Бірақ патша мен уәзір қайтыс болған соң, басталған құрылыс аяқсыз қалады. Мәлікшах Низам-ул-мүлік патша сияқты бұрын-соңды өткен патшалардың ғалымдарға көрсеткен қамқорлығы мен жақсылығын дәріптеп, кейінгілерге үлгі ету үшін Омар Һайам «Наурызнама» кітабын арнайы жазған екен.
– Бұл кітаптан қандай деректерді көріп, немен танысуға болады?
– Омар Һайам әрі тарихшы, әрі этнограф, әрі жұлдызшы, әрі шипагер тәуіп ретінде де мәшһүр еді. Сондықтан оның өмірден түйген таным-пайымынан тұжырымдалған бұл кітаптан Наурыздың тарихы, тойлануы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, аңыз-хикаяттарға қанығасыз. Әр жыл, әр кезеңде билік құрған Иран патшаларының әрқайсысының тұрмысқа қатысты енгізген бау-бақша егу, тоқыма өнерін дамыту, сәндік бұйымдар мен қару-жарақтар жасау, хош иісті майлар мен иіс сулар ойлап табу, қазба байлықтарды игеру сияқты көптеген жаңалықтарын баяндайды. Сондай-ақ Омар Һайам дүниеге келтірген «Күн тізбесі» қазіргі Григориан тізбесінен әлдеқайда дәл де анық. Осы тізбе бойынша Иран патшаларының Наурыз күнін қалай белгілегендіктерін және мейрамды қай мезгілде өткізгендіктерін тарихи дәлел-дәлдіктермен сипаттайды.
– Сіз сондай-ақ Қожа Әли Термізидің де «Наурызнамасын» тәржімаладыңыз. Оның рисаласының тарихы жөнінде не айтар едіңіз?
– «Наурызнама» әуелі араб тілінде жазылып, келе-келе басқа тілдерге де тәржімаланды. Алғаш рет бұл рисала 1915 жылы Ташкентте жарық көрген «Түрік тіліндегі рисалалар жинағы» атты кітапқа енген. Онда Хакім Әли Термізидің барлық пәндерді меңгерген аса үлкен ғұламалардың бірі екендігі, патшалар да, қарапайым халық та оның айтқан ақыл-кеңесіне ден қойып отырғандығы айтылады.
Хакім Әли Термізи еңбегінің алғы сөзінен «Алла Тағаланың берген өмірінің көбін аспан әлемі (астрология) мен жұлдыздар әлемін (астрономия) зерттеуге жұмсадым. Ай мен Күннің құбылып отыруынан көп сырларды анықтадым. Аспан жұлдыздарының орналасуын, Күнді айналып жүрген алып денелердің (Жер, Меркурий т.б.) шығу, бату, көріну, көрінбеу сәттерін, соған орай олардың айнала дүниеге ықпалын зерттеп, тәжірибеден өткіздім. Наурыздың келіп кіруіне байланысты сол жылы болатын өзгерістерді болжап, оны халыққа жеткізіп отырдым. Сол арқылы әр күннің жай-күйі қандай боларын тұжырымдап, аспан ілімін бір жүйеге келтіріп, үшбу кітабымды жаздым. Диқандар қай жылы қай дақылды егу керектігін, оның өнімі қалай болатынын да осы кітаптан анықтап, біліп алатын болсын. Рисаладан патша мен бұқара халықтың, сатушы мен алушының арасындағы байланыстың арақатынасын осыдан табады» деген жолдарды оқуға болады.
– Аталмыш еңбектің бүгінгі тұрмысымыздағы маңызы қандай?
– Ел игілігіне қажетті, әсіресе диқаншылыққа қатысты тұжырымдарды негізге алуға болады деп ойлаймын. Айна-қатесіз келмегенімен, оның мына тұжырымдарын көңіл қойып көруге болады. Мысалы, наурыз жексенбі күні кірсе, онда бұл жылы жеміс-жидек көп болып, қиянат-қылмыс атаулы аз болып, диқандар егіні мол өніп, ел тоқшылықта болады. Жыл басында арзаншылық, жыл аяғында қымбатшылық белең алғанымен, бұл уақытша ғана, тез өтеді. Халық арасында қарама-қайшылық туындап, оба ауруы тарайды. Күншығыс жақта қантөгіс болып, бірақ арты қайырлы болады. Егінді ерте еккен жөн.
Наурыз дүйсенбі күні кірсе, онда бұл жылы жауын-шашынды болып, жеміс-жидек көп болады. Бұл жыл саудагерлерге қиынырақ болады. Қоза егіні (мақта) жақсы, ал күнжіт, тары, қонақ орташа өнім береді. Қар мен жаңбыр жылдың басында көбірек болады. Таулы жерлерде зілзала болады. Қайсы бір палыздарды (қауын, қияр сияқты пәлек жайып өсетін) суық ұруы ықтимал. Бидай дәнінің дәмі тәтті болып тез піседі. Атқамінер, мансап иелерінің жолы болады.
Егер наурыз сейсенбі күні кірер болса, онда ол Марспен байланысты болады. Мереке-мейрам, той-қуаныш көбейіп, күннен-күнге азық-ауқат молаяды. Әйтсе де адамдар арасында ұрыс-керіс, зәбір-жапа аз болмайды. Күншығыс тараптағы патшаның машақаты көбейеді. Ерте егілген егін жақсы өнім беріп, кеш егілгендерін суық шалады. Бұл жылы жауын-шашын аз болғанымен, кейбір жерлерде сел қаупі күшейеді. Жеміс көп болуы нәтижесінде нарқы арзандайды. Кемтар, зағиптардың ахуалы онша жақсы бола қоймайды.
Наурыз сәрсенбі күні кіретін болса, онда ол Меркурийге байланысты болады. Қымбатшылық, ашаршылық, қантөгіс, қылмыс-қиянат көп болады. Бірақ ұзаққа бармайды. Көкөніс көп, ал дәнді дақыл қымбаттау болмақ. Сондай-ақ жылан, шаян, тышқандар да көбейеді. Жас балалар, зағип жандар арасында өлім-жітім жиілеп, есесіне саудагерлердің саудасы кеңейе түседі.
Ал наурыздың кіруі бейсенбіге тап келсе, онда ол Юпитерге байланысты болады. Кей жерлерде жеміс-жидек көп болып, кей жерлерде тапшыланады. Қар суы көп тасып, жаңбыр жиілейді. Патшалар мен өнер адамдарының жағдайлары жақсара түседі. Мұхиттар мен теңіздерде дауыл бәсеңсіп, кемелер өз бағыттарынан адаспайды. Саудагерлік дамып, әскердің де ахуалы жақсарады. Әйтсе де ел ішінде науқас адам саны артады.
Шолпан жұлдызына байланысты наурыз жұма күнге келіп кірсе, бұл жыл жауын-шашынды, күні суық, қысы ұзақ, жыл аяғы едәуір қымбатшылықта болады. Кеш егілген дақыл суыққа ұрынып, пайда бермейді. Әйтсе де ел тыныштықта болады.
Егер наурыздың кіруі сенбіге тап келсе, біраз өңірлерде қымбатшылық белең алып, оңтүстік елдерде қантөгіс, әскерлер қақтығысы көрініс береді. Күзге салым егілген дақылдар жақсы өнім береді. Жауын-шашын көп болып, қыс ұзаққа созылады.
Қалай болғанда да, Наурыз – халықтық мейрам. Сондықтан оның тарихи-тағылымдық, дәстүрлік сипатын бәсеңдетпей, ұлттық нақышын солғындатпай, түрлендіріп, өнегесінің өрісін кеңейтіп, кейінгі ұрпаққа бояуын қоюлатып, баянын тұрақты түрде жеткізу жағын қарастыру қажет.