Мұхаммед Хайдар Дулатидің ізімен

Ұлы баба зираты

Таяуда Құдай сәтін салып, Үндістан жеріндегі Кашмирге, ұлы бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің басына барып, тәу етіп қайттық. Ұзақ жылдардан бері менің көкірегімдегі арманымды түсінген Жандарбек есімді кәсіпкер азамат бар шығынды өз мойнына алып, мені бабаның жатқан жеріне апарып қайтатын болды. Көкейдегі ойдың жүзеге асқанына мен де шын қуанып, разы болдым.

Сринагарға сапар
Бірақ сөйтіп жүріп жеткен Сринагар елді мекенінен Мұхаммед Хайдар жерленген «Мазар и Салатин» зиратын жарты күн жүріп табанымыздан таусылып іздедік. Кім­нен сұрасақ та, иығын қиқаң еткізіп бұры­лып жүре береді. Бүкіл қазақ жеріндегі мазар атаулыны жатқа білетін біз­ге мына­лар­дың қылығы тіпті түсініксіз көрін­ді.
– Мекенжайын толық анықтап біліп алмаған екенсіз. Енді не істейміз? – дейді Жандарбек. Сринагарға барсақ, «Мазар и Салатинді» оп-оңай тауып алармыз деген үмітім бекер болыпты. Сринагар маңа­йын­дағы моғол бейіттерін аралай-ара­лай әбден қалжырап, үмітіміз үзілу­ге айнал­ғанда, қаладан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Ханпура деген қыстақтағы Саид Мұхаммед Бекир деген елге сыйлы ақсақалдың үйінен бір-ақ шықтық. Мұ­хам­мед Хайдардың осы Ханпурада оққа ұшқа­нын білгендіктен, бір табылса сол жер­ден табылар деп жанымдағыларды бас­тап келген мен едім. Үй толы қара сәлделі ағайын­дар екен. «Ассалаума­ғалайкүм!» деп сәлем бердім. Сәлемімді алған төрдегі жүзі сұсты ақсақал жанын­дағы орынды көрсетті.
– Мұсылмансыңдар ма?
– Әлхәмдулла, мұсылманбыз. Лә ил­ләһә илә Алла, Мұхаммед расул Алла! – дедім. Ешкім үн қата қоймады.
– Қайдан келдіңдер? Не мақсатпен жүрсіңдер? – деді қос сұрақты қатарынан қойып.
Біз Қазақстаннан келгенімізді айтып, XVI ғасырда Кашмир елін билеген Мұхам­мед Хайдар Дулатидің ұрпағы болатын­дығымыздан хабардар еттік.
– Сол кісінің зиратына барып, құран оқып қайтсақ деп едік, – дедім.
Мұндағылардың көбі Қазақстан жайын­да толық білмесе де, Елбасымыз Н.Назар­баевтың есіміне қанық екенін, мұсылман елдері оны мақтан тұтатындығын айтты.
– Сендер іздеп жүрген Мәлік Хайдар...
– Мұхаммед Хайдар Дулати! – деп түзеттім.
– Жоқ, сіз дұрыс айтқан жоқсыз. Оның есімі Мырза Мұхаммед Хайдар доғлот Қашқари болады, – деді қария өз тіліне икемдеп сәл бұрмалай. – Ұлы Зейін әл-Әбиденнен кейінгі көп өзгерістер жасап, Кашмир жерін қайта түлеткен ұлы реформатор. Біз оны құрмет тұтамыз. Кез келген адамға оның жатқан жерін көрсете бермейтініміз де содан, – деп қойды.
Тәуелсіздіктің қадірі
Белгілі болды. Сырттан келген адамға ұлы адамдардың зиратын көрсету үшін де мына қариялардың рұқсаты керек бол­ғаны ғой. Бұл бір жабайылық болып көрін­генімен, үлкендердің айтқаны бо­йын­ша сақ­талатын осы елдің бұлжымас заңындай әсер берді. Менің осы ойымды сезгендей:
– Бәрін де бақылап отырамыз, – деді қария. Сосын ойланып отырды да:
– Тәжікстан мен Қазақстанның арасы қанша жер? – деп сұрады. Не ойлап отыр­ғанын ұққандаймын. Мұхаммед Хайдар бабаның туған жері – Ұратөбе Тәжікстан жерінде. Бірақ бір Тәжікстан емес, бүкіл Үн­дістан, Иран, Ауған елдерінің қаһарман бабаларымыздың иелігінде болғанын қай­дан білсін? Ақиқатты бұрмалап, ұлы дала­ның қаһармандығын тарихтан тыс қалдыр­ған қасақана саясат емес пе?
– Қазір арадағы шекаралар алыстатып жіберді ғой. Ерте кезде олардың бәрі біздің бабалардың меншігінде болған, – деп жауап бердім.
– Аға-ау, кеш болды ғой, отыра береміз бе осылай? – дейді Жандарбек ты­қыршып. Қарияға қарасам, асығатын түрі көрінбейді. Тіпті алдымызға дастарқан жа­йылып, шай келе бастады. Амал жоқ, жайбарақат адам­ның кейпінде сөз бастадым.
– Байқап отырмын, Қазақстан деген елді білмейді екенсіздер. Сіздер 30 жыл бойы арпалысып, тәуелсіздік ала алмай отыр­саңыздар, біз – Ұлы империяның тұза­ғынан босап, 20 жыл бұрын Тәуелсізді­гімізді алған, еркін елміз. Сіздердің ел­деріңізге ке­ліп отырғанымыз да Алланың бұй­рығы шығар. «Қырықтың бірі – Қы­дыр» деген сөз бар бізде. Қадамымыз құт­ты «Қыдыр» біз болып, ұзамай тәуел­сіз­діктеріңізді алы­ңыздар. Осы тілекті дұға­мызға қосып жү­рер­міз, – дедім. Ме­нің орнықты үнмен айт­қан сөздерімді Делиден қосылған Зафар аударып отыр. Бай­қаймын, кең бөл­ме­дегі жандардың тү­нерген жүзінде жылу пайда болып, көздері нұрлана бастады. Қария орамалымен жасаураған көзін сүртіп, жүзіме дұрыстап қарады. Екі жігіт жүгіріп келіп сүйемелдеп, қарияны орнынан тұрғызды. Маңдайымнан иіскеп бата жасап, жүзіме үшкіріп дем салған қария даусы дірілдеп тұрып батасын берді. Бұл бір үлкен құрмет белгісі болса керек. Кашмир тілінде бір ауыз сөз айта қойып еді, жүргізушіміз Мұхаммед Ғұлам тізерлеп жақындады. Қолына қарындаш алған қа­рия қағазға әлденелерді жазып, оған ұсын­ды. Бұл кезде күн батып кеткен еді.
– Тәуелсіздік дегеннің қадірін білмейді екенбіз-ау, Бәке! – дейді Жандарбек жол бойы ойға шомып. Түнделетіп қалаға кір­дік. Әлгі қарияның рұқсатын алған жүр­гізу­шіміз иін тіресе орналасқан ескі қала­дағы «Мазар и Салатинге» тұп-тура алып келді. Түн болса да, Зейін әл-Әби­ден­нің анасы­ның мазары көзіме оттай басылды. «Осы! Күні бойы іздеген зиратымыз – осы!» – деп дауыстап жібердім қуанғанымнан.
Тал түбіндегі зират
Көзге түрткісіз қараңғыда қаптаған зи­рат­тың арасынан Мұхаммед Хайдар баба­мыздың бейітін қалай таппақпыз? Жандарбек пен Зафар оң жақтағы құлпытас­тарды аралап кетті. Кенет Әбсаттар аға­мыздың «Мазар и Салатиндегі бәйтерек» деген әң­гі­месі ойыма сап ете қалды. Түн қараң­ғылығында қабірстанның сол жақ түкпі­рінде қалқайып тұрған екі үлкен талдың сұлбасын байқадым. Көп ойланып тұрмай-ақ, бірден сол жаққа беттедім. Құлпытас­тар­дың ара-арасымен абайлап өтіп, жа­қын­дап келгенде, жүрегім аттай тулап қоя берді. Дәл соның өзі. Дегенмен әбден көз жеткізіп алмақ болып, қолшам­ның жары­ғымен түгел қарап шықтым. Уй­лиям Муркрафт пен Мир Иззатулла хан­ның қойған тасы. Тізерлеп отыра қалып, маңдайымды тигізіп, бетімді бастым. Тас­тың суық сал­қынымен бірге ғажайып бір леп білінгендей болды. Жандарбек пен Зафарды қол­шам­ның жарығын бұлғап өзіме шақырдым. Құран оқып болған соң, елден ала барған топырақты сеуіп, дала жусанын құлпытас­тың төр жағына қойдық. Кенет тып-тыныш тұрған бейіт басындағы алып тұт ағашы қатты соққан желмен тербеліп кетті де, күз­гі жапырағы төбемізден сауылдай төгіл­ді. Жаңбыр тамшылары тама бастады. Есіне әлденелер түсіп кетті ме, жоқ, әлде бей­мәлім бір сыры бар ма – делилік Зафар солқылдап жылады. Жан­дарбек екеуміздің де оңып тұрға­ны­мыз шамалы. Көз жасымды сүртіп, аспанға қара­сам, шөкімдей бұлт жоқ. Ай шалқа­сы­нан жарқырап жатыр. Түнгі моладай тып-тыныш деген сөздің мағынасын өмі­рімізде бірінші рет бастан өткеріп орнымыздан тұрдық. Қалған шаруаны ер­теңге қалдырмасақ, түнейтін жер­сіз қалатын түріміз бар. Осыған келісіп Ұлы бабаның құлпытасына еңкейіп маңдайы­мызды тигізіп жатқанда Жандарбек:
 – Аға, мынау иісті сезіп тұрсыз ба? – дейді. Бағана келгенде-ақ байқағанмын. Бірақ тым әсершілдене бермейінші деп үн­де­меген едім. Құлпытастың төменгі жа­ғынан болар-болмас қана сезілетін жұпар иісті тағы да құныға иіскедім. Жұ­мақтың иісі болар, сірә. Асыл бабаның аруағымен бірге келген лепті біз осылай сезіндік.
Қонақүйде кешкі ас ішіп отырып:
– Біз жат жерде қалған бабаларымыз үшін жыладық. Ал саған не көрінді соншама солқылдап? – деймін Зафарға қарап.
– Ол – менің де бабам, – деді Зафар.
– Қалай сенің бабаң болады? Сен үндіс емессің бе?
Зафардың жүзіндегі толғанысқа қара­ғанда, бұл сырын көп жариялай бермейтін сияқты көрінді. Кім біледі, жат жерде жүр­ген жандар аса сақ болады ғой деймін.
– Менің аты-жөнімнің соңында тұрған «мугал» деген атауға мән бермегенсіз ғой. Ол «моғол» деген сөз. Әкем – Ахмет Мугал, мен – Зафар Мугал. Ата-бабамыздан бері қарай осылай жалғасып келе жатыр.
– Онда сен біздің бауырымыз болдың ғой!? – деймін абдырап.
– Иә, біз бауырлармыз!
Кешегі Делиден кейін Сринагар түні салқын болды. Қалың көрпеге оранып, Каш­мирде табысқан Зафар бауырымызбен бір бөлмеде жып-жылы ұйықтап шық­тық.
Қараусыз қалған қорым
Таң ата ертелеп «Мазар и Салатинге» қай­та келдік. Ханша мазарының ар жа­ғын­дағы тас порталдың ішінде жергілікті елден шыққан әмірлер мен Зейін әл-Әбиденнің туыстары, ұрпақтары жатыр. Осылардың бәрін тездетіп аралап шығып, Мұхаммед Хайдар баба жатқан отбасылық зиратқа беттедік. Құлпытастың бас жағын­да өсіп тұрған шынардың артында тұрған алғашқы (1551 ж.) қойылған құлпытастың үстіңгі бөлігі жапсарластырған жерінен сырғып кеткен екен. Үш-төрт жігіт жабылып, орнына қоя алмадық. Мына түрімен ендігі екі-үш жылда құлпытастар бөлініп-бөлініп, әр бөлігі әр жерде қалатындай көрінді. Соншама жерден іздеп барған ұлы баба зира­тының мына жағдайын көргенде, көңіліміз алай-түлей болды. Бірақ кімді кінәларсың? Қамқорлығымызға аламыз деген жергілікті биліктің жайы мынау, ел ішіндегі бүлін­шіліктерден байтал түгіл, бас қайғы болып отыр. Елшілікте отырған жігіттеріміздің оған уақыты жоқ болар. Жалпы, олар мола күту үшін отырған жоқ қой онда. Кашмирдің басқа аймағын былай қойғанда, бір ғана Сри­нагардың маңайында үстіне ешкі тай­раңдап, сиыр жайылып жүрген моғол қо­рымдарының саны бес-алтаудан көп болмаса, аз емес. Солардың сыртын қор­шап, мал кірмейтін жағдай жасап қою – соншама көп шығынды керек етпейтін шаруа. Кешегі бізді соншама сандалтқан Кашмир жүргізушісі үлкендердің ақылы­мен сол қорымдарды әдейі аралатқан болар. Баба­ларының зираты қандай күй­де жат­қанын көздерімен көрсін деген шығар. Намыстары болса, ойланар, ел болса, бір шарасын жасар дегені шығар.
Ол жерден шыққан соң, тездетіп моғол паркіне тарттық. Дәл көлінің шығыс жақ жағалауында орналасқан бұл парк біреу емес, бірнешеу болып шықты. «Қайсысына апарайын?» деген жүргізушінің сұрағына: «Көне моғол паркіне апарыңыз», – дедім. Көп заманды көрген ескі хауыздардың жаға­лауындағы тас көшені бойлай түп-түзу етіп ағаш егіліпті, жалпы саны қы­рық-елу түп болса керек. Ағаштардың жуан­дығы соншалықты, екі-үш адамның құшағы жетпейтіндей өте жуан әрі төбесі көк тіреген зәулім. Бір ағашты дарылдатып арамен бөлшектеп жатқандардың жанына келіп, ағаштардың жасын сұра­дық. «Шамамен 450-470 жыл» деп жа­уап берді. «Мына тұрған ағаштардың бәрі де осылай кесіле ме?» деп сұрадық. «Әри­не, – деді әлгі жігіт, – мынадай алып ағ­аш­ты қашан құлай­ды деп күтіп тұрмай­мыз ғой енді».
 Демек, алдағы үш-төрт жылдың ішінде түгел құрып біткелі тұрған мына шынарларды ең болмаса деректі фильмге түсіріп алып қалуға жарамағанымыз ба? Құда­йым-ау, жауынгер бабаларымыздың өз қолымен отырғызған ағаштары, өз қо­лы­мен тұрғызған ғимараттары ғой мынау. Кашмирде бізге тікелей қатысы бар мынадай дүниелердің барын білу, далалық ба­ба­ларымыздың әлемдік мәде­ниет пен сәулет өнеріне қосқан осынша­лық­ты ең­бек­тері барын паш ету – бізді «көшпен­ді­лер», малдан басқа ештеңе білмейтін на­дан ел деп қарайтындарға айтылар нақ­ты жауап емес пе? Өзге емес, бізге тиесілі жәдігерлер емес пе!? Сәулет демекші, бұл жерде көне ғимараттар көп екен. Бола­шақ­та ұлы баба жайлы кино түсірмек ниетіміз болғандықтан, бұл ғимараттарды әр қы­ры­нан жан-жақты суретке түсіріп алдым. Айтпақшы, ұлы бабамыз туралы көп се­рия­лы фильмнің сценарийін жазып біті­ріп, «уһ!» дегеніміз сол еді, дағдарысқа бай­ланысты ендігі түсіретін фильмдеріміз екі сериядан артық болмайтын болыпты. Жөні дұрыс сценарий жоқ деп мәселе көтер­генде алдымызға жан салмаймыз. Ал да­йын тұрған сценарийді киноға айналды­ру­ға келгенде, неге сонша кедергі көп. Әл­де басқалай бір себептері бар ма? Ұлы тұл­ғаларға тым төмен түсінік­пен, қазақы пен­дешілікпен қарағанды қа­шан қояр ек­ен­біз?! Олардың орны әлемдік құрметтің төрінде тұр ғой. Сол биікке ұмтылудың орнына быртиып бұғына беретініміз неліктен екен!?
Кашмирді түлеткен баба
Мұхаммед Хайдар бабаның Бабыр патша мен Саид ханның жанындағы ең­бектері бізге мәлім. Ал енді Кашмир үшін не істеді? Ең бірінші, елдің жағдайын құл­дыратып жіберген Макарилер мен Чактар әулетінің күресіне тойтарыс берді. Олар­дың орынсыз салығынан елді босатып, солар­дың меншігінде бос жатқан ұлан-байтақ жерлерді кедей-шаруаларға алып берді. Бүкіл елді жұмылдыра отырып, мемлекеттің жағдайын үш-төрт жылдың ішінде адам танымастай етіп алға оздырды. Кашмир мемлекетінің кез келген соғысқа төтеп беретін өз әскерін құрды. Дербес билікті ал­ғанымен тұрмай, енді бүкіл Тибет өңірін бағындырып, қарақұрт­ша қыбырлаған қа­лың Қытай мен Үндіс­танның өзіне азу көр­сете бастады. Қа­һарлы Шершахтың ұлы Ислам шахпен келіссөз жасап, Пәкістан, Ауған, Иран елдерімен қарым-қатынасты орнына қойды. Ал бұл аралықта қаншама медреселер ашылып, қаншама ғимараттар салынды. Кашмирді еркін жайлап, пасық сенімдермен халық санасын улаған қан­шама секталар түп-тамырымен жойылды. Ел тойынып, ғылым мен өнер, мәдениет қарқындап алға басты. Кашмир көз аларт­қан жауларынан түгелдей құтылып, мамыражай іргелі де мықты мемлекеттің қата­рына қосылды. Әрине, түгел тізіп шығу үшін көп уақыт керек. Бар болғаны он екі жыл үшін осы аз ба? Ал егер көреген баба­ның түпкі мақсаты орындалып, Әбді­рашид ханмен бірлесе отырып, Кашмир мен Қаш­қар, Жаркент арасында қарым-қатынас орнатқанда не болар еді? Түгелге жуық ба­ғындырып ислам дінін мойын­датқан Тибет арқылы Қытайды қарама­ғына алу емес пе еді арғы ойы? Кешегі Сайд хан өсиет еткендей, Қазақ хандығы­мен одақты күшей­тіп, іргесін бірлесе отырып бірге қала­ғанда, болашақтағы тарих дөңгелегі мүл­де басқа бағытпен жүрер ме еді, қайтер еді?
Мұның бәрі – бұл күнде тек тәтті қиял ғана. Есіл ерді дегеніне жеткізбей орға құлатқан сол жергілікті билік өкілдерінің ұрпағы Саид Мұхаммед Бекир ақсақалдың тәуелсіздік алып, дербес отырған мемлекетімізге қызыға да қызғана қарауының астарында осындай өкініштер жатыр емес пе? Өйткені ол ақсақал Мұхаммед Хайдар Дулаттың өмірін қиып, орнын иеленген атасы Иди Райна, Хваджа Қажының опа­сыз­дығын білмей отыр ғой деймісіз? Білгенде қандай!
 Әрқайсысының арқасына ши жүгіртіп, бір-біріне айдап салып, бес айға жеткізбей Кашмир елінің тоз-тозын шығарған жоқ па? Тіпті енді ынтымағымыз бұзыл­май­ды деп жаппай қыз алысып, қыз бері­сіп, туыс­тық орнатқан Чактар мен Макари әуле­тінің құдалықтары да құтқара алмады ғой Кашмирді. «Мазар и Салатинде» бір-бір мәр­мәр­ді кеудесіне қойып жатқаны­мен, олар­дың бірде-біреуі Мұхаммед Хай­дар Дулаттай адамзат ұрпағының құр­метіне мәңгі бөлене алмайды. Ұрпақ­тары олар үшін қан­шама мазар тұрғызса да, олардың сал­та­наты моғолдар саябағына жете алмапты.
Қайтарда
Қасиетті даламыз талай ұлыларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін мең­ге­ріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазғанымен тұрмай, кейінгі ұрпақ­тар­ға мұра етіп қалдырды. Аты күллі әлем­ге жа­йылғандары да аз емес. Со­лар­дың бірі – бірегей тұлға Мұхаммед Хайдар Дулати. Ол туралы фильм түсіру еліміз үшін абырой болса керек еді ғой. Өз-өзімізге мен­сінбей қарап, өзгенің қаңсы­ғын тансық көр­гіш кембағал түсініктен қашан арыламыз!? Дағдарыс деген – жақ­сылық пен ізгі ниеттің орындалуын қала­май­тындар үшін жақсы сылтау болды ма дейсің кей кезде. Дағдарыстар жалғаса береді, бірақ әр қиындықтан үркіп, нағыз керегімізді кейінге ысыра берсек, кім болғанымыз?!
Делиден Алматыға ұшып келе жатып, осындай ойлардың шырмауына түсіп кетсем керек.
– Что желаете? – деген үн сыңғыр ете қалды. Басымды көтерсем, қасы-көзі қиыл­ған қазақтың әдемі қызы үстімнен төніп тұр екен.
– Так, что вы желаете? – деп сұрағын қай­талады.
– Бір стақан салқын су берші, қарын­дасым, – дедім. Жаңа ғана күндей күлім­деп тұрған қарындасымның түрі қат­қыл­дана қалды да, өте ресми түрде:
– Я вас не понимаю. Говорите по-русский! – деді.


Байғали Есенәлиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста