Осыдан бір жыл бұрын бәсіне жеті миллион ақша тігіліп, «Қазақ халқының эпостық жырлары, тарихы мен дәстүрлері» атты тақырыпта қылқалам шеберлері арасында үлкен шығармашылық бәйге жарияланған болатын.
Бүгінде суретшілерді ынталандыру мақсатында халықаралық және мемлекеттік деңгейде, аймақтық дәрежеде үлкенді-кішілі көрме-бәйгелер өткізіліп жүр. Дегенмен жекелеген кәсіпкерлер мен қолы ашық меценаттардың, белгілі бір компанияның қолдауымен қылқалам шеберлерінің ірі байқауы өткізілген емес. Қазақ қоғамында әсіресе әдебиетті қаржыландыру қашанда болған. Мысалы, тарихта 1899 жылы үш кластық Мамания мектебін ашқан Мамановтар әулетінің кенжесі Есенқұл қажы 1913 жылы роман бәйгесін жариялаған. Оған 2 мың сом ақша тіккен. Ол бәйгені «Қамар сұлу» романына Сұлтанмахмұт Торайғыров пен «Қыз көрелік» шығармасына Тайыр Жомартбаев алғаны бәрімізге белгілі. Сол кездегі ақшаның құнымен есептесек, бұл бәйгенің сыйақысы өте қомақты болған. Сондай-ақ қазақтың ән өнері мен айтысы меценаттар тарапынан ерекше қамқорлыққа ие болып келеді.
Шоу-бизнес үстемдік құрған қазіргі мәдениетте бейнелеу өнері шеберлері өздерін қолдайтын демеуші, меценат дегенді оңайшылықпен іздеп таба алмайтын. «Іздегенге – сұраған» дегендей, азаматтардың арасынан ақыры бір Атымтай Жомарт суырылып шығып, суретшілерді бір серпілтіп тастады. «Arlinе» компаниясының директоры, бұрыннан өнер жұртшылығына танымал коллекционер Мұрат Төлемағамбетов деген азаматтың ұйытқы болуымен жуырда аталған байқаудың қорытындысы жарияланып, ауқымды көрме ұйымдастырылды.
Тәуелсіздік заманындағы жаңа көркемөнер 1991 жылдан бергі кезеңді қамтиды десек, осы кезеңнің алғашқы он жылдығы ұлттық рухқа бөленген реализм ерекше үн қатты. Ұлттық сана-сезімі оянған халық арасында ұлттық тақырыптарға деген сұраныс ерекше болды. Реализмнің туын көтеріп отырған бұл көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен 167 картина қойылды.
Жақсы туындыға қомақты сыйақы тағайындап отырған компания меценаттары талғампаз өнертанушылардың саралауымен үздіктерді анықтады.
Бас бәйге – Досбол Қасымовқа, «Балуан Шолақ – Ғалия» картинасы үшін, (2 250 000 теңге)
Екінші орын – Қазақбай Әжібекке, «Адыраспан» картинасы үшін, (1 500 000 тенге)
Үшінші орын – Есімғали Садырбаевқа, «Қазақ хандарының жаппай аңға шығуы» картинасы үшін, (750 000 теңге)
Ынталандыру сыйлықтары әрқайсысына 300 000 теңгеден жеті суретшіге:
Жақыпбек Әсетке – «Бесік орда» картинасы үшін,
Ағымсалы Дүзелхановқа – «Қамбар батыр» картинасы үшін,
Бақытхан Мырзахметовке – «Абылайды хан көтеру» картинасы үшін,
Талғат Тілеужанға – «Баян» картинасы үшін,
Нұрлан Килибаевқа – «Жеті қазына» картинасы үшін,
Омархан Құмарға – «Батыр бабалар» картинасы үшін,
Қастеев Дәуренге – «Туған жер үшін опат болған қазақ жауынгеріне арнау» картинасы үшін берілді.
Сондай-ақ көрмеде шығармашылық темпераменттерімен, әр қилылығымен шырайлы көрінген, деңгей көлемімен, шығармашылық ізденісін көрсете келген Ә.Бақтыгереев, Р.Құлбатыров, Қ.Чагиев, А.Шаржанов, А.Назарқұл, Қ.Каметов, Қ.Шүкірбеков, Н.Аштема, Ж.Абдраман, С.Тайынов, Г.Сүйінбаева, М.Ведерников, Б.Қышқаш сияқты біраз суретшілердің жұмыстарынан өздерінің болмысындағы тынымсыз ізденістердің табиғатын көруге болады. Өнер деген ұлы ұғымның алдында көңілі сезген, уақыт реңін көрсеткен жүрегіңізге тым жақын қабылдайтын дүниелер жасаған. Бұл көрмеде ең бастысы орын алу емес. Сталиннің заманында бірнеше рет мемлекеттік сыйлық алған жазушылар да болған. Арзан құрмет қуып, ақырында уақыттың екшеуінен өтпей қалған. Айтайын дегенім, орын алмаған суретшілердің ішінде Жұмақын Қайрамбаев сынды есімі мен еңбегі ел білетін шеберлер бар.
Десек те, ұлттық бейнелеу өнерін дамытып, шеберлік мектептерін қалыптастыру үшін мұндай көрме-байқаулардың өткізілуі көңіл қуантады. Дегенмен шығармашылық бәйгеде озып шыққан туындылардың бәрін де «шедевр» деуге келмейді. Себебі бәйге дегеннің өзі – шартты нәрсе. Көп дүние, сарапшылар мен демеушілердің талам-таразысына да байланысты. Қалай болған күнде де, «Қазақ халқының эпостық жырлары, тарихы мен дәстүрлері» атты байқау – бұдан кейін да жалғасын табатын үлкен жобалардың алды болып, ұлттық бейнелеу өнерінің өркендеуіне кең өрістер ашатыны сөзсіз.
Ұйымдастырушы жақ бас бәйге мен ынталандыру сыйлығына ие болған картиналарды өзінің жеке қорына алып, қалған екінші және үшінші орын алған жұмыстарды өнер мұражайларына тапсыратын болып келісті.
Жанарбек БЕРІСТЕН, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, философия ғылымының кандидаты, ҚР Суретшілер одағының жауапты хатшысы
Меценаттар ұлттық бейнелеу өнеріне бет бұрды
Последние статьи автора