Қазақтың қара домбырасының тарихы тым әріден басталатындығын айғақтайтын, қазіргі Моңғолия жерінен табылған мына көне домбыра туралы екі-үш жыл бұрын мерзімді басылымдарда жарияланған болатын. Оқырмандардың сұрауы бойынша біз осы жаңалықты тағы бір жаңғыртып, көне жәдігерді алғаш зерттеп, қазақтың қасиетті қара домбырасының түп атасы екенін дәлелдеп, ғылыми сараптама жасаған ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының пайымдарын жариялауды жөн көрдік.
Бұл домбыраны әу баста моңғолдың Дандар деген бір шопаны 2008 жылы Моңғол Алтай жотасының бір сілемі – Жарғалант-қайырқан тауына мал жайып жүріп тауып алады. Ол тауда ілбіс көп болып, малға, адамға шабатындықтан, жал ел аяғы тие бермейтін жер екен. Ал 2008 жылы Орталық Азияда, Моңғолияда үлкен жұт болғаны мәлім. Сол жұтта малын шөбі шүйгін деп әлгі тауға жайып жүріп, шопанның көзі бір үңгірге түседі. Үңгірге барып кіргенде қабырғаға сүйеулі бір ағашты көреді. Жай ағаш емес, саз аспабы секілді болғасын алып, ауылындағы мектептің тарих мұғаліміне апарып көрсетеді. Сосын тарих мұғалімін ертіп келіп, үңгірді қайта қарап, ішін түртінектеп қазып көргенде, қорамсақ шыға келеді. 21 жебесімен. Содан бұған тиіспейік деп, археологтарды шақырады. Олар бір жеті қазып, табылған жәдігерлерді Ұлан-Батырға әкеледі. «Содан бір жұмадан кейін осы жақтан экспедициямен мен бардым. Бірақ бастапқыда олар менен қызғанып, көрсеткілері келмеді. Дегенмен «тілін тауып» сөйлескесін жібіп, әлгі табылған саз аспабын көрсетті. Қарасам, өзіміздің шығыстың абай-домбырасына қатты ұқсайды. Тек мойыны майысып қалған. Моңғолдар оны өздерінің «ат-қобызы» («Морин-хуур») дейді.
Бірақ онысына мүлде келмейді, – деген Қаржаубай Сартқожаұлы аспапты айналдыра қарағанда, оның тоғыз пернелі, қос ішекті домбыра екеніне шүбәсі қалмағанын айтады. – Шанағының бетінде жабысып қалған тиегі бар, бірақ қазіргі домбыралардай ойық тесігі жоқ, оның орнында иненің көзіндей үш тесік байқалады. Төңкеріп қарасам, негізгі тесік шанақтың артында айқұш түрінде ойылыпты. Домбыраның басы бұғы немесе бұланның басы іспетті жасалған. Мойнында тоғыз пернесі және жазуы бар. Кәдімгі көне түркінің бітік (руника) жазуы».
Бұдан әрі домбыраның сипаттамасын ғалымның ғылыми сараптамасына сүйеніп берсек.
Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ:
– Ат қобыздың (Морин-хуур) шанағы үлкен әрі төрт бұрышты, мойны қысқа әрі сом жуан болады. Мойнының басында аттың басының мүсіні қондырылған, ысып тартып үн шығаратын аспап (№1 суретті қараңыз).
Оның ішегін жылқының құйрық қылынан жасайды. Жылқының екі топ қылын алып жуып, тазалап, аспапқа ішек етіп орналастырады. Ат қобыздың тиегі биік болады. Ішек топ қылдан жасалғандықтан, тиектің ішек орналасқан кертік кетігі, шертіп үн шығаратын аспаптарға қарағанда, жалпақ әрі көлемді келеді. Шертіп үн шығаратын аспаптың тиегінің кертігі 0,7-0,8 мм-ден аспайтын болса, ат қобыздың тиегінің кертігі 3-4 мм-ден кем болмауы керек. Украинаның хомусы, түркітектестердің қобызы сияқты әлемдегі барлық қобыз аспаптарының мойны қысқа әрі сом жуан болады. Оның себебі ысып, есіп үн шығаратын болғандықтан, аспаптың мойнына күш түседі. Сонымен бірге қобыз аспабында перне болмайды.
Ал үңгірден табылған саз аспабының мойны жіңішке, шанағы қушық. Оның сыртында жапсырған пернелердің орны бар. Бұл аспаптың тиегі бар. Тиегінің кертігі 0,08 мм-ден аспайды. Бұл аспап ысып үн шығаратын аспап емес, шертіп үн шығаратын шертпе аспап екендігі жіңішке мойнынан, екі құлағынан, пернесінен, тиек сипаттамаларынан көрініп тұр (№2 суретті қараңыз). Сондықтан бұл аспаптың ат қобыз еместігі белгілі болды.
Домбыра шанағы. Шанақтың бірінші бетіне екі ішекті аспаптың тиегі орналасқан. Тиек орнынан қозғалып, шанақтың бетіне көлденеңінен емес, ұзына бойымен параллель жабысып қалған. Ішек тартылып барып үзілген кезде орнынан қозғалған. Шанақтың бірінші бетінде иненің көзіндей үш тесік бар. Үлкен тесік жоқ. Домбыраның шанағының беткі беті мойыннан 2 мм-дей биік орналасқан. Үлкен тесігі шанақтың сыртқы бетіне айшық таңбамен ойылып салынған. Айшық – керей тайпасының таңбасы. Шанақтың сыртқы бетіне бұғының, бұланның суреттері ойып салынған. Тас бетіндегі суреттерден көп айырмашылығы жоқ.
Домбыра пернесі. Аспаптың тоғыз пернесі болған. Тоғыз – түркілердің киелі саны. Этностың бір символына айналған сан. Пернелерді ішекпен немесе жіппен тақпаған. Ырғай, қараған немесе қайыңның ішкі жұқа қабығынан таспалап тіліп алып, перне етіп жапсырған. Перне етіп жапсырған жұқа қабыршықты домбыраның мойнын орап орналастырған. Осы кезде домбыраның мойнына жазылған әріптердің үстінен таспалап жапсырған перне қабыршықтары басып қалған. Жазудың кейбір әріптері қабыршық астында қалып қойған.
Домбыраның басы. Домбыраның басы бұғы мен бұланның басына ұқсас. Бүгінгі күннің домбыраларындай қалақбас емес. Ежелгі дәуірден келе жатқан аң стилімен жасалған.
Қазақ халқы мұсылман дінін қабылдағаннан кейін аң стилін жойды. Себебі тәңіршілдіктің барлық нышандарын жоймайынша, мұсылман дініне бүкіл халық бойсұну мүмкін емес еді. Аспаптың мойнының қисаю себебі төмендегідей: онда, бірінші, қандай да бір осындай ағашты қабырғаға сүйеп қоя салса, бір айдың ішінде қисайып қалады. Екінші, аспапта ішек болған. Ішекті көшпелі түркілер қойдың аш ішегінен иіріп жасайды. Ішек кепкен сайын тартыла-тартыла үзіледі. Міне, бұл да мойынның қисаюына әсер еткен.
Мәтін. Түпнұсқа:
яғни 16 таңба, бір қос нүкте бар.
Транслитерациясы:
Транскрипциясы:
Аудармасы:
Жұпар күй әуені бізді сүйісіндірді
Жазу түрік тілінің үйлесім заңдылығына бағынбаған. Тұжырып айтсақ, түрік бітігке реформа жасалудан бұрынғы жазу. Қараңыз, басқы J (ž2, j) таңбасы – жіңішке айтылатын сөзде, ал үшінші таңба r (r1) – жуан айтылатын сөзде жазылатын әріптер. Байырғы түрік бітігтің грамматикасына б.з. 552-570 жылдары реформа жүргізілген. Ал мынау – одан бұрынғы дүние. Реформадан бұрын байырғы түрік бітігтерінің әріп-таңбаларын ағымдағы түрде қосып жаза беретін болған. Ол дәуірде жазудың грамматикалық ережесі жасалмаған. Сондықтан б.з. V-VI ғасырларда жасалған болуы мүмкін.
Осындай сараптама жасап, көненің құпиясына үңілген ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы табылған жәдігердің түп-төркінін аңызбен де салғастырып, «Ақсақ құлан» аңызын да еске алады. Домбыра шанағындағы қазіргі тесік осы аңыз бойынша қағанға баласының өлімін естірткен аспаптың көмейіне құйылған қорғасыннан қалғанын білеміз. Бұл аңыздың оқиғасы 1220-1227 жылдар шамасына тән болса, мына табылған домбыраның мойнындағы бітік жазуы оның одан ерте заманда да бабаларымызға серік болғанын айғақтайтындай.
P.S.
Жоғарыда айтылған үңгірден домбырадан бөлек, бас сүйегі бүтін адамның қаңқасы 20 дана садақтың темір оғы, оқтың ағаш саптары, жалпақ қасты қазақы ер, екі түрік үзеңгі табылған.