Бүгінде түрлі тақырыптық сериялар аясында мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін көркем әдеби кітаптар саны артуда. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті біраз жылдан бері «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы негізінде республика кітапханалары мен жалпы оқырман қауымға жыл сайын бірқатар қаламгерлердің жаңа туындыларын ұсынып келеді.
Осы орайда жуырда «Жаңа заман әдебиеті. Поэзия» сериясы бойынша «Жазушы» баспасынан қазақ өлеңінде өзіндік қолтаңбасы бар, сыршыл қалам иесі, белгілі ақын Нұрлан Қалқаның «Мизам шуақ» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. 12 баспа табақты құраған жыр кітабы «Сырымды айтам...», «Өмір – күрес», «Балладалар», «Аудармалар», «Балаларға байғазы» деп аталатын бес бөлімнен тұрады.
Адам мен табиғат үйлесімі, ауылға деген сағыныш, махаббат сырлары – ақын қаламынан туған өлеңдердің өзегі іспеттес. Автордың ізгілікке үндеген жыр жолдарында:
Өмір деген – ұлы көш, таласпаңдар,
Адаспайды көңілі жарасқандар.
Бақытым деп санаңдар бір-біріңді,
Бақытына біреудің таласпаңдар, – деп келетін қарапайым өмір қағидалары түсінікті тілмен жеткізілген.
Жалпы, ақын бұл кітабында өз қарым-қабілетін әр қырынан көрсетеді. Жинақта тәуелсіз елдің бүгінін арқау еткен азаматтық поэзиядан бастап нәзік лирикаға кеңінен орын берілген. Бұған қоса кішкентай оқырмандарға арналған шағын шумақтар да Нұрлан ақынның балалар әдебиетінде де өз үлесі бар екендігін аңғартады.
Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, бірнеше өлең кітаптары мен публицистикалық жинақтардың авторы, ақын Нұрлан Қалқаның жаңа жинағы оқырман тарапынан жылы қабылданады деп сенеміз.