Қазақтың ұлттық музыка тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғаның бірі – небәрі 14 жасында Қызылжардағы Тайынша жәрмеңкесінде Біржан сал мен Ақан серінің алдында ән салған, Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде талай өнер саңлақтарымен табысқан біртуар әнші, сазгер Мәди Бәпиұлы. Халық қазынасына «Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқара», «Шіркін-ай» сынды қайталанбас інжу-маржан әндерін қосқан Алаштың арда туған асылына биыл – 130 жыл. Бір қызығы, осы күнге дейін көбіміз тек әнші, сазгер деп танып келген Мәди Бәпиұлының біз білмейтін «сегіз қыры, бір сыры» бар болса керек.
Батыр Мәди
Мәди ақын, сазгерлігінен бөлек, ержүрек батыр болыпты. Журналист Ермек Балташұлы өзінің Мәди жайындағы зерттеуінде оның жұлдыздай ағып шауып келе жатқан ат үстінен секіріп түсіп, қайта қарғып мінетіндігі, соңындағы қуғыншыларды жерден тас алып 30-40 қадам жерден тізеден ұрып құлатып жүре беретіндігі, бес-алты жігітке жалғыз өзі дес бермейтіндей ержүрек болғаны туралы әңгімеге бала күнінен қанық болғандығын жазған екен.
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы»,
– деп кіндік қаны тамған Қарқаралыға мұңын шаққан Мәдидің батыр болуы, бір жағынан, кішкентайынан тағдыр тауқыметін көп көргендігінен болса керек. Әкесі Бәпимен бірге туған ағасы Қақабайдан көрген қорлығы бір жағынан, екінші жағынан, отаршыл озбырлардың еркіндікті, шындықты жырлаған Мәдиді қудалап, жала жауып, істі қылуы оны «қашқын» атандырып, абақтыға қамады. Өзінің абақтыдағы халін ол «тесіктен алақандай тіл қатамыз» деп «Қарқаралы» әніне арқау еткен.
Екінші жағынан, Мәдидің шыққан тегі де осал болмаған. Талай даудың басын ашып, ел-елді бітістірген данагөй абыз – қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы болып келеді. Ақын «Үшқара» атты өлеңінде «Арғы атам – әулие өткен ер Қазыбек» дей келе, «Атамыз одан кейін Алшынбайды, Кемеңгер, ақыл-ойлы, терең сайды» деп бабаларының атақ-даңқын жырға қосады.
Бүгінгінің «Қоянды жәрмеңкесі» – Мәди байқауы
Бір қуанарлығы, Мәди атамыздың туған жері – Қарағанды өңірі қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызын ұмытқан емес. Облыстық мәдениет басқармасы осыдан бес жыл бұрын Мәди атындағы І республикалық әншілер байқауын ұйымдастырса, биыл 130 жылдығына орай екінші сайысты өткізіп отыр.
Рымбала ОМАРБЕКОВА, Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Қарағандыда дәстүрлі әнге деген ерекше көзқарас, сүйіспеншілік бар. Жүсіпбек Елебеков атындағы байқауларды бірнеше дүркін Қайрекең (Қайрат Байбосынов – автор), Бекболат Тілеуханның қолдауымен және біздің жігіттердің бастамасымен өткізген болатынбыз. Жеңімпаздары бүгінде республика сахналарында таланттарын ұштап, әндерін халыққа жеткізуде. Тәттімбет атындағы республикалық домбырашылар мен қобызшылар байқауын да өткізіп жүрген жайымыз бар. Биыл Мәди атындағы байқауды бабамыздың 130 жылдығына арнап отырмыз. Қыстың суығына қарамастан, еліміздің әр аймағынан 36 қатысушы келіп отыр.
ІІ республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы байқауға Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қатимолла Бердіғалиев, Мейірхан Адамбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қапаш Құлышева, Ғалым Мұхамедин, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Жақсыкелді Кемалов және І республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы байқаудың бас жүлдегері Сержан Мұсайындар қазылық етті.
Үш күнге созылған байқауда оза шауып, халықтың қошеметіне бөленген жеңімпаздар: бас жүлде – Мерей Кәрімов (Астана); 1-орын – Жасұлан Базарбеков (Алматы); 2-орын – Мирас Бақтығұлов (Орал), Біржан Есжанов (Астана); 3-орын – Қайыргелді Омарбеков (Астана), Балдырған Төлегенова (Қарқаралы), Медет Осатаев (Астана); дипломант атағы Жақсыкелді Маясаров (Алматы), Олжас Сұрағанов (Қызылжар) т.б. бұйырды. Ж.Кәрменов атындағы арнайы сыйлықтар да өз иелерін тапты.
Жансая ЖАРЫЛҒАП, көрермен, Қарағанды тұрғыны:
– Мәдидің республикалық конкурсы – бөлек дүние: елдің ықыласы да зор, әншілер де үлкен талғаммен келеді. Жаңа гала-концертте өнер көрсетіп жатқан Сержан Мұсайын, Ерлан Рысқалилар – І республикалық Мәди байқауында айрықша қырынан танылып, жеңімпаз болғандар, содан бері қанша өскендігін көрсетті. Дәстүрлі ән өнеріндегі жастардың үлкен легі «Құр айғай ән бе екен?» деп Абай айтпақшы, айқайға салмай, кешегі Ақселеу ағамыз айтқандай, «әннің кейіпкеріне айналып» айтып үйренген.
Ерлан РЫСҚАЛИ, әнші, І республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы байқаудың лауреаты:
– Студент шағымда да, кейін де еліміздің әр өңірінде талай байқауға қатыстым. 2005 жылы Қарағандыда өткен І республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы додаға қатысушы ретінде келсем, бұл жолы «Шалқар» радиосының атынан журналист болып келіп отырмын. Сол байқаулардың барлығын салыстырсам, ұйымдастырушылық жағынан Қарағанды көш ілгері. Байқауға қатысушыларға қойылатын талаптарды оқу орнына бір-екі ай бұрын жібереді. Қатысушылардың жатын орны мен тамағын өз мойындарына алып, жақсы күтеді. Кей өңірде іссапар қағазымен, құжаттарды рәсімдеуде бір-біріне сілтеп, әуре-сарсаңға түсіп жүріп қалатын кездеріміз болған. Мұнда үміткер ештеңеге бас қатырмайды, басты міндеті – тек әнін ойдағыдай айту ғана. Еліміздің басқа өңірлері Қарағанды әкімдігі мен мәдениет басқармасынан үлгі алса деймін.
Мәдидің жаңа екі әні табылды
Бұл байқаудың жаңалығы – дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі ақсақалы, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Әукенұлының Мәдидің ешкім естімеген әні – «Үшқараның» бір нұсқасы мен шәкірті Қайыргелді Омарбековтің «Қош, елім» әндерінің тұсауын кесуі болды. Қайрекең «Мұқан Төлебаевтың жеке мұрағатынан тапқан осы әндерді айтып жүргеніме қарай, қаракесектер жиналып маған ескерткіш қоятын шығар» деген қалжыңымен қалың көпшілікті қыран-топан күлкіге батырды.
Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
– Ұстазым Жүсіпбек Елебеков бес-алты жас шамасында ағасы Жақыпбекке еріп, Қоянды жәрмеңкесіне барғанында Мәдидің алдында ән салған екен. «Сонда риза болған Мәди қалтасынан бес теңге алып беріп, маңдайымнан сүйіп, батасын берген» деп айтушы еді ұстазым. Сол Мәдиден бата алған Жүсекеңнің шәкірті – мен бүгін алдарыңызға аға болып, батамды беруге келіп тұрмын. Қарағанды өңірі, Орталық Қазақстан – әннің туын тіккен жер. Мәди байқауы тек жарыс емес, әншілердің бірімен-бірі қауышып, әннің қыр-сырын тоқып, үйренетін Қоянды жәрмеңкесі секілді.
ТҮЙІН
Дәстүрлі ән өнеріне қадам басқан әншілер кәсіби деңгейге жету үшін бәйгеге жиі түсуі керек. Осы орайда халықаралық, республикалық деңгейде өтетін сындар саусақпен санарлықтай ғана: Әміре, Мәди, Майра, Жүсіпбек, Ғарифолла атындағы ән байқаулары, Абай-Шәкәрім оқулары, «Шабыт», «Шырқа, дауысым». Тарихта болған-болмағаны әлі күнге дүдәмал күй кешіп, дау тудырып, әндері «халықтікі» деген атпен шырқалып жүрген Сегіз сері мен Нияз сері бабаларымыз турасындағы әңгімелердің шекарасы әлі жабық. Ал қазақ әнінің атасы атанған Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұсалардың атындағы байқаулар дәстүрлі түрде әр дүлдүлдің өз туған жерінде өтетін күн бар ма екен? Өкінішке қарай, аталған тұлғалардың атындағы байқау ұдайы өтпей, тек мерейтой аясында ғана жарқ етіп өтіп, жалп етіп сөніп жатыр. Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов ағаларымыздың әндеріне арналған ән кештері мен байқаулар, «Жас қанат» жыл сайын өтпесе, көңіліміз көншімейді. Ал қазақтың өзі де, көзі де болған дәстүрлі ән мен күйі мұрағаттар мен «Алтын қор» үшін ғана жаралғандай күй кешуде. Сал-серілердің өздері көзден кеткенімен, мұрасы көңілден өшпеуі үшін жан-жақты қам жасамасақ болмас!