Қазақтың қара шаңырағы, ұлтымыздың үні мен жаны болған Қазақ радиосына биыл – 90 жыл. Мәдениетіміздің мәйегі мен руханиятымыздың бай қазынасын халық ішінен жинап-теріп, оны жас толқынға жеткізіп, ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы қызметін атқарып келе жатқан мекеменің 90 жылдық торқалы тойы аталып өтуде. Тарих-тамыры тереңге кеткен Қазақ радиосының директоры Мақат Садықпен әңгімелескен едік.
– Қазақ радиосының мерейлі де мерекелі 90 жылдығы жоғары дәрежеде тойлануда. Ахмет Байтұрсынұлыша айтсақ, Алаш жұртының «көзі, құлағы һәм тілі» болған Қазақ радиосы туралы аз-кем айтып өтсеңіз...
– Қазақ АКСР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радио хабарларын тарату жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласынан 1921 жылдың қазан айынан бүкіл республикаға трансляция беріле бастады. Қазақ радиосының жүйесінде бүгінде республикалық үш ірі радиоарна бар. Қазақ радиосының ұлттық арна ретіндегі басты мақсаты – мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыру. Онда тәулігіне 24 сағат бойы 150 хабар таратылады. Мұндағы хабарлар эфирге, негізінен, қазақ тілінде, сосын орыс, неміс, кәріс, ұйғыр, әзірбайжан, түрік және татар тілдерінде тарап отыр. Ал «Шалқар» радиосы – Қазақ радиосының қазақ тілінде хабар тарататын құрылымдық бөлімшесі. Бұл радионың құрылғанына 40 жылдан асты. Бүгінде ол тәулігіне 18 сағат хабар таратады. Қазақ халқының рухани мұрасын сақтау және дамытуды басты мақсат ретінде ұстанған. «Астана» радиосы – Қазақ радиосының жастарға арналған танымдық, ақпаратты-музыкалық хабар тарататын құрылымдық бөлімшесі. Әуе толқынына 1999 жылдан шығып келеді. «Ақ ниетпен – әр үйге!» ұранымен жұмыс істейтін радионың тәуліктік шығарылымы қазір 19 сағатты құрайды.
– Қара шаңырақтың қабырғасында қазақ мақтанышына айналған қаншама белді арыстарымыз тәрбиеленіп шыққаны мәлім. Олар кімдер?
– Қазақтың қай зиялысын алсаңыз да, әйтеуір, радиомен байланысы бар екенін бажайлайсыз. Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегенова, Сағымбай Қозыбаев және тағы басқалар осы радиодан түлеп ұшқан еді. Ахмет Жұбановтар Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрін радиода қызмет етіп жүріп құрған болатын. Бұрын «Қазақстан» телеарнасының қызметкерлерінің бәрі әуелі Қазақ радиосында шыңдалып шығатын. Кейінгі жылдары ғана бұл үрдіс жойылды. Қазақ телевизиясының 50 жылдық тарихы болса, соның 45 жылдық ғұмырында Қазақ радиосынан тәрбиеленген майталмандар екені күмән туғызбаса керек. 90 жылдық – радионың ғана емес, барша қазақ зиялы қауымының тойы.
– Осы күні шетелдік радиолармен әріптестік байланыс орнату жағын қолға алып отырсыздар ма?
– Ресей, Белоруссия елдерімен Кедендік одақ құрылуына байланысты Отанымыздың кәсіпорындары, бизнесі, жалпы, барлық сала өз өнімін аталған елдермен бәсекелестікте көрсете білуі қажет. Бұл 90-ға толған Қазақ радиосын да айналып өтпейді. Мысалы, Ресейдің «Голос России» радиосы орыс тілінен бөлек, күн сайын қысқа, орташа және спутниктік желімен 38 тілде тәулігіне 151 сағат хабар таратады. Интернеттегі сайты 33 тілде жұмыс істейді. 150-ден астам бөлімі бар сайттың әлемнің 140 елінде оқырманы бар. Бізге осындай радиолармен бәсекелестікке түсетін заман туып тұр. Бұған дейін қазақ экономикасы мен саясатындағы жетістіктер өз ортамызда ғана айтылса, енді әуе толқындары арқылы алыс-жақын шетелдерге де тарататындай мүмкіндік туары сөзсіз. Бұл ретте «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Н.Мұхамеджанованың біздің алдымызға қойған мақсатты жоспарлары соған үндейді. Бірнеше жыл әлемдік аренадағы радио және телевизия мэтрлерімен әріптес, қызметтес болған, танымал халықаралық компанияны басқарған Нұржан Жалауқызы Қазақ радиосының да дүниежүзілік стандартта халыққа қызмет көрсетуінің бағыт-бағдарын белгілеп отыр.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас...»
Заманауи студиядан жаһанға даусын жеткізген...
Белгілі диктор Әнуарбек Байжанбайдың ұлы Арыс әке жолын қуыпты...
Айшылық жерден жедел ақпарат алғызған...
Әсем әнмен Алаш жұртын оятқан...
Ел-жұрттың көкейіндегіні дөп басқан тілшілер тобы
«Эфирде – Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы Гүлшат Тәкежанова»
Директор нұсқау береді...
Спорт комментаторы сұхбат алу үстінде (Сурет мұрағаттан алынды)
Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері:
– Қазақ радиосы – республика мәдениетінің бел омыртқасы. Жылдамдығы жағынан газеттен де, теледидардан да шапшаң.
Дүниенің түкпір-түкпірінен неше алуан хабарларды алдыменен жеткізетін – радио. Радио қазақ әдебиетін, өнерін насихаттауда, өркендетуде қайыспас қара нардай жүк көтеріп келеді. Халық радионы сүйеді. Әсіресе алыс ауылдар, қияндағы қыстаулар радиосыз қалса, оларға күн тұтылғанмен бірдей. Қазақ радиосы жақсылық жаршысы болсын!
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Ұлтымыздың рухани кемелденуіне қалтқысыз еңбек еткен радио қызметкерлері жаңа жаппай ақпарат дәуірінде бұрынғыдан да биік мәрелерге жетіп, биік мерейлерге ие болмақ. Ләйім, Қазақ радиосының қай кезде де шабыты шалқар, өрісі кең, мерейі үстем бола бергей!
Суреттерді түсірген – Нұрғиса Елеубеков