Ұлттық театр сахнасы мен кино әлемінде өзінің шығармашылық болмысымен, талант-танымымен киелі өнерді өмірлік серік етіп, жарық жұлдыздай ағып өткен саңлақ актерлердің бірі – Нұрмұхан Жантөрин.
Нұрмұхан Жантөриннің өмірі аңызға бергісіз, құпия сәттерге толы. 1928 жылы Атырау атырабына бет түзеген ұлы көште түйе үстінде отырған 16 жастағы Ғазиза ана толғатып, сол жерде жалғыз ұлын дүниеге әкелген екен. Келіні босанып жатқанда шырылдап жылаған немересінің үнін естіген атасы Ұлмырза: «Құдіреті күшті Алла тағала маған да ұл баланың дауысын естуге жазған екен ғой», – деп жылап жіберіпті. Немересінің атын қоюға арнайы молда алдырып, азан шақыртып, «Нұрмұхамед» деп қойған деседі. Бірақ бертін келе Нұрмұхан болып кеткен ол, кейіннен дүйім жұртқа осы есіммен танылады. Отбасында болған түсініспеушілік салдарынан ерлі-зайыптылар ажырасып, анасы қолындағы үш айлық баласымен төркініне кетіп қалған. Баланы өзінің тегіне жазған. Жантөре – анасының арғы атасы. Актерлік әуел баста ойына да кіріп-шықпаған Нұрмұхан еңбекке ерте араласып, мұнай мұнарасы операторының көмекшісі болып істеген. Арада біраз уақыт өткенде киномеханик болу мақсатымен Алматыдағы театр артистерін дайындайтын училищеге түседі. Студент кезінен-ақ кез келген рөлді жоғарғы деңгейге алып шыға алатын ерекше дарынымен, ешкімге ұқсамайтын даралығымен көзге түсіп, «Алитет тауға кетіп барады» алғашқы фильміне түседі. Училищені тамамдаған соң Ташкенттегі театр институтының актерлік бөлімінің 3-курсына бірден қабылданады. Институтта жүргеннен-ақ сахнаға шығып, өзіне тән орындаушылық ерекшелігімен, көркем-эстетикалық талғамымен дараланып, қазақ әдебиетінің Қозы Көрпеш, Кебек секілді классикалық кейіпкерлерін сомдайды.
Өнер табалдырығын осылай аттаған Нұрағаң өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында, сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясында көптеген спектакльдер мен фильмдерде ойнап, актерлік шеберліктің озық өрнегін көрсетті. С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Шоқан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» – Қодар, М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пен «Қарагөзінде» – Кебек пен Сырымды, М.Булгаковтың «Жендеттерінде» – Мольер, У.Шекспирдің «Отеллосы» мен «Макбетінде» – Яго мен Макбет, А.Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Сальери, Барон және Дон Жуан рөлдерін ойнаса, «Оның уақыты келеді» фильмінде – Ш.Уәлиханов, «Атаманның ақырында» – Абылайханов, «Құрманғазыда» – Құрманғазы, «Сапар құдығында» – Сапар, «Көлеңкесін қуған шалда» – қария, «Сұлтан Бейбарыста» – Сұлтан Бейбарыс сияқты басқа да көптеген тұлғалы бейнелерді асқан ынтамен сомдап, өзгеше адами әрі актерлік қырынан танылды.
М.Булгаковтың В.Мажурин қойған «Мольер» спектаклі Н.Жантөриннің асқан шеберлікпен ойнауы арқасында Мәскеудің театрсүйер қауымын дүр сілкіндірген екен. Ол актерліктің шеберханасына үлкен еңбекпен, ізденіспен зор жауапкершілікті арқалап келді. Кейіпкерінің жан дүниесіне еніп, шынайы беру үшін жанын салды. Шекспирдің «Макбет» трагедиясы туралы К.Жұмабековтің «Үш таған» атты естелігінде: «Репетицияға кіріскен күннен-ақ Гоголь атындағы облыстық кітапханаға барып, Шекспир шығармалары жөнінде жазылған бірнеше кітаптарды жиып алған болатын. Бір күні түстікке бірге бармақ болып, қонақүйіндегі бөлмесіне келдім. Мені көре салып: «Макбеттің қанышерлігі тек әйелінің азғыруы мен аярлығынан ғана емес, қанында, тегінде бар екен», – деп баладай мәз болып айтып жатыр. Сөйтсе, Шекспирдің кейіпкері қанішер Ричард аналары жағынан Макбетке екінші не үшінші атадан қосылады екен. Міне, ізденудің жемісі. «Енді ойнауға бо-ла-ды, түйін шешілді», – деп жеңіл орнынан көтерілді. ...Макбет рөлі Н.Жантөриннің сомдауымен дүниеге келуі шеберліктің шыңы, театр үшін үлкен шыңдалу мектебі болды...», – дейді.
Н.Жантөриннің асқан шеберлігі жағымды және жағымсыз бірегей тұлғалар бейнесін қатар сомдай алатын ерекше қабілеті арқылы көрініп отырды. Ол қандай рөлді ойнаса да кейіпкерінің бойына өзінше жан бітіруге талпынды, әрбір кейіпкерін жақсы көре білді, оларды жанымен түсінді. Бұл туралы өзінің бір естелігінде: «Аналар барлық баласын жақсы көреді ғой, мен де сол сияқтымын – жек көретін рөлдерім жоқ. Барлығын өздеріне сәйкес жақсы көремін. Әрине, өз ауқымдылығымен, психологиялық тереңдігімен Шоқанға, Бейбарысқа тең келетіні аз. Бірақ бәрібір түгелі менің туысқаным сияқты: менің бетім, менің құлақтарым, менің мұрным... Мен ойнаған кейіпкерлердің кеудесінде менің жүрегім бар. Тіпті «қара ниетті» кейіпкерлерде де. Мен кинода «патенттелген басмашы» атанып аз уақыт жүргенім жоқ. Ш.Айтматов әңгімесінің желісінде дайындалған Л.Щепитьконың «Аптап» картинасындағы Абакирдің рөлін ерекше атағым келеді: қуатты болғанымен, үнемі сарыуайымға салынып жүретін ол, өмірден өз орнын таба алмайды. Жаның ашиды, бір ретте, тіпті жек көріп кетесің...» – деп жазғаны бар.
М.Бегалиннің «Оның уақыты келеді» фильміндегі Нұрмұхан Жантөрин сомдаған Шоқан бейнесі ерекше дара. Бұған актердің Шоқанды өзіне идеал тұтып, өмірінде де, өзі сомдаған үздік рөлдерінде де соған еліктегені негіз болса керек. Бұл ретте Бақыт Жантөрина: «Әкемнің басқа рөлдерінің бәрі де «Шоқан Уәлихановтан» шыққан. Олардың ішінде шекспирлік геройлар да, хикметтік Доктор да, булгаковтық Мольер де, Сұлтан Бейбарыс та бар», – дейді.
Режиссер Б.Мансұров қойған «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі Бейбарыс бейнесі тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бұл фильм туралы актердің жұбайы, театр зерттеушісі Маргарита Иоглева-Жантөрина: «Сұлтан Бейбарысты образы актер Нұрмұхан Жантөриннің ұлы шығармашылығы екенінде дау жоқ. Сұлтандыққа жанкештілікпен жеткен адамның тағдыры. Менің мәскеулік актер достарым «Сұлтан Бейбарысты» орысша дыбыстандырған кезде Сергей Федоровичтің таңғалысын айтқан болатын. Ол пауза кезінде «Қандай актер, қандай тұлға! Оның сөздерін дыбыстандырудың өзі бір ғанибет!» деп ризалық білдірген екен», – деп жазған. Осы рөлі үшін Н.Жантөрин кеңес киносы актерлерінің Бүкілодақтық «Созвездие – 90» фестивалінде «Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін» сыйлығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Бүкілодақтық фестиваль күндері Тверь қаласы көшелерінде Нұрмұхан Жантөринді халық «Сұл-тан Бей-барс!.. Сұл-тан Бей-барс!..» – деп қошеметтеп, қолпаштап тұрып алған екен.
Сегіз қырлы, бір сырлы Нұрмұхан ағамыз тек актерлік өнердің заңғар биіктерінен көрініп қана қойған жоқ, өзінің «Орман балладасы» (1972), «Медальдің үшінші жағы» (1976), «Қара таулар қазынасы» (1978) тәрізді үш көркем фильм түсіріп, режиссерлік қырынан да көріне білген. Сондай-ақ қоңыр үнімен айналасындағы жұртты еліктіріп ала жөнелетін әншілік қасиеті де болған. Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев өзінің бір естелігінде: «Мұхит салдың «Зәуреш» әнін Нұрмұхандай байыбына жеткізе орындаған ешкім жоқ», – дейді. Майталман актердің шыншылдығы, жұмсақтығы мен қызбалығы, қайсарлығы оның қайталанбас рөлдеріндегі кейіпкерлерінің бойынан да көрініс тауып тұратын. Нұрағаң өз мінезімен кейіпкерінің мінезін бір-біріне барынша ұштастыра білген. Ол кісінің жеке болмысының өзі адамды магнитше тартатын, кез келген рөл оның мінез-құлқының белгісін, яғни күрделілігін, алмастай өткірлігін, қарама-қайшылығын, басқа да қасиеттерін аңғартып тұратын. Кейде жұмсақтығының өзі тік мінезділігімен, өжеттігімен тұтасып кетіп жатса, кейде балаша тез жараланып қала салатын көңілшек те болған екен.
Актерлік шеберліктің биік шыңына шыққан қас шебердің айналасынан қиянат көрген кездері де аз болмаған. Ойнаған спектакльдері театр репертуарынан алып тасталғанымен қоймай, өзін де сахнадан шеттету әрекеттері болған. Әкесінің театрдан кеткені жөнінде Жанна Жантөрина: «Нұрмұхан Жантөрин – әлемдік деңгейдегі әртіс. Ол театрда қалып, әлем классикасынан әлі де бірнеше рөлдер ойнағанда, ол туралы дүниежүзілік театр баспасөзі шулата жазған болар еді. Бұл тек актерге ғана емес, ол ұлы болып табылатын елге, ұлтқа мәртебе болар еді. Ә.Мәмбетов Жантөринді қатыстыра отырып, ұлттық классика негізінде де, тап сондай әлемдік классика негізінде де тамаша спектакльдерді қою мүмкіндігін «қолдан шығарып алды» деп ойлаймын», – деп өкініш білдірген. Ал Нұрмұхан ағаның өзі болса, әрдайым: «Мендегі бар қымбат нәрсені осынау жарық дүниеге тастап кеткім келеді-ақ. Жинап-терген, түйсініп-түйген тәжірибем, бар білімім мен білігім топырақтағы құрттарға жем болмаса екен деймін! Әлі көп нәрсе істегім келеді… Жұмыс жасағым келеді...» – деп армандаумен өткені артында қалған естеліктерінен айқын аңғарылады...
• «Соңыңнан барармын, көке…» •
(Нұрмұхан Жантөриннің өмірде өзі көрмеген, кездеспеген әкесіне жазған хатынан үзінді).
«...Жетім күйімде 50 жасқа жеттім. Бұл туралы газеттерге көп жазылды, бүкіл Қазақстан білетін. Ал сен үндемедің. Сенің ұлың әке атанды. Үндемедің…
Жанын азапқа салса да, мені асырап, адам етіп шығарған кім? Ғазиза! Оқытып, тоқытқан кім? Ғазиза! Ең қиын минуттарда жанымда болған кім? Ғазиза! Сондықтан көке, сен ренжіме, менің әкем де, шешем де Ғазиза болды.
…Иә, мен Адай руынанмын. Бірақ Адайдың қандай буынынан тарайтынымды білмеймін. Оны маған кім айтып жатыр?.. Адайлардың арасында «Мен – Адаймын» деп айтуға ұялатын едім. Себебі сұрап калса, қай буыннан екенімді толық, нақты айта алмаймын ғой… Ал Ғазиза Ұлеке мен Байке (аталары – С.Т.) туралы ғана аз-мұз айтты. Ол одан басқасын білмейтін де еді. Ал сен үндемедің.
Ғазиза кетті. Сен де кететін шығарсың… үнсіз. Ешбір шындықты біле алмай, мен де сендердің соңдарыңнан барармын. Орысқа үйленгенім үшін о дүниеде отқа күйетін шығармын. Ештеңе етпес! Бәрібір мен сізбен қарым-қатынас жасап тұрамын… Егер сенің жорғаң тамұқтың қасында жайылар болса, саған хат жазып тұруға тырысамын…
Сау бол. Аман бол, көке!
Мен де әзірге аман-сау, тірліктемін ғой…
Сәлеммен Нұрмұхан»