Ғаламторда белгілі журналист Есенгүл Кәпқызының жетекшілігімен «Мінбер» (www.minber.kz) атты жаңа интернет-басылым пайда болды. Санаулы күн бұрын тіркеуден өткен сайт редакторының алға қойған жоспары көп. Жалпы, интернеттегі қазақтілді сайттардың үлесі, оның ішінде, мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарының орны туралы сауалдар алдымен журналистерді қызықтырады. Сондықтан әріптесімізге сәттіліктер тілей отырып, жаңа жоба туралы өз пікірін сұраған едік.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер» интернет-газетінің редакторы:
– Интернет-газетін ашу туралы идея бізді көптен бері мазалайтын. Әуелі 2001 жылы Орта Азия зерттеу институтының бастамасымен «Тарлан» атты интернет-газеті пайда болды. Мен осы газетте біраз уақыт жауапты редактор қызметін атқардым. Бірақ қаржы тапшылығы салдарынан, бұл жоба ұзаққа бармады. Сосын «Polisy.kz» атты сайттың қазақша парағын аштық. Бірақ мұның да ғұмыры бір жылдан аспады. Біраз уақыт тегін жұмыс істеуге тура келді. «Мінбер» интернет-газетін ашу туралы бастаманы жаңа медиа кеңістікте аздаған тәжірибелері бар жастар алға тартты. Олар – «Мәссаған» веб-порталының авторлары Жанарбек Матай, Бақытнұр Бәйтелі және Асхат Еркімбай. Біз осы тақырып төңірегінде бір жыл бойы талқылау өткіздік. Сөйтіп, қазақ тілінде барлық жаңа медиа талаптарына жауап беретін интернет-газетін ашуды жөн санадық.
Айта кетейік, басылым «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының аясында жарық көріп отыр. Бұл қорды құрудағы мақсат – қазақтілді журналистерге құқықтық және кәсіби қолдау көрсету.
Интернет-газет ашу туралы идеяны қолдап, алғашқы болып қол созған – Мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі президенттік қор. Төрағасы – Берік Әбдіғали. Соңғы уақыттарда бізде интернетті пайдаланушылардың саны өсіп келеді. Яғни сұраныс көбейді. Бірақ сол сұранысты қанағаттандыратын интернет ресурстар бәрібір аздық етеді.