Министр Мұхамедиұлы Төреғали Төреәлінің даулы концертіне қатысты пікір білдірді
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әнші Төреғали Төреәлінің Павлодардағы даулы концертіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұл оқиға концерт индустриясын заңнамамен реттеуді қажет ететінін көрсеткен. "Қазір бізде, өкінішке қарай, кез келген адам концерт ұйымдастыра алады, әншінің өзі де ұйымдастыра алады. Мұндай оқиға болды ма, онда біз шара қолдануымыз қажет. Мен әрқашан көрерменді құрметтеу керек деген ойдамын", - деді министр. Арыстанбек Мұхамедиұлы мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін министр ретіндегі міндеті қазақстандық концерт индустриясын өркениетті нарыққа келтіру керек екенін атап өтті. "Бар мәселе бұл саланың заң тұрғысында реттелмегенінде болып тұр. Мысалы, кез келген адам концерт ұйымдастыра алады. Әлемде концерт ұйымдастырғысы келгендер лицензия алады. Қазір біз оны (Төреғали Төреәліні - Авт.) жақтауымыз да, даттауымыз да мүмкін. Ал концерт ұйымдастырумен кәсіби ұйым айналысса, ұйымдастырушылардан мұндай жағдайға неліктен жол берілгенін, әншінің қандай күйде болғанын сұрай алар едік, қазір оның тіпті ақылға қонымсыз әрекет жасағанын айтып, талқылап жатыр. Барлығын да заңмен реттеу керек деп есептеймін", - деді Мұхамедиұлы. Еске сала кетейік, бұған дейін әншіге қатысты даулы видеоның әлеуметтік желіде тарап жатқаны хабарланған болатын. Видеода әнші сахнада тұрып, залда отырған көрермендердің бірімен дөрекі сөйлескен. Кейін ол бұған қатысты пікірін айтып, бір сөзбен "өтірік" деген еді. Кейін "Жігіттер" тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов Төреғали Төреәліні Павлодарда өткен концертінде шығып кетуін өтінген қонақтың алдында кешірім сұрауға шақырған болатын. Бұдан соң Төреғали Төреәлі Павлодардағы концертте болған шудың қалай шыққанын айтты.