Абай – бүтін бір қазақ ұлтының «әдеби орта», «мектеп», «дәстүр» деген ұғымын қалыптастыруға себепкер болған тұлға. Абайдың «Ескі бише отырман бос мақалдап, ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деген сөзін бұрмалап, ол Бұқар, Шортанбай, Дулаттардың өлеңін «жоққа шығарды, түкке тұрғысыз» деп баға берді деп, өзіне дейінгі жырауларға қарсы қойды. Әженің әңгімесін, атаның әділ де қатал нақылын естіп өскен Абайдың өзінің төл суатынан сусындамауы мүмкін емес. Тек онымен шектелмей, Ахмет Риза медресесінде, орыс мектебінде шығыс шайырлары мен орыс, батыс әдебиетімен де таныс болуы – ізденімпаз, талапты жас үшін заңды дүние. Әлемнің озық әдебиеті мен мәдениетінен сабақ алған Абайдың «бас ақын» болып қалыптасып, маңайына өлеңге, өнерге құмар жандарды жинамауы тағы да қисынға келмес. Алысты барлайтын, көкірегі сәулелі ақын «Абайдың ақындық мектебін» қалыптастыра білді.
Кеңес дәуірінде көзге шыққан теріскендей көрінген Абайдың ақындық ортасын зерттеу мәселесі осы істі бастаған М.Әуезов, Қ.Мұхамедхановтарға да оңайға тимей, жолдарын кес-кестегені тағы бар. Пушкинтану ғылымы орыс әдебиетінде әлдеқашан 1912-1913 жылдары-ақ басталып кеткенін ескерсек, әрине, ішіміз ашиды. Десек те, абайтанудың кенже қалған осы бір зерттеу нысаны Мұхтар, Қайым аталардың бастап, Б.Ердембеков, Ж.Әубәкірлердің қостауымен, Абай мұрасына Алланың сөзі – Құрандай аялап қарайтын адал зерттеушілер легі әлі де шығады деген сеніміміз зор.
Кеше
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, абайтанушы, филология ғылымының кандидаты:
– Кеңестік кезеңде абайтанудың «қоғамға жат» саналған саласының бірі – Абай мектебі. «Абайдың ақындық мектебі» концепциясын М.Әуезов ұсынды. Әлем әдебиеті бойынша әдебиеттану ғылымында «мектеп» термині бар. Әлем әдебиетіндегі мектептер, үйірмелер, әсіресе батыстың әдеби салон-клубтары маңайына ақын шәкірттер жинап, тәрбиелеген Абайдың қарекетін еске түсіргенімен, екі түрлі қоғамдағы бұл әдеби топтардың табиғи нышандары қабыса бермейтінін де ескеруіміз керек. Бұл арада ұлттық әдебиетіміздің өзіндік ерекшеліктерімен санасқан жөн. Абай дәстүрі – біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы лектің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда, дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады.
1950 жылдардағы «Абайда мектеп болған ба, жоқ па»? деген даудың тууына ақындық мектеп мәселесіне қатысты нақты меженің жоқтығы да себеп болды. Соның салдарынан біреулері Абай мектебін тар мағынада, яғни айналасындағы ақын шәкірттерімен шектесе, екінші зерттеушілер тобы мектеп мағынасын кеңейтіп, оның аясына дәстүр жалғастырушылардың барлығын кіргізді. Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде, Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер арасындағы байланыс бір бөлек, кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәстүрін жалғастырушылар жеке тақырып ретінде қарастырылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиетке әсері деген мәселелерді ажыратуға мүмкіндік туады.
Саяси қысымның салдарынан Қ.Мұхамедханұлы 1959 жылы диссертациясының атын ғана емес, идеясын өзгертуіне тура келді. Абай шәкірттері деген ұғым еріксіз ақынның төңірегіндегі ақындар деп ауыстырылды. 1951 және 1959 жылғы екі диссертацияның құрылымында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Саяси сынның салдарынан кейінгі еңбек біраз қысқарған. Алдыңғысында Тұрағұлдың аты аталмаса да, бірнеше өлеңдері мен аудармаларына шолу жасалса, кейінгі диссертацияда ол жоқ. 1951 жылғы еңбектегі даудың үлкені Көкбай Жаңатайұлына, оның «атышулы» «Сабалақ» дастанына байланысты болғандықтан, Абайдың қасында 25 жыл дос болған талантты ақын Көкбай да кейінгі еңбегіне енбей қалды. Сөйтіп, Шәкәрімсіз, Көкбай мен Тұрағұлсыз, ал бар ақындардың өзі тек «советтік шеңберге» сыятын шығармалары арқылы танылып, бір сөзбен айтқанда, құйрық-жалы күзеліп, Абай мектебі ғылымда қорғалып шықты. Оның өзінде — Қ.Мұхамедханұлының бірбеткей табандылығының, төзімділігінің арқасында.
Абай мектебімен қоса, М.Әуезовтің 1950 жылы жарияланған «Ақын аға» романы да сынға ұшырап, жарыққа шықпай жатып жойылды. Абай мектебі тақырыбы «Ақын аға» романының негізгі арқауы болғандығын сол кездегі қырағы цензура қалт жібермеді. Кейінгі шыққан «Абай жолының» төртінші кітабында сәтті толықтырулар болды дегенімізбен, «Ақын ағадағы» негізгі идея – Абайдың ақындық мектебі көмескіленіп қалды. Мәселен, романға арқау болатын Көкбайдың, Әріптің өлеңдері еріксіз енбей қалды. Әсіресе Көкбай бейнесі қатты зардап шекті.
Басқасын былай қойғанда, Абайдың ең көрнекті ақын шәкірті әрі туысы Шәкәрімсіз Абай туралы роман жазу жоқтан бар жасаумен барабар еді. Шұбар – Шәкәрім – Дәрмен. Бұл үштік Әуезовтің саяси талапқа қарсы жасаған айласы еді. Көкірегі ояу оқырман Дәрменнен Шәкәрімді тапты. Ал саяси танымның қажеттілігі үшін Шұбардың прототипі – Шәкәрім. Әуезовке осылай амалдауға тура келді. Өмірде Құнанбай туыстарының ішінде Шұбар деген адамның болғаны да рас. Абай елінің шежірешісі Б.Исабаевтың айтуынша: «Өскенбайдың өр тоқалы Таңшолпаннан Шұбар, Елеусіз, Тілеуберді туады». Әйтсе де Әуезовтің сомдағаны – бұл Шұбар емес. Эпопеядағы Шұбар бейнесі – Әуезовтің саясатқа тосқан қалқаны.
Романда Абайдың ақын балалары Мағауия, Ақылбай, Тұрағұлдардың бейнелері саяси сынның уысынан шыға алмады. Әйгерімнің көңіл күйіне ғана қатысты аты аталып қана қалған омыраудағы екі жасар Тұрағұлды құбыжық көріп, «кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен, аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі» деген сорақы сын Тұрағұлдың атын «Абай жолынан» мүлдем сызғызып тастады. Бір сөзбен айтқанда, ұлы жазушының дәуірнамалық туындысында ең негізгі тақырыпқа айналатын, айналуға тиіс болған Абайдың ақындық мектебі тоталитарлық жүйенің құрбандығына шалынды. Сонымен, Абай мектебі концепциясына қатысты ғылыми тұжырымдар мен түйінді мәселелерді сөз етуіміздің мақсаты дауға айналған тақырыптың көкейкесті деген тұстарына мән беріп, абайтану ғылымындағы орнын айқындай түсу десек, ендігі мәселе – тікелей қарым-қатынаста болған ұстаз бен ақын шәкірттер арасындағы рухани байланыстардың нақты көзін ашу.
Бүгін
Қанша жыл Абай аудандық әкімдігінде әкімнің орынбасары қызметін атқарған шыңғыстаулық ақын Төлеген Жанғалиев 50 жастан кейін лауазымды қызметін ұстаздыққа ауыстырды. «Темір де, адамның жүйкесі де тозып, жүрегі ақырын соғатындықтан, орынды жастарға беріп, ұстаздық етуді жөн көрдім» деген Төлеген ағаның негізгі мамандығы – филолог. 1996 жылы қоғамдық негізде ашылып, арнайы «мектеп» деген дәрежесі болмаса да, мектептің жүгін көтеріп тұрған Абайдың ақындық мектебі Абай туған өлкеде жалғасын табуда.
Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, ақын, халықаралық Жамбыл қорының лауреаты, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі:
– Ақындық қабілетім болғандықтан, балаларға ақындықты үйретейін деген оймен сынып аштық. Кезіндегі аудан әкімі Қонысбай Қойшыбаевтың себепші болуымен арнайы екі штат бөлінген. Аудан әкімшілігінің бюджетінен қаржыланады. Отыз шақты баланы өлең жазуға үйретіп келемін. Оның барлығы ақын да, жазушы да болмауы мүмкін. Ұлылар елінде отырғаннан кейін, ұлылар ұрпақтарын әдебиетті, поэзия, прозаны, шығармашылықты сүюге, әнге әуес, күйге құмар болып өсуіне мұрындық болуымыз қажет. Сыныптан шыққан ақындардың нашары жоқ. Алды танымал ақын, танымал журналист, танымал ғылым кандидаты болып жүр. Оның барлығы әдебиетті, өлеңді сүйгендіктен. Әттеген-айы – гимназияның бір сыныбында ғана отырғанымыз. Көрнекі құрал, тіпті домбыра да жоқ. Ел бір адамның ғана ойынан шығып отырған дүние ғой деп ойлайтын секілді. Соған назданамын. Өзімде оқыған екі шәкіртім қасымда бірге істеп жатыр. Біз де періште емеспіз, пайғамбар жасынан кейін, тізгінді соларға беріп кетеміз. Себебі бұл өлсе, Абайдың сөзі де өліп қалады. Шәкірттерім жылда дәстүрлі түрде өтетін Абай-Шәкәрім оқулары бәйгесінің алдын бермейді. Байқау – Абайда өтетіндіктен емес, оларда ерекше қабілет, арқа, ең бастысы, тек бар. Мен алдыма келген баланың алдымен тегіне қараймын. Арғы бабасында, нағашы жұртында ақындық өнер болса, ұрпақ ауыса келе қайталанады. Оқушыларым Атыраудағы Махамбет, Жетісудағы Мұқағали оқуларынан да жүлделі оралды.
Түйін
«Абай дәстүрі, мектебі» – тарих тезінен өтуі, кеңестік кезең мен кейбір түсінбестік танытқан жандардың теперішін көруімен құнды. Абай мұрасын зерттеушілер қауымы мен сөз киесін ұғынған ұрпақ Алланың қазақтың маңдайына берген Абайдай алыбының күллі дүнияның бахрасына сатылмайтын бағалы жақұтын көздің қарашығындай ұстауы ләзім. «Абайдың ақындық ортасының» кешегі тарихы мен бүгінгі жаңа парағы да соны меңзейді.