Өр рухты ақын, дауылпаз күйші Махамбет Өтемісұлы – қазақ тарихынан ойып орын алған бірегей тұлға. Қазақтың мұң-зарын Махамбеттей жеріне жеткізіп айтып кеткен ақын некен-саяқ. Туған елінің Тәуелсіздігін аңсап, «ереуіл атқа ер салған, еңку-еңку жер шалған» азаттықтың алғашқы жаршыларының, жыршыларының бірі де, бірегейі де болған көрнекті қайраткерді бүгінгі қазақ жұрты лайықты бағалай алды ма? Қазіргі ұрпақ ел егемендігінің бастауында тұрған Махамбеттей нар тұлғаның өмір жолынан қаншалықты хабардар?..
Тумысынан өжет мінезді Махамбет әуелде мұсылманша жазу-сызуды үйреніп, артынша орысша да сауат ашады. Шешендігімен, ақындығымен ел аузына ерте іліккен Махамбетті Жәңгір хан өз жанына тартуға тырысып бағады. Ақынды ордасына алдырып, тұңғышы Зұлқарнайынның тілін орысша сындыртуды тапсырады. Сөйтіп, бірте-бірте өзінің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын сарай ақыны етуді көздейді. Бірақ Орданың айналасындағы әр алуан әділетсіздікті, жауыздықты өз көзімен көрген Махамбет қарапайым халықтың басындағы ауыр халді ұғына бастайды. Ел намысының аяққа тапталғанына зығырданы қайнағандықтан да, ханмен ат құйрығын кесісіп, онымен ашық күреске шығады. От ауызды, орақ тілді сөз шебері ретінде ғана емес, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да ерекше даңққа бөленген Махамбет қоғамда болып жататын келеңсіз құбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау етеді.
Махамбеттің батырлығы көзінің тірісінде-ақ аңызға айналыпты. Соған қанық Исатай бірде:
– Жұрт осы сені батыр-батыр дейді. Кәні, батыр болсаң, мені қорқытшы, – депті-мыс.
– Қой, ағасы, сізді қорқыту қайда біз сияқты жаман ініңізге? – деп, әдеп сақтаған Махамбет әуелде оның сөзіне көнбейді. Исатай да айтқанынан қайтпайды. Ақыр болмағасын:
– Жарайды, ендеше, – дейді Махамбет. – Мен қазір мына төбенің ар жағына кетейін. Сосын соның басынан бері қарай шауып түсемін. Мен атойлап келе жатқанда кім осы орнында тапжылмай тұрып қалса, сол менен қорықпағаны.
Соны айтады да, Махамбет төбені айналып өтіп, көзден ғайып болады. Сәлден кейін төбенің басында аппақ ала шаң бұрқ етеді де, Махамбет: «Ағатай! Ағатай!» деп ұрандап, төбеден төмен қарай құлдилап, бұларға дүрсе қоя береді. Сонда шаңның ішінде қырық найза самсап келе жатыр екен дейді. Исатайдың қасындағы сарбаздарының бәрінің аттары осқырып-пысқырып, кейін шегіншектейді. Тек астында Жолдыкүрең деген аты бар Исатай ғана тапжылмай тұрып қалады. Көміп кеткен шаңның астынан жұрт:
– Ассалаумағалейкүм, ағасы! – деп атынан түсіп, Исатайдың алдына бір тізерлеп отыра кеткен Махамбетті көреді.
Тағы бір аңызға жүгінсек, Махамбет керемет найзагер болыпты. Арасы екі кез жерге түйенің екі құмалағын тастағанда, соның арасымен шауып өткен Махамбет екеуін де найзаға шаншып әкетеді екен. Ел ішіндегі қоныс дауына байланысты Сүйінішқали деген сұлтан 45 кісімен келіп, Өтемістің ауылын шауып, малдары мен дүние-мүлкін алып кетеді. Онымен қоймай, «барымташы қашқындарды жасырды» деп үстінен шағым түсіріп, Өтемісті түрмеге қаматады. Өтеміс артынша түрмеде қайтыс болады. Бір қызығы, Өтемістің ауылын шапқандардың ішінде Исатай да болған. Әкесінен айырылғанда Махамбет 14-те екен. Өтеміс әулеті алдындағы кінәсін түсінген Исатай оның отбасына қамқоршы болып өтеді. Сөйтіп, Махамбеттің өзі де, бауырлары да талай жыл Исатайдың қасында болады. Батырға бала кезінен бауыр басқандықтан да ақын:
Құрттайымда өсіп ем,
Бауырында паналап, – деп жырлайды.
Осы жақындық бара-бара ел теңдігін көксеген ұлы мұратқа ұласқан Махамбет қоңыраулы найзасын қолға алып, Исатай басшының сенімді серігі әрі көтеріліс жылдарындағы асқақ үнді жыршысы деңгейіне көтеріледі.
Азаттық үшін күресті өмірінің мәніне айналдырған Махамбет, негізі, ақын, батыр ғана емес, керемет әнші, күйші, «Қырымның қырық батыры» сияқты дастандарды шаршамай-талмай жырлайтын тамаша жыршы да болған деседі. Сондай-ақ «Бес тайпа», «Үш тайға» атты әндерді әлі күнге жұрт «Махамбет айтқан ән еді» деп шырқайтын көрінеді.
Патша өкіметінің отарлық саясатын жүзеге асырушы хан-сұлтандарға қарсы кекті жырлар шығарып, халықты күреске үндеген Махамбет отаршыл жүйенің зорлық-зомбылығымен талай рет түрмеге де түседі. Шыдамы таусылған халық 1836 жылы ұлт-азаттық көтеріліске шыққанда осынау тегеурінді дүмпудің дем берушісі де Махамбет болды. Ол Исатай батырмен иықтаса шайқасып, ерен ерлік көрсетті. Исатай қаза болған соң, Махамбет шағын тобымен Жем, Жайық, Маңғыстау, Хиуа елдерін сағалайды. Қайтадан қол жимақ болады. Жәңгір хан өлген соң аға сұлтан болған Баймағамбет Айшуақов халықтың бүлік шығаруына ықпал етуінен секем алып, ақынның сыртынан бақылау қояды және патшаға адал қызмет етуге берілгендігін дәлелдеу үшін Махамбетті өлтірудің жоспарын жасайды. Махамбетті тірідей қолға түсіріп әкелген адамға ескі патша ақшасымен – 1000, ал басын кесіп әкелген адамға 500 сом төлейтінін жария етеді. Арнайы жасақталған топтың жендеттері ондай опасыздыққа шімірікпей барады. Ақ патшаға адал қызмет еткені үшін сұлтан Баймағамбет Айшуақовқа генерал-майор атағы беріледі. Бірақ Махамбеттің кегін қуған жақын достарының бірі (кейбір деректерде бажасы деп те көрсетіледі. – Ред.) Санкт-Петербургтен марапатталып келе жатқан сәтінде сұлтанды суға батырып өлтіреді. Баймағамбет сұлтан өлгеннен кейін Махамбеттің Шыңғырлауда жерленген басын ағайындары сұрастырып жүріп тауып, денесі жерленген Индер көлінің маңындағы Қараой деген жерге әкеліп көмеді.
Өмірі арпалыспен өткен Махамбеттің дүниеден өткеннен кейінгі жолы да өте ауыр болады. Қайғылы қазаға ұшырағанына 120 жыл өткенде антрополог Ноэль Шаяхметов Махамбеттің тірі кезіндегі бет-бейнесін жасау мақсатында ақынның сүйегін қабірінен қазып алып, Алматыға алып келеді. Сөйтіп, Герасимов әдісі бойынша мүсіндік бейнесін жасайды. Содан кейін қапқа салынған күйі 17 жыл бойы әр жерде жатады. Тек 1983 жылы ғана қайта жерленіп, 1995 жылы басына кесене тұрғызылады.
Бүгінде күллі қазақ Махамбетті ел Тәуелсіздігінің алғашқы жаршысы, жалынды жыршысы ретінде қабылдайды. Тарихшылар мен, жалпы, жанашыр қауымның айтуынша, Махамбеттің көпшілікке беймәлім өлеңдері мен күйлері ел ішінен әлі де табылады. Тек соны іздестіруге құлық жоқ. Еліміздегі ғылыми, әдеби, тарихи орта Махамбет Өтемісұлының қоғамдық-саяси қызметi жайлы деректер мен оның ақындық, сазгерлiк мұраларын жинастырып, жарыққа шығару, зерттеп-зерделеу ісіне салғырттық танытумен келеді. Сол сияқты бірен-саран деректі фильмдер түсірілгені болмаса, Махамбет тұлғасын танытатындай тұшымды кино да жоқ. Осыдан кейін бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа қайсар рухтың Махамбеттей символын таныта алдық деп айта аламыз ба? Түсінген адамға Махамбет – қазақ тарихындағы аса ауыр кезеңде, махамбеттанушы Исатай Кенжәлиевтің сөзімен айтсақ, аштан өлетін болған соң өз баласын 50 сомға сатқан не отбасымен амалсыз орыс-казак әскеріне жазылып, христиан дінін қабылдаған дәуірде дүниеге келіп, қорлықта жүрген халқына адал қызмет еткен жан. Соған қарамастан, қадіріне жете алмай жүргеніміз өкінішті-ақ...
Бір пікір
Тұрсынбек КӘКІШЕВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Махамбет – жалпы қазақ үшін қымбат, ұлы тұлға. Махамбеттің жасқануды, қорқуды білмейтін батыр адам болғаны жырларынан байқалады. Батылдығы, шешендігі, өрлігі – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Махамбеттің танылуы, насихатталуы жаман емес. Тарихтағы өзге де ұлы тұлғаларымыз Махамбеттей зерттеліп, қаперде болатын болса, көп нәрседен ұтар едік. Өзі ақын, өзі күйші, өзі батыр бабамыздың мұрасы әлі де зерттеліп, жаңа, тың деректер табылып жатса, әрине, қуанамыз. Ал Исатай бастаған, Бөкей ордасында болған көтеріліс жан-жақты зерттелді деп айта алмаймын. Кеңестік билік кезінде «шаруалар көтерілісі» деп бағалап, таптық сипат беруге тырыстық. Ал, шын мәнінде, бұл көтеріліс билікке таластан, жерге қатысты даудан туындаған. Исатай Жәңгірдің жүргізіп отырған саясатына көңілі толмағандықтан қарсы шыққан. Жәңгір орыс отаршылдарының саясатын жүргізген. Исатай көтерілісінің жеңіліске ұшырау себебіне келсек, көтерілісшілердің әскери дайындығы болмаған. Көтеріліске қатысты анықтайтын жайттар әлі де баршылық, сондықтан бұл бағыттағы зерттеулерді тоқтатпау қажет. Біздің тарих, яғни қазақтың тарихы орыстың көзімен жазылған. Өзіміздің тарихқа өз көзімізбен қарайтын кез жетті деп ойлаймын.