Танымал әнші Мұрат Қожа бірінші әйелімен ажырасуына жұрт айтып жүргендей жас қыздың қатысы жоқ екенін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Қарақатпен шай» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Нұрлан мен Мұрат» тобының солисі арада көп уақыт өтсе де, бірінші әйелімен ажырасуына не себеп болғанын айтқысы келмейтінін жеткізді. Десе де, арада жанжал туып, әйелінің қыздарымен араластырмай қойғанын жасырмады. Тіпті, мұны сот арқылы жүзеге асырғысы келген екен.
«Жоқ, бұл жерде менің ажырасуыма Әйгерімнің ықпалы болған жоқ деп айтуға болады. Өйткені, мен «Әйгерімге үйленгелі жатырмын, сол үшін ажырасуым керек» деп кеткен жоқпын. Ажырасуымызға ешкімді кінәламаймын. Бұл – өзіміздің шешіміміз. Іште болып жатқан нәрсені ешкім көрген жоқ. Мен оны айтқым келмейді және айтпаймын. Өмірдің жазуы, тағдыры осы, өкінбеймін», - дейді әнші.
Сондай-ақ, Мұрат Қожа әлі күнге дейін қыздарымен қарым-қатынасының бұрынғыдай жақсармағанын жеткізді. Айтуынша, бұған сатқындық туралы естіген әңгімелері себеп.
"Бір әңгімесінде қыздарым "Сен бізді сатып кеттің" деп айтып қалды", - дейді жұлдыз.