«Маса» мен «Оян, қазақ» жарық көргелi 100 жыл
Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ұлттың ұлы ұстазы, алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағы мен ақын Мiржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» атты кiтаптарының алғашқы жарық көргенiне 100 жыл толуына арналған ғылыми кеңес мәжiлiсi болып өттi.
Институт директоры академик С.Қасқабасов кiрiспе сөзiнде екi кiтаптың ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында үлкен серпiлiс тудырып, елеулi ықпал туғызған елеулi оқиға болғандығын атап өттi. Ахаңның «Маса» жинағы турасында әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Iсмақова баяндама жасап, жинақтың бұрынғы және кейiнгi басылымдары туралы кеңiнен тоқталды. Филология ғылымының докторы, профессор Жұмағали Ысмағұлов алашын атқа мiнуге ұран салып, дабыл қаққан Мiржақыптың «Оян, қазағына» байланысты келелi баяндамасында аталған кiтаптың тағылымдылық мән-маңызын айтып, ұлттық әдебиеттанудағы алар орны турасында пайымдады. Аталған жиынға белгiлi әдебиетшi ғалымдар мен бiрқатар қаламгерлер қатысып, жалпы алаштануға байланысты тұшымды ой-пiкiрлерiн ортаға салды.