Атышулы Меруерт Түсіпбаева бірнеше рет тұрмыс құрып, қуанышын дүркіретіп атап өтетін жұлдыздарды сынап тастады. Ол екі баласы болса тұра, екінші рет беташарын жасаған отандық жұлдыздардың бірін қатаң сынға алды деп хабарлайды НТК арнасының "Ревю" бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Әнші соңғы кездері қалыпты жағдайға айналған мұндай жайттарға мүлдем қарсы екенін айтты. Оның айтуынша, қазақ қызды ешқашан екі рет ұзатпаған.
"Біз өзіміздің ата-бабамыздан қалған ырымдар мен дәстүрлерімізден алыстамауымыз керек. Қазір өнер адамдары бір рет шықса да, үш рет шықса да, ақ көйлегін киіп, беташарын жасап, оны Instagram-ға салады. Оның барлығы біздің жастарға беретін өте нашар үлгі", - деді әнші.
Бірнеше рет келін атанып, бұл қуанышын жұртқа жариялайтын жұлдыздарды Түсіпбаева түсіне алар емес. О заман да, бұ заман арулар екі рет ұзатылмаған, - дейді әнші.
"Құдай сақтасын, біздің бір өнер адамының, екі баласы бола тұра, беташары болған. Сондайды да білемін, мен оны түсінбеймін, мүлдем! Ол қайдан келген ырым, қайдан келген дүние? Біздің ата-бабамыз ешқашан ондайға жол бермеген", - дейді Меруерт.
Салт-дәстүрді нық ұстануымыз керек деген Меруерт Түсіпбаеваға әріптестерінің өз жауабы бар. Жазира Байырбекова бірнеше рет тұрмыс құрмаса да, тағдырдың сан алуан қиындықтарына төзген аруларды жақтайтынын айтты.
"Өнердегі қыздардың тағдырына тиіспесе екен деймін. Олай айтуға қорқу керек, өйткені әркімнің ұрпағы бар. Болашақта ол ұрпағының қалай болатынын білмейді", - деп өз уәжін айтты Жазира.
Ал Шахизада болса, адамның қанша рет тұрмысқа шыққан-шықпағанына қарап, оған баға беруге болмайды деген пікірде.
"Негізі адамның көңілі, пейілі түзу болса, жақсы ой болса, ажырассын, күйеуге шықпаған болсын ондайға қарамау керек", - деп жауап берді Шахизада.
Қамшының сабындай қысқа өмірде өзгені қаралаудан аулақ болуға шақырған Шахизада, маңдайыңа жазған тағдырдан қашып құтыла алмайсың дейді.