Мұқағали музейде емес, әрбір жүректе «өмір сүруі» керек!

Мұқағали музейде емес, әрбір жүректе «өмір сүруі» керек!

Осыдан 79 жыл бұрын ақ қарлы ақпанда аспанмен астасқан Хантәңірі шыңы шыр ете түскен сәби үнімен жаңғырып кеткен-ді. Елшен бүйрек елі ол кезде дүниеге ерекше жанның келгенін, кейін оның Қарасазды қалың қазақ елін былай қойғанда, дөңгеленген дүниеге танытатын ақиық ақын болатынын қайдан білсін?!. Қанша қиын болса-дағы өлеңге адал болуды өзіне өмірлік мұрат еткен Мұқағали ақын көзі тірісінде-ақ талайларды мойындатып, ал өмірден озған күннің ертесіне-ақ еңбектеген баладан еңкейген қарттың аузындағы жыр шумағына айналды.

Қай істі болсын тұқым аузына тірелгенде бір-ақ қолға алатын қазақы менталитетті бұл жолы белден басып, келер жылғы 80 жылдыққа дайындықты бір жыл бұрын бастап жіберген Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов болды. Тіпті бораған қар мен бұрқасын желге қарамай, қыс ортасы зиялы қауым мен баспасөз өкілдерін әкім ақын ауылы Қарасазға шақырды. «Сен менің еліме бар, жерімді көр» деген Мұқағали үні құлаққа келіп, қара шалғынын қар басқан Қарасазға жеткенше асықтық. Қайнаған тірлік базарынан шалғай жатқан қоңырқай тірлікті қараша ауыл қысы-жазы ақынның кіндік қаны тамып, ізі қалған жерлерді көруге келетін жұртты күтіп алып, шығарып салудан жалықпаса керек.

Мұңайған музей
Қай кезде де ат басын тіреген жұрттың ауылдағы алғаш бас сұғатын жері Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі екен. Бізді де сол үрдістен жаңылдырмай, киелі мекенге бастады.

Облыс әкімі Серік Әбікенұлы бастаған қауымның құрамында зиялылардан кезінде Мұқағалидың досы болған, ақынның мұраларын жинап, бүгінге  жеткізуші Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Оразақын Асқар, «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын Батық Мәжитұлы, ақын атындағы қоғамдық қордың төрайымы Бақытгүл Айдарова және Алматы мен облыс орталығы Талдықорғаннан келген баспасөз құралдарының өкілдері болды. Алғаш ақынның 60 жылдығына арнап, яғни 1991 жылы салынған музейде бүгінде 817 экспонат бар көрінеді. Солардың ішінде көзге ерекше жылы ұшырағаны – табалдырықтан аттағанда оң жақта үстел үстінде тұрған ақын туған үйдің шағын макеті.

«Біздің үй болатұғын осы арада,
Жататын бұлақ ағып босағада.
Орны да өшейін деп қалыпты ғой,
Өтіпті көп уақыт тоса ма алда?
Қазына болмаса да қамбасында
Қарық боп отыратын нанға, суға.
Түтіні кернейінен түзу шығып,
Жалғыз үй жарбиятын жар басында», – деген жыр жолдарына арқау болған қарапайым ғана жер үйдің бүгінде, өкінішке қарай, орны ғана қалыпты. Музей ішінде сондай-ақ сәби Мұқағалиды анасы алғаш бөлеген талбесік, көңіл хошы болмай мұңайған шақтарында қолына алар қоңыр домбырасы, ақынның көз майын тауысып жазған жыр парақтары, бір кездері иығынан түспейтін шапандары, мұқабалары көнерген кітаптары мен қоңыр портфелі. Осылардың барлығы келген-кеткен қонақтардың арасынан иесін таппай мұңайып қарап тұрғандай көрінді маған. Мұңаюларының бір сыры иесін жоқтау болса, екінші сыры олардың күтімсіз, шаң-тозаң арасында қалғаны болса керек. Музей ішін аралап шыққан облыс әкімі Серік Үмбетов музейге қатысты ойын алдымен кіріп келе жатқандағы Мұқағали бюстінің пәстігінен бастап, еңселі ескерткішпен алмастыру керектігін айтты. Содан соң музей ішіне енгеннен еңсені басатын сұр түсті қабырғалардың түсін өзгертуді, тіпті мүлдем басқаша, бүгінгі заман талабына сай келетіндей күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін қадап айтты. 80 жылдық мерейтой қарсаңында музейді күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 90 миллион теңге қаржы бөлінсе керек.

Ақын ұлының арқасында ауыл жаңарып қалатын болды
Берісі бес, арысы алты сағаттық жолды басып келген қауымды жинаудағы облыс әкімінің негізгі мақсаты – «мерейтойды қалай өткіземіз, алғашқы дайындықты неден бастау керек?» деген ақылдасу алқасын өткізу болатын. «Тойдың болуынан «боладысы» қызық» дегендей, Мұқағали Мақатаев сынды қазақтың беткеұстар мақтанышы, ұлттың ұлы перзентінің мерейтойын қашан, қай жерлерде, қалай тойлау керектігін, алдын ала нендей жұмыстарды қолға алу керектігін облыс әкімі Серік Әбікенұлы өзі шеше салмай, зиялы қауыммен, ел-жұртпен кеңесуді дұрыс көріпті.

«Жалғыз үй жарбиятын жар басында» деген жыр жолдарына арқау болған Мұқағалидың үйінің макеті

Серік Үмбетов, Алматы облысының әкімі:
– Ақынның кіндік қаны тамған жері Қарасазда ел зиялылары, ақын мұраларының жанашырлары кезігіп отырмыз. Елдегі ең үлкен мәселе – мәдениет сарайы, мектеп, Мұқағали музейі, содан кейін ауылға келер жолды – барлығын күрделі жөндеуден өткізуге қомақты ақша бөлінді. Соған нақты қай салаға қанша қаржы керектігін шешіп, бүгінде тиісті орындар мен мамандарға тапсырма беріледі. Әрине, Мұқағали Мақатаевты қолдау  қазақ халқының өнерін, ақындар мен қаламгерлерді қолдау болатыны түсінікті. Мұқағалиды зерттеу, өзіне лайық бағасын беру әлі алда, соның біршамасы осы келер жылғы мерейтойында болады. Сол үшін де бүгін жұртты жинап, осында келген жағдайым бар...

Сәби Мұқағалиды анасы алғаш тербеген талбесік пен ақынның қоңыр домбырасы

Жақсының қашанда шарапаты тиетіні белгілі, талантты ұлының арқасында Қарасаз біраз түлеп, түрленетін болды. Музейге бөлінген 90 миллионды айтпағанда, ауылдағы Өнер мектебіне 50 миллион теңге, мәдениет үйін жөндеуге 100 миллиондай теңге бөлініпті. Әсіресе  ауыл жұрты Сарыжаз – Қарасаз – Текес ауылдарына баратын жолдар мен Қарасаз ауылының көшелеріне жарық шамдары орнатылып, абаттандырылатынын естігенде, төбелері көкке көтерілгендей бір серпіліп қалды.

Осындай жақсы жаңалықтармен қуантқан соң әкім келген жұрттың ұсынысын тыңдады. Оразақын Асқар ортаға шығып, әлгінде музей ішін аралап жүргенде көзге қораш көрінген жайларды, атап айтқанда, музейдің ішінің жүйесіз безендірілгенін және де бұйымдардың күтімсіз қалғанын қынжыла жеткізді. «Абылайханның шапанын тауып, қалыпқа келтіріп жатқан заманда, осы бертінде өмір сүрген Мұқағали шапанының көріксіз кейіпте тұрғаны өкінішті. Сондай-ақ оның құнды суреттерін қабырғаларға жапсыра салғандарың қалай, арнайы рамкаға салу керек қой», – деп музей басшылығына біраз базына айтты. Осы орайда сөз алғандар қатарында «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы да болды. Бір өкініштісі, алқалы жиын соңы кінәліні іздеп, тырнақ астынан кір іздегендердің дауына ұласып кеткендей болды. Сол тұста ұсақ-түйектіктен ірілік пен бірлікке қайта шақырған Серік Әбікенұлының сөзінен кейін «Алаш айнасының» атынан ұсыныс айтуға біздің де ортаға шығуымызға тура келді.

«Алаш айнасының» ұсынысы

1-ұсыныс:
ХХІ ғасыр – ақпараттық тасқын ғасыры. Сондықтан оған өзіне сай қарумен бару керек. Осы орайда жас буын Мұқағалидай ақыны барын білуі үшін оның отты жырларын жатқа оқып, Қарасаздай ауылда ақын атындағы музей барын білуі үшін Мұқағали Мақатаев сайтын ашу керек. Сонда барып кітап аша бермейтін, газет-журнал оқуға уақыты жоқ жастар интернет арқылы өз ақынын танитын болады.

2-ұсыныс:
Қазақ руханиятының қара шаңырағы Қазақ радиосында бір кездері, яғни 1954-1962 жылдары Мұқағали ақын да қызмет еткен. Сол жылдары оның өз аузымен оқыған өлеңдері радионың Алтын қорында әлі күнге сақтаулы тұр. Музейге кіргенде, Мұқағали өз дауысымен өлеңін оқып тұрса, келген жұрт ерекше рухтанып қалар еді.

Сонымен  барша қазақты Қарасазға сабылдыртып, Төлегенше айтсақ, «кемпірлерге қыз күнін сағындыратын» осы «бір той» бір жыл бойғы дайындықтан соң, 2011 жылдың 2 шілдесінде дүркіреп өтетін болды. Нағыз «шабам деген жігітке ат беретін», «жанам деген жүрекке от беретін» тойды көрген де, көрмеген де арманда болатын сыңайлы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста