Кітапбаевтың бесінші кітабын облыс әкімі шығарып берді
Шығыста шежірелі қарттар аз емес. Соның бірі де бірегейі – Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев ақсақал.
Тоқсан жасқа қараған қария бұған дейін төрт кітап шығарған-ды. Жақында «Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды» атты бесінші кітабын жарыққа шығарған қарияның жаңа туындысының тұсаукесеріне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қатысты.
Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында бір аяғынан жараланып, елге оралып, қарапайым колхозды миллионер колхозға айналдырған, әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзін тамсандырып, Дінмұхамед Қонаевпен сырлас болған ақсақалды шығыс жұрты қадір тұтады.Содан да болар, аймағына қадірлі ақсақалдың бесінші кітабының жарық көруіне облыс басшысының өзі қолғабыс етіпті.
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Адам өмірге келеді, кетеді. Өмірде мәңгілік қалатын дүние – кітап. Біз кітап арқылы бүгінімізді жазып, болашаққа қолтаңбамызды қалдырамыз. Бошай атамыздың бойындағы ең үлкен қасиет – жасының ұлғайғанына қарамай, оқығанын, ойға түйгенін түртіп, жазып жүреді. Екінші бір қасиеті – турашыл мінезі. Президент болсын, министр болсын, әкім болсын кемшіліктерін бетке айтады. Бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік. Үшінші қасиеті – туған жерін құрметтеуі. Бошай ата – Алтайды аялап жүріп қартайған адам. Кітабының «Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды» деп аталуында да үлкен мән бар. Сондықтан бұл кітаптың ұрпаққа үлгі-өнеге боларына сенімдімін.
Кітаптың тұсаукесеріне арнайы келген облыс әкімі «Сіз жаза берсеңіз, біз шамамыз келгенше шығара береміз» деп жылы лебізін білдіріп, ақсақалға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.