Мұғалімнің сурет көрмесі өтуде
Тәуелсіздік тойына қылқалам шеберлері де тарту жасап отыр. Алматы облысы Панфилов ауданының орталығы - Жаркент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет галереясына келушілер суретші Ақан Оймауытовтың туындыларын тамашалауда.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап ұйымдастырылған көрмеде пәлсәпалық иірімдермен астаса бейнеленген қазақ халқының азаттық жолындағы күрескерлік тарихы, туған жер суреттері, елдің салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі көрермендерін тәнті етеді. Кенепке салынған «Орбұлақ шайқасы», «Шоқан – Жаркент өңірінде», «Шоқан және оның өмірі», «Айсара мен Шоқан» туындылары, «Нәубет жылдары» сериялы суреттері Үлкеншыған орта мектебі мұғалімінің кең тыныстылығын танытып отыр. Еліміздің жетістіктерін тақырыбына арқау еткен суретші соңғы он жыл көлемінде бірнеше рет жеке көрмесін ұйымдастырып, еліміздің өзге де өңірлеріндегі көрмелерге қатысқан.
Сурет салумен қатар, ағаш пен тастан мүсін қашайтын Ақан Оймауытов қазір туған өлкедегі тарихи құндылықтарды, көне дәуірден қалған жәдігерлерді жинақтап, зерттеуге де ден қоя бастады. Мәдени мұра жанашырының бұл бастамалары игілікті іске түрткі болғанын да атап өту керек. Жақында Қазақстан көркемсурет академиясының ұйымдастыруымен Жаркент өңіріндегі петроглиф суреттерді зерттеуге халықаралық экспедиция жасақталып, экспедиция мүшелері Жаркент жайлауларының тастарындағы жазулар мен суреттерді, табиғат бейнеленген көріністерді картаға түсіріп қайтты.