Алматыдағы Студенттер сарайында үстіміздегі жылдың 11 ақпанында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Соғады жүрек» атты ән-жыр кеші өтеді.
Былтыр елімізде Мұқағалидың 80 жылдығы республикалық деңгейде, кең көлемде аталып өткені белгілі. Бұл кеш сол мерейтойлық шаралардың заңды жалғасы іспетті. Ақын шығармашылығын арқау еткен ән-жыр кешін Қазақстан Жазушылар одағы, «Еламан» продюсерлік орталығы және «Халықаралық Мақатаев қоры» бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Қазақстандық ақын-жазушылар мен өнер жұлдыздары қатысатын концерттік бағдарлама алдында Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты арнайы көрме ұсынылмақ. Кеш бір күнде екі рет: 15.00-де және кешкі сағат 19.00-де өткізіледі.