Ақша. Осы бір құдіреті күшті құралдың сауда құралына айналғалы бері, адамзат баласының құлына айналдырғаны ащы да болса шындық. Ең бір қызығы қазақтың қандай да болсын ырымдарға ақша көбейеді деген әңгімеге сеніп соған мойынсұнуы десек қателеспейміз. Тірлігінде тыным таппай жүрген саудагер де, үйінде бала баққан ана да, ең ақыры көше кезіп қайыр тілеген байғұс қайыршы да осы ақша түссе екен деп өз білгенінше ырым жасайды. Бұл орайда есігімізден түгіл тесігімізден өтіп, шекарамыздан сығалай кіріп бүкіл базарымыз бен нарығымызды жаулаған Қытайдың бұл жолы да басым болып тұрғанын айтпасқа болмас. Ақшаның ырымына Қытайдың қатысы қанша дейтін де боларсыз. Оған да жауабымыз дайын. Қазіргі таңда не көп ақша шақырады дейтін бұйымдар көп. Оның ішінде үйілген алтын теңгелерді бауырына басып жатқан бақа, мес қарынды Қытай мүсіндері, ақша шақыратын ағаштар... Әйтеуір не керек ақшаны «көбейтетін мүсіндер» жетерлік. Қазір осы мүсіндер мен бақаларды туған күндер мен басқа да сән-салтанатты тойларда жақындары мен туған-туыстарына «құнды» сыйлық ретінде сыйлап жатқандар баршылық. Сондықтан осындай жат ырымдарға сеніп жүргенде ырысымыздан айырылып қалып жатқан жоқпыз ба? «Алаш айнасы» интернет-газеті осы жайында ой толғайды.
Ырым қырын кетпесін...
Қытайдың мүсіндері мен бақаларының ақша шақыратын қасиеті барын естіген емеспін. Бірақ халық не болса соған сенеді. Бұл белгілі бір құмарлықтан, еліктеушіліктен туған дүние дер едім. «Мұсылман баласы тек қана бір Аллаға сенуі тиіс. Ал, жаңағы бақа мен мешкейден жалынып-жалбарынып ақша сұрау Аллаға серік қосып, күмәнмен қарау болып табылады», – дейді «Науан хазірет» мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин.
Яғни, діни адамдар «ақша шақыратындардың» барлығы дерлік бізге қатысы жоқтығын, айтады.
Ресми деректерге жүгінсек әлем халықтарының 90 пайызы дәл осы ақша шақыратын қытай мүсіндеріне имандай сенеді.
Арман АЛДАБЕРГЕНОВ, экономист:
–Қазір көп елдің қаңсығына айналған салтты қазақтар таңсық қылып «су жаңа» дәстүрге айналдырып алды. Тіпті үйіндегі көрнекті жерлерге іліп, мес қарынды мешкей қытай мүсінін сыйлауға көшті. Олардың ойларынша бұл мүсіндер үйге ақша шақырып тұратын көрінеді. Бірақ, өкінішке орай әр адам өзінің игілігін тек еңбегіне қарай алатынын ешкім бағамдай алмай келеді.Басыңды істетсең еңбегіңнің жемісін көресін..
Қытай ойыншығының не қасиеті бар сонда?
Ғылыми тілмен айтқанда мұндай дәстүр Фень-шуй деп аталады екен. Тіпті бұл дәстүрге сенушілер үйлерін де осындай әдісте жинауды дәстүрге айналдырған. Ас үй және фень-шуй, қонақ үй және фень-шуй деген тәсілдер ақша шақыратындардың ерекше пәлсапасы. Яғни олардың есебінше үйлердің бұрыш-бұрышы ашық болып, дәл сол жерлерге мыс мүсіндер қойылуы қажет. Бұл үйді ақшаға толтыруға көмектеседі деген пайым түсінік қалыптасқан.
Ал білетіндер бұл қытай императоры Гадо Дидоның сүйікті ойыншығы болғанын айтады. Бұл дегеніңіз ақша шақырады деген мүсіндеріміздің ежелгі Қытайда тек ойыншық түрінде қолданылғанын ғана көрсетеді.
Ал бақыт пен байлыққа ұмтылғандардың мұнымен жұмысы жоқ. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болғандар байлыққа қалай жетті? Мүсін жинап байлыққа кенелген адам көрдіңіз бе? Жоқ. Бірақ, Қытай мүсініне құмартқандардың қатары азаймай тұр. Сіз қалай ойлайсыз? Біздің бұл сеніміміз имандылығымызға селкеу түсірмесе нетсін?!.