Алматы облысының Лепсі ауылындағы мәрмәр бағананы ауыл адамдары Әмір Темір кезеңінен қалған ортағасырлық мұра болуы мүмкін деген жорамал жасайды. Бұл тастың ресми табылған уақыты – 1991 жылдың жаз айы. Сол кездегі «Лепсі» кеңшарының егіс алқабынан табылған. Егіс даласында жұмыс істеп жүрген механизаторлардан көміліп жатқан көне гранит тасы туралы кездейсоқ естіген мектептің тарих пәнінің мұғалімі Мухарам Хайбулин оған жәдігер ретінде ешкім мән беріп қарамағандықтан, қазып алып, өзі тұратын Киров көшесіне әкеліп орнатқанын айтады.
Жалпы, бұл өлкенің әр тасы – тұнып тұрған тарих. Мұнда кезінде Шоқан Уәлиханов, Петр Семенов-Тянь-Шанский секілді атақты ғұламалардың ізі қалған. Ал азамат соғысы жылдарында ақтардың ат байлаған орны. Ақсақ Темірдің де бұл өлкені айналып өтпегені тарихтан белгілі. «Бұл XIII ғасырдың соңы – XIV ғасырдың басында Ақсақ Темірдің тегеурінді кезеңінен жеткен жәдігер болуы мүмкін. Тастың бір жақ бетінде үш шеңбердің суреті қашалып салынған. Бұл үш шеңбер – жер, су, от – үш бірлік, яғни Әмір Темірдің белгісіне ұқсас», – деп болжайды тарихшы мұғалім.
Роза Бержанова, М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
– Бұл тас жөнінде Алматы мемлекеттік университетінің ұстаз-археолог ғалымдары К.Байпақовпен және А.Марьяшевпен хабарласқанымызда, олар оның бұғытас екенін айтты. Профессор К.Байпақовтың түсініктемесінде біздің эрамызға дейінгі IV-II ғасырларға, яғни энеолит және қола дәуіріне тиесілі мұндай тастарда әдетте бұғының, қару-жарақтың суреті салынатынын, бұл көне ескерткіштердің Сібір, Алтай жерлерінде көп екендігін, Жетісу өлкесінде де кездесетінін тілге тиек етті. Сондықтан Лепсідегі мәрмәр бағана Әмір Темірге еш қатысы жоқ, бұғытас деп танылып отыр.
Лепсіде бұғытас табылды
Последние статьи автора