Түркі дүниесіне қатысты ашылған ғылыми жаңалықтардың алғашқысы Күлтегін, Білге қаған кесенесі болып, бұл үлкен сенсацияға айналған еді. Одан кейінгі орыс экспедициялары ежелгі ғұн ескерткіштерін ашты. Бұл – екінші үлкен сенсация. Ал үшінші үлкен сенсация – Майхан-Ула (Шатыр тау) кесенесі. Биылғы жылдың тамызында түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлының басшылығындағы қазақ-моңғол экспедициясымен аршылған түркі дүниесінің тарихи құбылысы бұған дейін болмаған сенсациялық дүниелер қатарына жатады. Жуырда Еуразия ұлттық университетінде түркі дүниесінің әлем өркениетіне қосқан үлесін дәйектейтін айрықша жаңалық – Майхан-Ула (Шатыр тау) жерасты кесенесінен табылған тарихи-мәдени мұралардың тұсауы кесілді.
Кешегі кесірлі Кеңес Одағы құлап, қирандыға айналғаннан кейін ұзақ жылдар бойы иесіз қалғандай күйде жатқан түркітану ғылымына жан бітіп, ұлт ғалымдары баба мәдениеті мен мұрасын зерттейтін жауапты жұмысты қолға алған болатын. Содан кейінгі кезеңде Орхон бойындағы Күлтегін баба ескерткішінің көшірмесі елордадағы ордалы оқу орнына орналасып еді. Кейіннен осы университет жанынан Түркі және алтайтану орталығы ашылып, сол орталық 2010 жылдан бастап Моңғолия Ғылым академиясының Тарих институтымен келісімшарт жасасты. Үстіміздегі жазда Орталық Моңғолияда қазба жұмыстарына кіріскен-ді. Нәтижесі – Майхан-Ула кесенесі. Қазақ-моңғол бірлескен экспедициясы қазақстандық тараптың басшысы, түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы өркениет қатпарларынан сыр шертетін ғажайып кешен аймағын осыдан 20 жыл бұрын байқағанын айтады. Оның көк түріктердің дүниесі екеніне көзін жеткізе жүріп, тынымсыз ізденіске барады. «Мұны қазуға бүгінге дейінгі археологиялық тәсілдер жарамайтын еді. Сондықтан да Египетте болып, жерасты кесенелерімен таныстық, Батыс Қытайда, Қытайдың 12 династиясының астанасы болған Цянь қаласында, Бейжіңде болдық. Сондағы жерасты кесенелерімен таныстық. Әлемдік тәжірибелерді зерделей жүріп, түркі өркениетінің мәдениетін, салт-дәстүрін сабақтай отырып, кесенені қазуға бел байладық», – дейді Қаржаубай Сартқожаұлы. Сөйтіп, қазба кезінде Қазақстан жағынан негізгі жұмысты археолог, жас ғалым Жан-тегін Қартқожаұлы, Моңғолия тарапынан Л.Эрдэнэболд жүргізіп шығып, аса ауқымды тарихи құбылыстың сырын ашуға қол жеткізді. Ең бастысы, VII ғасырдағы ер түріктің қағаны жерленген жерасты кесенесінің құрылымы толық сақталды, бұған дейін беймәлім болып келген ежелгі түркі өркениетінің жаңа беті аршып алынды.
Ұлы емей немене, ұлы түрік баласы
Ескінің көзіне жаңаша ғылыми әдіспен қол салған археологтер кесенені радиусы 50 метрге келетін шеңбер ішінен тауыпты. Табылған мазар аумағы – 34-36 метр, оған барар дәліздің ұзындығы – 42 метр. Қорым жер бетінен 8 метрлік тереңдікте жатыр. Кесененің теңіз деңгейінен 1000 метр биіктікте орналасқан үлкен обасы бар. Үш метрдей қазылғанда ең әуелі қорымға кіретін есік көрінді. Ал 8 метрлік тереңдіктен ағаш табыт қазып алынған. Табиғи жартастан қашап алынған қорымның екі қабырғасы кәдуілгі сары балшыққа селеу шөпті араластырып сыланған. Ұзын дәлізді бойлай бес жерден арка жасалған. Үш метр сайын кездесетін бұл ескі аркалардың сырты таспен бітелген. Ең ғажабы, соңғы бесінші арканың есігі алтын құлыппен (!) бекітілген. Алтын құлыпты есіктің арғы жағы тіптен ғаламат. Онда бойы 20-50 сантиметрлік түркі ерлерінің қыштан соғылған 95 мүсіні тізіліп тұр. Олардан салтанат құрған орда адамдары екендері байқалады. Біреуінің қолында қобызға, енді бірінің қолында сыбызғыға ұқсас аспаптары да бар. Жалпы, жерасты кесенесінен 350-ге тарта мұра шыққан. Олардың арасында: тұлпар мінген түркі жауынгері, қайтпас қас батыр тұлғасы, сайлауытты аттар мен саяқ жатқан тазы, жаһұтты жүзік, саф алтыннан құйылған қағанның ыдысы, түркілік үлгімен нақышталған алтын тәж, сондай-ақ қияқ мұртты байырғы түркілердің бейнесі бар. Осылармен қатар, ежелгі Византия, соғдылардың алтын ақшалары мен төл түркінің алтын теңгелері де кездеседі. Нақты заттай айғақтармен қоса, бұл кесене жақтауларына сол дәуірдің озық мәдениетінен сыр шертетін түрлі қабырға суреттері салынған. Атап айтсақ, арғымағын сайлаған атқосшы, бәйтеректі пір тұтқан түркі бейнесі, тәңірлік сенім үйі – қайқышатыр ғибадатхана да ап-айқын. Ғибадатхана үстінен құстардың ұшып бара жатқанын көресіз, бұл – «адам жаны ұшып кетті» дегенді білдіретінін айтады ғалымдар. Әсіресе дәліз қабырғасына бойлай салынған 9 метрлік алып жолбарыс бейнесі ертеден жалғасып келе жатқан «жолбарыс» тотемді бабаларымызды еріксіз еске салады.
Көк түркілер өркениеті қандай болды?
Майхан-Ула кесенесінен табылған мұралар арқылы сол дәуірдегі түркілердің бет-бейнесін анықтауға болады. Мәселен, кесенеден табылған заттай айғақтардан сол дәуірдегі түркі ерлерінің шаштарын ұзын өсіріп, құлақтарына сырға таққанын байқауға болатындай. Ордадағы түріктердің шаштарына шашқап кигеніне дәлел ретінде алтын шашқаптар мен олардың алтын түйрегіштері де табылғанын түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы растайды. «Біз, еуропаланып, батыстанып кеткен қазақтар, арғы атамызға таңырқай қарап, тіпті оларды өзімізге жақындатудың орнына кәрістерге, қытайларға ұқсатамыз. Бұл біздің өз бабаларымыздан тым алыстап кеткенімізді білдіреді. Ал VII ғасырдағы түркінің шаруашылығы, өмір сүру салты қандай болды? Бұған дейін айтылып жүргеніндей, ежелгі түркілердің бәрі бірдей көшпенді болмаған секілді. Өйткені осы кесене маңайында жеті қаланың орны бар. Кесененің ішінен тауық та табылды, – бұл көшпелі халықтың дүниесі емес. Сол үшін ата-бабаларымыз жартылай көшпелі, жартылай отырықшы болғанға ұқсайды», – дейді ғалым. Рас, мұндай жаңалық ғылыми айналымға енді ғана түсіп отыр. Ендеше, ежелгі баба шаруашылығының түрлерін, мәдениеті мен дәстүр-салтын анықтауға беретін ақпарат та Майхан-Улада мол. Келешекте түркітанушылар осыған ерекше назар аударса игі. «Тізеліні бүктіріп, басы барды идірген, аз халықты көп етіп, аш халықты тоқ еткен» көк семсерлі көк түркілер өз дәуірінде жарты әлемге билігін жүргізгенін ғылыми дәлелдермен ұрпаққа танытудан ұтарымыз да мол болмақ. Оның үстіне байырғы түркі қағандары астана салып, бөрілі байрағын байлаған моңғол жері бүгінде тұнып жатқан ескі түркі мәдениетінің алтын бесігі саналатынын естен шығармауымыз керек.
Қаржаубай Сартқожаұлы, түркітанушы:
– Кесененің ашылуы тамыздың 19-ында Моңғолияда өтті. Оған сол елдің білім министрі, біздің елшілік барды. Мұның ашылуына дүние елдеріне сенсация ретінде жаңалықтар тарап жатты. Бір аптаның ішінде Моңғолияның Министрлер Кабинеті 70 гектар жерді тарихи-мәдени қорық деп жариялап, сол орындағы 3-4 қыстауды көшірді. Моңғолия үкіметінің белсенділігін байқадық. Ендігі іс Қазақстанға тіреліп тұр. Моңғолия тарапы «Қазақстан осы жерге мұражай салса, ол Қазақстан-Моңғолия біріккен мұражайы деп аталса» деген ұсынысты да айтты. Расында, Күлтегін, Білге қаған ескерткіші табылған жерде Түркия Республикасы 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді, арнайы мұражайлар да ашып жатыр. Келесі жылдан бастап ұшақ қонатын шағын әуежай ашпақшы. Жапония елі Шыңғыс ханның алғашқы астанасы болған жерге мұражайлар, зертханалар орнатты. Бұл туризмді дамытуға, сол арқылы түркінің дүниесін әлемге танытуға мол мүмкіндік екені рас. Бұл мүмкіндікті Моңғолия Қазақстанға да беріп отыр. Осыны пайдалансақ екен. Өйткені түп-төркінімізбен сабақтасатын көп дүниеміз де, түркілердің ежелгі астанасы да осы Моңғолия жерінде тұр. Түркілер астанасы болған қаланың жалпы аумағын картаға түсіріп, немістер мен жапондар бірлесіп қазба жасап жатыр. Ал біз оған кірісе алмай отырмыз. Сондықтан да біздің үкімет белсенді кіріссе, бүкіл түркі әлемінің ең алғашқы астанасына қазақ ғалымдары да кіріге алады. Бұған басты керегі – Қазақ үкіметінің пиғылы. Үкімет атына, Мәдениет, Білім және ғылым министрліктеріне де хат жолданған. Жауап күтудеміз.
Майхан-Ула кесенесі – түркі дүниесінің тың жаңалығы
Последние статьи автора