Бұл әншіні жұрт теледидардан да, радиодан да, әртүрлі кештер мен концерттерде де жалықпай тыңдайды. Қазақтың кішкентай ғана нәзік қызы кең диапазонды даусымен сахнаны жара ән салғанда, еріксіз таңдай қағасыз. Әнші Маржан Арапбаева AFISHA.NUR.KZ порталына берген сұқбатында әншіліктен басқа табиғатына тән өзге де өнері туралы, бүгінгі дәрежеге жетуінің қыр-сыры, сондай-ақ, анасы берген тәрбиесі жайында естеліктерімен бөлісті.
Маржан, өзіңізді алғаш жұлдыз ретінде сезінген сәтіңіз есіңізде ме?
Маған танымалдылық уақытпен келді. Қоржынымда бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардан алған жүлделер бар. Бірақ олардан кейін жұлдыз болып кеттім деп айта алмаймын. Біреулер танып, амандасып жатса, кейбіреуі әлі білмейтін еді. Жұртқа танымалдылығымды арттырған "Екі жұлдыз" жобасы деп ойлаймын. Бұл телевизиялық жоба туралы бөлек айтып кету керек. Оған қатысушы әртістер құрамы мықты болды. Жобаға жай қатысып көрмек болғам. Жеңімпаз атану былай тұрсын, үш ай бойы жобада жүру ойымда жоқ еді. Сол жерде бағымыз жанып, бірінші орынды иелендік. Алайда, менің бүгінгі дәрежеге жетуім - бір күндік шаруа емес, атақ маған уақыт өте келе келді.
Сәл шегініс жасап, балалық шағыңызға ойыссақ, туып-өскен өлкеңіз - оңтүстік өңір. Ауылыңызға ат басын тіреп тұрасыз ба?
Ауылым - өте керемет жер, өкінішке орай мен ол жаққа өте сирек барамын. Ауылда әкем тұрады, анам қайтқаннан кейін үйден бұрынғыдай таба нанның исі шықпайды. Барған сайын анамды сағынам.
Анаңыздың сізге үнемі айтып отыратын қандай сөздері есіңізде?
Біз бір үйде алты баламыз. Анам тарих пәнінің мұғалімі болды. Ол кісі балаларын адалдыққа, адамгершілікке тәрбиеледі. "Ешқашан алдама, басыңды кесіп алса да, шыныңды айт" деп отыратын. Біз анамызға әлсіз жағымызды көрсетпеуге тырысатынбыз. Өз басым бір қиындыққа тап болсам, оны анама айтуды дұрыс көрмедім. Әр әншінің басынан өтетін "жұлдыз ауруымен" ауырып әлдеқандай боп жүргенімде, анам "кеш болмай тұрғанда жерге түс" деп орныма қойды.
Ал, өз қыздарыңызды қалай тәрбиелеп жатырсыз?
Мен қыздарымды өз анам сияқты тәрбиелеймін. Одан асып ешқайда бармайсың. Анама қатты ұқсағанмын – өте жылдаммын. Ол кісіден дарыған бір қасиет – өзіңді ортаға сай ұстай білу. Қарапайым халықтың тілін табу да, зиялы ортада өз-өзіңді лайықты ұстау да үлкен өнер екен.
Талантты адам барлық жағынан талантты. Бойыңыздан әншіліктен басқа қандай өнер табылады?
Мен суретті жақсы саламын. Егер әнші болмасам, стилист немесе бет әрлеуші ретінде қыздарға түрлі шаш үлгісін, әдемі макияж ойластырар ма едім. Содан соң, аспаздық өнерге жақынмын. Ас үйден шықпай, тамақ әзірлегеннен шаршамаймын.
Сізден вокал бойынша дәріс алғысы келетін жастар өте көп. Шәкірт тәрбиелеуге ниет бар ма?
Ондай ой бар, бірақ... Мектеп ашуға жауапкершілікпен қараймын. "Маржан Арапбаеваның студиясына келіңдер деп" адам жинап алып, мұғалімдерге табыстап, кете алмаймын. Ол үшін өзім істің басы-қасында болуым керек. Қарақат Әбілдина секілді нәтижесін халыққа көрсету қажет. Әзірше ол туралы терең ойланбадым. Оңай нәрсе емес.
Соңғы жылдары той әндері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті, тыңдайтын ән қалмай бара ма, қалай ойлайсыз?
Егер халық "До-ре-ми-фа-соль-ля-си -імсің" деген әнге билеп, ол үшін ақша ұсынса, демек халықтың талабы сол. Яғни, оларға көңілді ән керек. Жастар шетелдің музыкасын тыңдағанша, осындай қазақша әнге билесін. Әртістер сондай ән айтуға мәжбүр. Нан табу керек, өмір сүрудің амалы бұл. Сондықтан мен ештеңе айта алмаймын. Өзімде де ондай әндер бар. Әндерімді "тойдыкі", "концерттікі" деп бөлмеймін.
Жұмыс арасында, қолыңыз қалт еткенде немен шұғылданасыз?
Оқушы кезімде ұнатпайтын спортты қазір жақсы көріп кеттім. Денешынықтыру сабағынан қашатынымды еске түсірсем, күлкім келеді. "Үш" алған кезім де болды. Суда жүзудің денсаулыққа пайдасы зор, дене сымбатына да жақсы. Сондықтан, бос уақытымда денсаулыққа мән берем. Гүл еккенді жақсы көрем.
Бүгінгі таңдағы ең үлкен жетістігіңіз?
Қазіргі таңда мен көп нәрсеге қол жеткіздім. Бастысы отбасым, балаларым, баспанам, сүйікті жұмысым бар. Біреуден артық, біреуден кем емеспін. Алланың құдіретімен, халықтың қолдауымен біртіндеп өсіп-өніп келе жатқан жанмын. Осылай шапқылап жүргеніміз сол халықтың қолдауының арқасында. Естігіміз келеді, көргіміз келеді деген тыңдарманымның талабы.
Ендеше, тыңдармандарыңыздың қатары көбейе берсін, сұқбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен: Эльмира Асқарқызы
МАРЖАН АРАПБАЕВА: Мені дер кезінде орныма қойған - анам
Последние статьи автора