Жаңа технологиялары күн сайын жаңарып жатқан ғасырда ұялы байланыс телефонын тұмар етіп тағынып, компьютерін жастық қылған бүгінгі буынның жас өскіндеріне ұлттық құндылықтарымызды сіңіреміз десек, заманға сай әрекет етуге тиіспіз. Яғни қолда бар рухани мұраларымызды ақпараттық технология жетістіктерімен әдемілеп «ораған» соң, жастардың телефонына түсіріп, компьютеріне салып беруіміз керек.
Осы мақсатта жүзеге асқан шоқтығы биік бір игі іс «Абырой» қазақ тілі мен мәдениетін дамыту қорының тікелей мұрындық болуымен жүзеге асты. «Абырой» қоры «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын тұңғыш рет электрондық аудио-кітап нұсқасында жарыққа шығарып, кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада тұсауын кесті. «Абырой» қорының төрайымы Бибігүл Жексембайдың атап өткеніндей, бұл жұмыстарға Мұқағали атындағы қор да қол ұшын созып, жеке отбасылық мұрағатта сақталған көптеген құнды дүниелерін ұсыныпты. «Мемлекеттік қорда жатқан Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқыған бірнеше өлең-жырлары қосылып, ақынның белгілі-белгісізі бар, 400-ден астам өлеңі арнайы іріктелген актерлердің оқуында енгізілді. Бір жылға жуық істелген бұл жобаға үлкен шығармашылық топ атсалысты», – дейді Бибігүл Нұрғалиқызы. Әдемі мұқабамен тысталған екі аудио-бейне дискіні тыңдаған адам бұған бірден көз жеткізетіні анық. Аудио-дискі ә дегеннен-ақ құлаққа жағымды қоңыр үнімен бойыңды билеп алатын, өлең құдіретінің тереңіне қарай тарта беретін ақынның өзі оқыған, Алтын қорда сақталған өлеңдерімен басталып, театр әртістері нақышына келтіріп оқыған өзге де көптеген шығармаларын қамтыған. Және соның бәрі арнайы жазылған музыкамен әрленген. Ал екінші дискі кәдімгі электронды кітап түрінде жасалған. Әр бетін компьютеріңіздің тінтуірімен (мышка) қолмен ашқандай парақтай отырып, Хантәңіріндей алып ақынның жырын құныға оқи бересіз.
Осындай игі шаруаның тұсаукесеріне ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев, Мұқағалидың көзін көріп, жырын тыңдаған Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов, Шәкір Ыбыраев сынды белгілі ғалымдар қатысып, қызықты естеліктерімен бөлісті.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, «Абырой» қорының директоры:
– Қазір ХХІ ғасыр жаңа технологиялар ғасыры десек, онда біз бүгінгі жастарға қазақтың мол мұрасын осындай жаңа деңгейде жеткізуге тырысуымыз керек. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, Алтын қорда жатқан дүниелерді халыққа ұсынатын болсақ, бұдан тек қана мәдениетіміз емес, жалпы, еліміз ұтары сөзсіз. Өйткені өлең, жыр – адамды ойлантатын ерекше қасиетті дүние. Сондықтан тек ән мен күйді ғана емес, музыкамен әрленген өлең-жырларды да тыңдайтын болса, жастарымыз ойланады, ұмтылады, жаны жақсылыққа жақын болады деп ойлаймын. Бұл – біздің алғашқы бастамамыз ғана. Болашақта басқа да ұлы ақындарымыздың өлең-жырларын осындай аудио-дискілер арқылы жұртшылыққа жеткізетін боламыз деген сенімдемін.
Балғымбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын:
– Мұқағали ағамыздың өлеңдерін оқығанда толқымайтын, тебіренбейтін қазақ жоқ. Бірақ оны өз дауысымен естігенде немесе театр актерлерінің оқуында тыңдасақ, тіпті ерекше әсер қалдырады. Сол өлеңнің ішкі иірімдері мен толқындары дауыспен жеткізіліп, көз алдынан өтіп жатса, ол өлең тыңдаушысына айрықша әсер беріп, жатталуға да оңай болады. Осы жағын ескерсек, өте бір сәтті жоба іске асты деп ойлаймын.
Шәкір ЫБЫРАЕВ, Түркі академиясының президенті:
– «Заманына қарай – амалы» деген сөз бар ғой. Қазіргі заманда ұлы тұлғаларымызды танытудың тәсілдері, амалдары өзгерген болса, онда соған лайықтап оның электрондық кітабын жасау – бұл да бүгінгі күннің талабы. Өйткені Мұқағали – біздің заманымыздың заңғар ақыны. Қай ұрпақтың болса да, бүгінгі немесе алдағы уақытта қандай заман келсе де, Мұқаңнан үйренетіні, алатын тәлім-тәрбиесі, өнегесі мол. Сондықтан да бұл істі өте қажет, игілікті шаруа деп білемін.
Мұқағали өлеңдері тұңғыш рет аудио-кітап болып шықты
Последние статьи автора