Отанды сүйюге шақыратын туындылар ұлт құндылығына қырын қарайтын телешенеуніктерден қолдау таппай отыр
«Алашұлы» - қазақ өнерінің жауһары саналған жыраулар поэзиясы мен жыр-термелерін заманауи музыканың нақышына салып, жас пен жасамыстың жүрегіне жол тартты. «Қайтсем қазаққа қызмет етем» деген кешегі алаш ұлдарының ұранын арқау еткен «Алашұлын» біз де етене танып білуге тырыстық. Осы орайда топтың әншісі Мақсат РАХМЕТ біз салған сауалдарға жауап берген еді.
- Мақсат мырза, «Алашұлы» этно тобы қазақ сахнасына соны леппен келді. Әнші жігіттердің басы қалай бірігіп, топ жарып шықты?
- Топ Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын оқып жүргенімізде құрылды. Мен алғаш болып идеямды ортаға тастап едім, қалған жігіттер де қостай кетті. Сөйтсем ол жігіттердің де ойында осындай жобаны жандандыру жүрсе керек-ті. Сахнаға шығарда бірге оқыған өзге де жора-жолдастарымыз қарап қалмады. Бірі- сахналық биімізді үйретсе, бірі киер костюмдеріміздің үлгісін сызып беріп қолқабыс болды. Осылайша көптің желеуімен, тыңдарманның қошеметімен өнер сахнасынан өз орнымызды таптық.
- Кей қазақтар қазақ болудан қашып жатқан уақытта тыңдарман жүрегіне жол табу оңайға түспеген болар?
- Көрермен көңілінен шығу қиын болды дей алмаймын. Себебі, ұлттық өнер мен мәдениетке құрметі шексіз тыңдармандар құдайға шүкір, жетеді. Солардың қошемет құрметінің арқасында сахнаға сіңісіп кеттік. Сахнада жүрген аға буын өкілдері мен тыңдармандар тарапынан қолдау болды. Алайда, тағы сол жаһанданудың кесірінен көреміз бе, әйтеуір кейбір қазақтарымызға көзге шыққан сүйелдей көрінгеніміз жасырын емес. Біреуге қазақтың сойылын соғу ұнамаса, енді біреулерге Алаш деген идеяны айтудың өзі оң жамбасына тие бермейді екен. Мұны кейін келе түсіндік.
- Сіздер патриоттық тақырыптағы әндерді айтатын болғандықтан, бүгінгі әнші атаулының табыс көзіне айналған той-томалаққа шақырту жиі түсе бермес. Осы орайда «Алашұлының» қаржылай қолдаушысы кім болды?
- Тұрақты демеушіміз жоқ. Концерттерден алатын гонорарымыз бен мен шақырған той-томалақтан тапқанымызға таянып жүрміз. Қаржылай қолдау көңілімізден шығады. Үкімет тарапынан көмек жоқ дей алмаймын. «А+1» продюсерлік орталығының қарамағында қызмет жасаймыз. Осы орталықтың арқасында Елбасы қатысатын үлкен мемлекеттік іс-шараларға қатысып тұрамыз. Өткен жылдың соңында берген концертімізде Алматы қаласының әкімдігі өте үлкен қолдау көрсетті. Енді сәуір айында Астана қаласында кешімізді бермекпіз. Оған да Астана қаласының әкімдігі мен мәдениет департаменті қол ұшын бермек.
- «Намысты қолдан бермес қазақтың баласымын» - деп жырлайсыздар бір әндеріңізде. Бүгінгі азаматтар жігіттік қасиеттерден жұрдай болып бара жатыр деген жұрт пікіріне құлақ асар болсақ, қара күш иелеріне қандай мінез жетіспей тұрғандай көрінеді?
- Бүгінгі жігіттерге ірілік жетіспейді. Бұрынғы аталарымыз ірі сөйлеп, ірі тірлікпен айланысқан ғой. Әлеуметтік желі деген пәлелер қазақ жігіттерінің табиғаты мен болмысына кесірін тигізіп жатыр. Инстаграмда оқырман мен лайк жинау мақсатында ер азаматқа тән емес қылық көрсетіп, ұятты тірліктерге барып жатады. Осындай арзан дүниелердің салдарынан қазақ жігіттерінің ұсақталып бара жатқаны жасырын емес. Баяғы Мұхтар мен Ахметтердей кітап оқып, білім-ғылымның шырағын жағып қоғам дамуына үлес қосатын азаматтар қайда кетті деп ойлайсың. Қарапайым отбасы мәселесінде әлжуаздық танытатын азаматтар бар.
Әлеуметтік желіде ұлтқа бір тиын пайдасы жоқ, бір қазақты бір қазаққа айдап салған адамдарға еліктеушілік басым. Нағыз мықты жігіттердің желіде отыруға уақыты да болмас еді?! Алтын уақытын теледидар мен интернетте босқа өткізгенше қоғамдық іс-шараларға қатысса деймін.
- Жалпы мемлекеттің өнер мен мәдениетке қарасты саясаты көңіліңізден шыға ма?
- «Бұрынғылар ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін. Ал қазір ел боламын десең экраныңды түзе дегенге келеді. Барлығы еркіндікке бой алдырды. Дәстүрлі өнер құлдырау кезеңінде тұр. Себебі ұлттық өнерге көңіл бөлінбей жатыр. Егер осы олқылығымызды түзесек, рухани құндылығымыз арта түсер ме еді. Сонда ғана аузымыздағы сөзіміз түзеліп, айтатын әндер де мағыналы болар еді.
Шетел сахнасында өнер көрсететін кезде ғана дәстүрлі әндер мен ұлттық аспаптарымызға мойын бұрады. Өзгені тамсандырып, босқа желіккеннен не қайыр, өз ішімізде өзімдікі деп, ұлықтай алмасақ. Қалай дегенмен де ұлттық идеологияға қызмет жасайттын құндылықтарымыз көгілдір экраннан түспей, жастарға кеңінен насихатталуға тиіс. Өкінішке қарай, арналарымыз рейтинг өсіреді деп, өсек-аяңға басымдылық беріп жатыр. Ал шын мәнісінде ұлтқа қажет дүниені жарнамалаудан тынбауымыз керек. Сонда ғана еңсесі биік ел боламыз.
- Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде әннің рөлі басым дей аласыз ба? Әлде айтар әніңнен бұрын, жасаған жағдайың жақсы болу қажет пе?
- Егер өзім жүрген ортаға қарасам, көбісі отансүйгіш, ұлтжанды азаматтар көрінеді. Ал, түрлі концерттерде корейдің майысқан жігіттеріне еліктеген қыз-жігіттерді көргенде қарным ашады. Қазір патриоттық тақырыпқа ән жазып жүрген әншілер жетерлік. Тіпті, кез келген әншінің қоржынынан табылады. Бірақ осы әндердің тыңдарманы қанша. Мәселе осында. Жастарға ренжейтіндей жөніміз жоқ. Өйткені отанды сүйюге шақыратын туындылар ұлт құндылығына қырын қарайтын телешенеуніктер мен журналистердің тарапынан қолдау таппай отыр. Өз тамырымызға өзіміз балта шауып жатырмыз.
Сол себепті қазіргі жастарға патриоттық әндерден бұрын, ата-ананың тәрбиесі ауадай қажет болып тұр. Ал баласының жүріс-тұрысын қадағалайтын ата-ананың дені күнкөріс қамымен жүгіріп жүр.
- «Алашұлы» тобына қандай елдердің сахнасында өнер көрсетудің сәті түсті?
- Шетелге жиі шығамыз деп айта алмаймын. Бірақ арасында барып тұрамыз. Мәселен, Үндістан мен Түркияда, Мәскеумен Башқұртстанда концертімізді бердік. Ол жақтағы тыңдарманның қазақтың ұлттық бояуы қанық әндерімен тіліне деген құрмет жоғары деңгейде. Мысалы, Түркияда «Алашұлы» тобының фан-клубы бар. Топтың әндері арқылы қазақ тіліне деген қызығушылығы оянып, тіл үйреніп жүрген қарындастарымыз бар екен. Өткен жылы солардың біразы Алматыға арнайы келіп, студиямызбен танысып, түрлі сыйлықтарын табыстап кетті. Мұны көріп қуанышымыз төбемізге жетті.
- Ел мен жер тағдыры сіздер салған әндердің басты тақырыбы. «Жер дауы, жесір дауы» деуші еді. Өз ішімізде нүктесі қойылмай келе жатқан жер мәселесіне алып қосарыңыз бар ма?
- Ұлттың да, ұрпақтың да алдында жауап беретін адамдар бар. Бұл мәселені оңтайлы шешу сол кісілердің құзырында деп ойлаймын. Дегенмен ел азаматы ретінде жеріміздің шетел азаматтарының иелігінде кетпеуін тілеймін. Осыны айтып шырылдап жүрген ағаларымды қос қолдап тұрып қолдаймын. Қазақтың дархан даласы ата-бабамыздың қасық қаны қалғанша күресіп, табыстап кеткен аманаты. Оны келер ұрпаққа аман- есен жеткізу басты міндетіміз. Сондықтан жеріміз жалға да берілмеу керек, сатылмау да керек. Мендегі талап пен тілек осы.
- Жуырда Ақтөбе қаласының тас жолында болған өрттен көз жұмған қандастарына арнап өзбектің атақты әншілері жарыса ән арнап жатса керек. Тіпті, шейіт болғандардың отбасына арнайы барып, көңіл айтып жатқандарын естіп жатырмыз.
Ал, ел ішінде болған түрлі жәйттарда біздің әншілер төбе көрсете бермейді. Олардың санасын тұрмыс билеп кеткен бе, әлде биліктен үрейленеді деп ойлайсыз ба?
- Біздің әншілердің ауызбіршілігі жоқ емес. Кезінде түнгі клубтардың бірі Пушкин мен Құрманғазы атамызды «жабыстырып» қойғанда алдымен өнер иелері өре түрегелген болатын. Жер мәселесіне келгенде де өз пікірін айтып, жанайқайын жеткізген жігіттер бар. Негізінде арнайы шақыртылған шараларға біреулер уақыты болмаған соң бармас. Кейбіреулер тегін жерде текке жүрем бе деуі мүмкін. Жоғарыда айтып өткенімдей, ел мен жер жайлы ән салмайтын әнші жоқ.
Бірақ ұлтына деген шынайы махаббаты осындай қоғамдық мәселеде байқалады. Мемлекеттік шаралар мен қайырымдылық концерттерге шақырса, қалмауға тырысамыз. Уақыт тапшылығынан, не болмаса өзге қалада болғандықтан бара алмай қалатын сәттеріміз болады. Ал, әдейі бармай қалатын адамдар болса, өзінің арымен ұяты біледі. Ұлтын сүйер адамның айтар әнімен атқарар ісі сәйкес келу керек деп санаймын.