Махаббатқа күн арнаған дұрыс па?

Махаббатқа күн арнаған дұрыс па?

Әр халықтың өз салт-дәстүрі, тарихы, тілі, діні ғана емес, сондай-ақ өзіндік сезімі, сезімді білдіру ерекшелігі де бар. Бұл тұста біз «Я люблю тебя» мен I love you-дың арасындағы айырмашылықты, яғни тілдік өзгешелікті емес, сезімді жеткізудің әр ұлтқа тән бір емеурінін, соған сай салтын, жөн-жоралғысын айтып тұрмыз. Тіпті «қай халық өз сезімін ең қысқа сөздермен жеткізе біледі?» дегенде, « ол – қазақ, «ым-ым-ым» дей салады» деген күлдіргі әңгімені естіген де боларсыз. Одан бөлек, ғашықтық дастандар, оған басты кейіпкер болған, бір күнде туып, бір молада жерленген ғашықтарымыз да бар. Яғни қазақ ынтызарлық пен іңкәрлікті өзгеге үйретпесе, үйренетін ел емес. Осы орайда қазақтың ғашықтар күнін, махаббат мейрамын атап өту жөнінде түрлі ұсыныстар жасап, бастама көтерушілер бар. Газетіміздің 8 сәуір күнгі санында елімізге танымал тұлға, «Хабар» арнасының продюсері  Серік Аббас-Шахтың 15 сәуірді Махаббат мейрамына айналдыру турасында ұсынысы жарияланған болатын. Біз де өз тарапымыздан осы тақырыпта махаббат мәселесіне орай көпшіліктің ой-пікірін білуді жөн көрдік.

Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, актриса:
– Осы бастаманы мен ең алғаш Жастар театрында жұмыс істеп жүрген кезімде естіген болатынмын. Бірақ ол кезде дәл бүгінгі сәуірдің 15-і емес, Ұлыстың ұлы күні, күн мен түннің теңелер шағы Наурыз мейрамы 22-і болса, біз содан бір күн бұрын, 21-і күнін  Ғашықтар күні деп атап өтуге кірісіп те кеткенбіз. Қатарынан екі-үш жыл осыған театрда кеш арнап, оның бірінде екі жасты, келесісінде жеті ғашықты сахна төріне шақырып, молдаға некелерін қиғызып, нақты іске, насихаттауға кіріскен де едік. Тіпті ол кезде Мұқағали т.б қаз­ақ ақындары­ның өлеңдері мен қазақы әндерімізді астастырып, ән-жыр таспасын да шығарып, таратқанбыз. Өкініш­ке орай, жаппай сипат ала алмады да, көп ұзамай сол үрдіс үзіліп қалды. Енді биыл қайта қолға алынғанға ұқсайды. Кеше «Еларна» мен «Хабардан» қазақтың ғашықтар күнін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні деп атап, 15 сәуірге белгілегенін, оған арнап ән, бейнебаян жасағанын көріп қалдым. Қуандым, себебі соңғы кезде біздің жастар қайдағы жоқ Валентин күнін тойлап кеткені мәлім. Дендеп бара жатқан ол «мейрамды» біздің руханиятымызға кірген шөңге десек, алақанға кірген шөңгені бірден жұлып алсаң, ауырады ғой, сол секілді мына «шөңгені» де ақырын ғана, жастарымыздың көңілін өзгеге аудару арқылы алып тастау керек. Сол үшін халық­тың аңызы, фольклорынан бастау алатын Қозы мен Баян күнін ұсынуды құптаймын.

Ғаділбек Жанай, әнші:
– Ғашықтар күні дегенді өз басым аса іздей қоймаймын. Әйтсе де айналамыздағы құрбы-құрдастарымыз өзгенің мерекесін өзінікіндей тез сіңіріп қана қоймай, соның жетегінде кетіп жатқанда, бұл мәселеге бей­жай қарап отыруға болмайтынын түсінеді екенсің. Әулие Валентин күнін әрбір жас өзіне жат екенін, оның әлдебі­реулердің өте бір шеберлікпен жүргізіп отырған саясаты мен бизнесі, оның басты мақсаты біз секілді енді ғана аяқтан тік тұрып келе жатқан елдердің санасын улап, қалтасын тонау еке­нін түсінуі керек. Сонда барып, біз өзіміздің түп-тамыры­мызға үңіліп, өз келбетімізді айқындауға ұмтылар едік, өзгенің жетегінде кетпей. Себебі бір арнадан көріп қалдым: ақпанның 14-і күні бір бай бизнесмен, өзі үлкен қонақүйдің иегері «бүгін біздің қонақүйге келушілер аяғы басылмай тұр, күнде осындай мереке болса» дегендей сұхбат беріп тұр. Міне, бұдан артық қандай дәлел керек? Осы тұста мұндайға тойтарыс беретіндей тегеурінділік таныта алар болсақ, бізге де махаббат мейрамын, яғни, ғашықтар күнін енгізу керек. Онда да ұлттық тұрғыда берері болса, ал басқадай сипатта болса, онда қазаққа оның түкке де керегі жоқ. «Еларнаның» бастамасы бойынша «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні деп насихатталып жатыр ғой, бірақ менің жеке пікірім, оны жай ғана Ғашықтар күні деп атау керек сияқты. Себебі Қозы мен Баян десе, бірден олардың қосылмай кеткендігі еске түсіп, осы жағы үркітетін секілді.

Ержан ҚОСБАРМАҚОВ, дәстүрлі әнші:
– Өз басым осындай бір күннің болғанын құптаймын. Себебі әр ұлттың өзінің дәстүрі бар, салты бар, ендеше, өзіндік асқақ сезімі де бар. Жастардың көзқарасына қарасақ та, осыны күтіп жүргендей. Және уақыты да жақсы: қар кетпеген ерте көктем де емес, шыжы­ған ыстық та емес, жайма-шуақ, мамыра-жай сәуірдің дәл ортасы, көктемнің де дәл ортасы. Тіршіліктің өзі тіріліп, жан бітіп, дүр сілкінген тұсы. Ол адамзатқа әсер етіп, әр жүректі селт еткізері сөзсіз. Ал енді жаппай өріс алып, қолданысқа енуі үшін, әрине, ақпарат құралдарының бұған жанашырлық танытқаны, осы күні шаңырақ құрған жандарды дәріптегені дұрыс десек, өнер мен мәдениет өкілдерінің түрлі кештер мен концерттерге ұйытқы болғаны дұрыс. Сонда бұл тезірек сіңіп, тезірек қалыптасып, аяқтан тік тұрып кетер еді.

Махаббатсыз дүние бос...
***
Махаббатсыз дүние бос –
Хайуанға оны қосыңдар.
            Абай ҚҰНАНБАЕВ
***
Әркімнің мінген аты – өзіне тұлпар,
Әркімнің сүйген жары – өзіне сұңқар.
                                  Сырым ДАТҰЛЫ
 ***
Сұлуды сұлу деме – сүймеген соң,
Асылды асыл деме – кимеген соң.
Жақсыларға не керек қошемет қып –
Шарапаты ешкімге тимеген соң.
***
Қара жер қыс болмаса, қар бола ма,
 Заманың зар қыспаса, тар бола ма?
 Қаншама сүйдім-күйдім десең дағы,
 Кісіге кісі жары жар бола ма?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста