Аға буын өкілдері «кіндік шешені» жақсы біледі. Кейінгі буын ұмытып барады десек, ағат айтқандық болмас. Жыл жылжыған сайын мұндай ұғымдар архаизмге айналып кете ме деген қорқыныш та жоқ емес. Тереңнен тамыр тартқан тарихқа үңілсек, ата-бабаларымыз сәби дүниеге келгенде, оның кіндігін кез келген жанға емес, басалқы, көпке үлгі-өнегелі аналарға кестірген.
Баласының жақсы азамат болып өсуін қалайтын ата-ананың «нәрестеміз де келешекте осындай адам болса» деген ырымынан туса керек, мұның өзі. Жұртымызда «бала кіндік шешеге тартады» деген де сөз бар. Баланың бойындағы жаман қасиетті болдырмауға барын салып, жақсы жағын көрсе, «кіндік шешесіне тартқан ғой» деп әспеттеп отырғаны белгілі. Кішкентайынан баланы кіндік шешесін сыйлауға, құрметтеуге үйреткен. Қай нәрсенің де бағасын біліп, бағамдайтын ата-бабаларымыз шыр етіп дүние есігін ашқан сәбидің алғаш қолына ұстап, кіндігін кескен адамға ұқсайтынын білгендігінен де болар, кіндік шешеге аса мән бергені. Бүгінде осы алтын тін үзіліп қалғандай. Қазіргінің кейбір жастары кіндік шешелерінің кім екенін білмейді де. Оларды да кінәлауға болмас. Тым ескішіл болып көрінуден қорқатын ата-аналары заманына қарай бұл үрдістен қол үзіп кеткені де шындық қой. Ауылдағы ақ самайлы әжелеріміз бүгінде өздерінің кезінде талайларға кіндік шеше болғанын күрсініспен еске алады.
Расында, бүгінде кіндік шешеге деген құрметтің мәнін кетіріп алғандаймыз. Бүгінде салт-дәстүрімізге мұрын шүйіре қарайтын кейбір ата-аналар перзентханадан шыққаннан кейін көңіліне жаққан жанды «кіндік шеше» деп атай салады. Оның міндеті балаға қоларба, киім-кешек, ойыншық сатып әперу ғана сияқты. Керемет дәстүрлерімізден кенде қалуымыз – ұлттық үрдіске шаң жуытпай дәріптеп отыратын әжелеріміздің аздығынан деуге де болар. Кіндік шешенің қадірі қашқан заманда енді... «кіндік әке» деген пайда болды. Тіпті бұрыннан келе жатқан дәстүрлеріміздей дәріптелетінін қайтерсіз?
Туған-туыс не болмаса достарының арасынан таңдап алынған әлгі атаудың иесі де аз-маз сыйлық жасаудан арыға аса алмайды. Балаға әкесіндей қарап тәрбиелеу деген маңызды емес сияқты. Тек осының өзін сән көріп «крестный» деп қысқартып, қызық көретіндер баршылық. Әрине, мұның бәрі де – Батыстың сағызша созылған сериалдарынан жұққан «ауру». Әйтпесе христиан дініндегілердің баланы шоқындырған адамды «крестный» деп атайтыны мұсылмандыққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны рас қой. Мұны өзгенің қаңсығын таңсық көру демеске шара жоқ. Мұндай «сәннен» келіп-кетер пайда да шамалы. Жасырары жоқ, соңғы әлетте ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңаша сипатқа еніп бара жатыр. Оны осы заманға ыңғайлап, қиюластыратын «шеберлер» көп. Елді елең еткізетін ерек бірдеңе істесе, келесі біреу соны алды-артын ойламай қоштай жөнеледі. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңартуда да бәсекелестік артып бара жатқандай. «Крестный отец» те – соның бір көрінісі. Ұрпақ жалғастығы, ұлт болашағы, балаңызды қалай тәрбиелегеніңізге де байланысты. Ұлттық дәстүрмен сусындатып өсіру өз қолыңызда. Сондықтан да кірме салт-дәстүрге бой алдырмай, ұлттық дәстүрді ұстансақ ұтылмаспыз... Көптің кейбірі кіндік шеше секілді асыл дәстүрлеріміз ұмытылып барады деп өкініш білдірсе, енді бірі қайта жандану үстінде деп пікір айтады. Қалай екендігін ойлы оқырманның еншісіне қалдыруды жөн көрдік...
Аманжол НАЙМАНБАЙ, ҚР мәдениет қайраткері, сәулетші, дизайнер:
– Бұл дәстүрге ерекше құрметпен қараймын. Бала тәрбиесіне, болашағына әсер ететін бұл үрдістің ұмытылып бара жатқаны өкіндіреді. Менің кіндік шешем өте бір мінезі жайдары, ақкөңіл адам болған екен. Аты – Бибіайым. Әкемнің бөлесінің әйелі. Он саусағынан өнері тамған шебер кісі екен. Кейде мінезімнің кейбір қырлары, қолымның ісмерлігі сол кісіге тартқан ба деп ойлаймын. Кіндік шешемді өз анамнан кем сыйлаған емеспін. Ол кісінің де маған деген ілтипаты ерекше болатын. Өз баласындай көрді десем, артық айтқандық болмас. Кіндік шешелердің барлығы осындай болса деп ойлайтынмын. Бұл үрдісті ұмыт қалдырмай әлі де жандандыруға болады. Тек ниет дұрыс болса болғаны... Бірақ қазақта «кіндік әке» деген болмаған.
Құралай СӘТМҰХАМБЕТОВА, композитор:
– Бұл үрдісті ұмытылып бара жатыр дегенге қосыла алмаймын. Қайта жыл өткен сайын түрленіп, басқа қырынан дамып келеді. Қазір перзентханаларда босану үстінде өзіне жақын бір адамға қасында тұруға рұқсат беріпті ғой. Қазір қалаған адамның кіндігін кесуге де мүмкіндігі бар. Осылайша, кіндік шеше атанғандар жайлы естідім. «Кіндік әке» деген кейін қосылды ғой.