Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Бұла бұлақ» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұттың жаңа жинағына соңғы жылдары жазған түрлі жанрдағы еңбектері енгізілген.
Бүгінгі күннің өзекті тақырыптарына қалам тартқан қаламгердің «Әкім кеткен күн», «Шибөрінің бүргесі», «Әкімнің әйелі», «Тәржіман тірлік», «Иттің құқығы», «Қозапия», «Сізді сүйген қыз едім», «Қалтарыстағы қоңырау» деген туындыларында заманның өмір шындығы мен кейіпкер образы да ашық көрініс тапқан.
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:
– 1980 жылы «Сыр бұлақ» деген кітабым шықты. «Бұлақ» деген тіркесі бар кітаптарыңыз шыға бере ме?» деген сияқты сын-пікірлер айтылып жатыр. Ал бұл кітаптың «Бұла бұлақ» болып аталуына белгілі әдебиет сыншысы, марқұм Зейнолла Серікқалиевтің айтқаны бойынша осылай ат қойылыпты. Кейіннен жоспар бойынша осылай аталды. Дегенмен бұл кітапта кейінгі жылдары жазған әңгімелерім, оның ішінде қазіргі заманғы кейіпкерлер көптеп кездеседі. Әзіл мен шындық астасқан, ирониялық әзілдерді арқау етіп жазылған дүние. Әрине, бағасын оқырман өзі береді.
Шара ӘДІЛОВА, оқырман:
– Мархабат ағаның шығармаларының ерекшелігі жазушылық шеберлігінде жатыр. Ондағы детальдар халықтың өмірінен алынып, юморлы тәсілдер арқылы оқырманын қызықтырады. Әрі күлкі астарынан оқушыға еріксіз ой тастайды. «Кандидаттың имиджі» деген шығармасы осы ерекшелікті айқындап тұрғандай.