Киік сауған Саяқты кім біледі?

Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін аршыған сайын біз аңыз бен ақиқаттың аражігін ажыратып, өткен күннің көмескі тарта бастаған белгілерін айқын көре бастаймыз. Бұл ретте келмеске кеткен ғасырлар шежіресін парақтап отыратын тарихшылардың, жеке ізденушілердің еңбегі орасан. Кезінде халқымыздың мыңжылдықтар қойнауында жатқан тағдырлы тарихын түгендеуге де қызыл саясаттың сарсаңы жол бере қоймады. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері ғана бойына құпиялы сыр бүгіп, қалтарыста қалып қойған тарихи шындыққа толы көмбелердің бетін ашуға мүмкіндіктер алдық. Содан бері «оқулығы жұп-жұқа» тарихымыз уақыт өткен сайын қалыңдап, бүгінгі ұрпақтың ой-санасына сіңіп, жадында жаттала бастады.

Қазақтың сайын даласы, әсіресе Алладан ерекше қасиет дарып туған әулие-әмбиелердің, ақиқатшыл ақындар мен ержүрек батырлардың, қара қылды қақ жарған билер мен алты Алаштың керегесін кеңейткен хандар мен бектердің даңқымен асқақ болған. Біз бүгін ел ішінде Саяқ баба, Ысық әулие есімімен белгілі, ерте замандарда (шамамен 1610-1680 жылдары) ғұмыр кешкен Есеней Атамбайұлы жайлы аз-кем әңгімелемекпіз. 
Арада 330 жылға жуық уақыт өтсе де, одан тараған ұрпақ үлкен бір ел болып, өсіп-өніп, тамыры кең жайылып, баба қасиетінің шапағатын көруде. Енді оның бүгінгі ұрпақтары бас қосып, алқа-қотан жиылып, алыс-жақын ел-жұртты жинап, қасиетті Алатау бөктерінде үлкен ас беруде. Бабалар аруағы жар болсын дейміз!
Осы уақытқа дейін атының өзі түрлі аңыз-әпсаналармен көмкеріліп, өмір жолы толығымен зерттеле қоймаған Есенейдің ерекшелігі мен оның тарихымызда алар орны хақында ұрпақтары сұрау сала жүріп, біраз деректер жинастырған.Таяуда белгілі тарихшы, ғалым Аманжол Қалыш аңыз бен ақиқатты бір арнаға тоғыстырған «Саяқ (Ысық) ата» атты жинақты құрастырып, жарыққа шығарды. Екі бөлімнен тұратын бұл еңбекте Саяқ баба туралы тарихи деректер мен ұрпақтан-ұрпаққа тараған оның өміріне және бүгінгі ұрпақтарына қатысты біраз жайттар қамтылған.
Қазақ даласына даналығымен, қадір-қасиетімен аты тараған Саяқ баба туралы мерзімді баспасөзде ізденушілердің алды болып деректі мақалалар жазған – Қиыңбаев Мүсірен қажы деген кісі. Бүгінде зейнетін көріп отырған қария кезінде Қарақалпақстан жерінде жауапты басшылық қызметтер атқарған, бірнеше кітаптардың авторы. Бұдан басқа Саяқ ата туралы Амандық Қалиұлы, Темірқұл Тәжіғали, Бақберген Қарақов, Қуатбек Хибадуллаұлы сынды ізденушілердің еңбектері де «Саяқ (Ысық) ата» кітабында топтастырылған.

Аңызбен көмкерілген ақиқат
Есеней аруақты кісі болыпты. Бірде көп атты келе жатады. Ішінде бала Саяқ та бар екен. Бір жерге келгенде, ол бір үлкен қариядан: «Ата, ана ауылға барып келейін, рұқсат бер», – дейді. Сілтеп тұрған жағы көл болса керек. Қасындағы бір кісі: «Ол жақта ауыл бола ма, көл емес пе?» – депті. Жаңағы үлкен кісі: «Барса, бара қойсын», – деп рұқсат береді. Саяқ суға қарай кетеді, жақындап келсе, ол жер жын-шайтандардың ауылы екен. «Адам келді» деп шайтандар іс қылады. Перизат пен адамзат бір-біріне қарама-қайшы жаратылыстар екен, олар дүрлігіп, «арамызға адамзат келді, бізді құртатын болды» дейді. Бірақ қолдарынан келмейді (шайтан адамды қағуы керек екен), шайтандар ойнайды, болмаған соң, «қой, мұның күші бізден басым екен, еліне қайтарайық және оны оқ өтпейтін етіп, ғайыперен қырық шілтендей болсын», – деп қайтарады. Сондай-ақ «бұған киік бағуды берейік» деп келіседі. Ол еліне келіп киік бағады, оны сауып, сүтімен қоректенеді, ауырғандарын емдейді.
Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Саяқ (Ысық) ата кезінде Алатау бөктерін жайлаған. Оның үш әйелі болған. Бәйбішеден Маштан, Төкі; тоқалдан Асан, Абыз; екінші тоқалдан Ажымбет, Бегімбай, Мергенбай тараған. Көп аңыздың бірінде бұл кісінің намаз оқып отырған уақытында жау келіп, барлық баласымен өлтіріп кеткендігі жөнінде айтылады. Алайда халық аузында немесе басқа да деректерде оның қашан, қай жерде өлгені айтылмаған. Саяқ ата өлерінде «Мені жерлемеңдер. Ақ атанға сүйегімді артып жіберіңдер. Сол атан шөккен жерге өзім жерленемін» деп өсиет етіпті. Кейбір деректерде қырғыз жеріндегі Ысық көл маңында қайтыс болған делінеді.
Саяқ әулиеге адамдар келіп емделеді екен. Оның шипасы кез келген дертке ем болған деседі. Бір күні Түркі деген байдың жалғыз қызы ауыр дертке ұшырап, Саяққа алып келеді. Әулие кісі қыздың әкесіне құманын беріп, «мұрнына үш рет дәрет судан тамыз» дейді. Бай қызының мұрнына құмандағы судан үш рет тамызған соң, әлгі қыз дертінен айығыпты. Бай әулиеге разы болып, оған қызын беріпті. Бірақ ол іштей «енді тұқымымда құрт ауруы болатын болды-ау» деп өкініш білдірген екен. Бірде осы тоқалының ауылы бәйбішемен қатар көшіпті. Орта жолда қонған кезде олардың соңынан Саяқ келсе, тоқалдың ауылы жоқ. «Оу, бәйбіше, тоқалдың ауылы қайда?» – дейді. «Ол шірігіңнің ауылы артта қалды ғой», – дейді бәйбіше. Сөйтіп тұрғанда, кенет аспаннан қара бұлт төніп келіп, әлгі тоқалдың ауылы болып қона қалады. Бәйбіше: «Менің күшім тоқалдікінен кем бе?» – деп кейіп, алдындағы сабасын пісіп-пісіп жібергенде, бір топ үйрек сабадан ұшып, тоқалдың сабасына барып қонған екен. Сонда Саяқ атамыз: «Әй, бәйбіше-ай, қатты кейідің-ау, тоқалдың ұрпағы сенен көп болатын болды», – депті. Содан бәйбішеден гөрі осы тоқалдан балалар көп өсіп-өнген екен дейді.
Аманжол Қалыш, тарихшы:
– Саяқ (Ысық) баба туралы әңгіме бүгінге тек аңыз күйінде жетті. Біздің алдымыздағы көзіқарақты ағаларымыздың Саяқ баба туралы естіген аңыз-әпсаналарын, шежіре, естеліктерін, ел аузынан жазып алған әңгімелерін, баба рухына бағытталған өлең-жырларын жинақтап, шағын кітапқа топтастырдық. Ондағы мақсатымыз бүгінгі ұрпағы Саяқ бабаның есімін ұмытпай, біліп жүрсін, өздері де зерттеп таныссын, жадына тұтсын, ата-баба рухына тағзым етіп жүрсін деген игі тілек еді.
Кітапта сөз болатын Саяқ (Ысық) Есеней бабамыз – Шөмішті табын руының қаражон бөлімінен тараған, ерте жастан бойына ерекше қасиет дарыған өз заманының белгілі тұлғаларының бірі. Саяқ баба туралы, оның тылсым ғажайып қасиеттері жөнінде аңыз-әңгімелер ел ішінде кеңінен таралса да, көптеген іс-әрекеттері ұмытылуға жақындады.
Саяқ баба (Есеней Атамбайұлы) – сөзсіз белгілі бір құдіретті күшке ие болған жан, табиғатпен тілдесіп, елден бөлек саяқ жүруі себебінен Саяқ атанған. Қазіргі ұрпақтары 11-12 атаға жеткеніне қарап, оны осыдан шамамен 350-400 жыл бұрын ғұмыр кешкен деп жорамалдаймыз. Кітапта баба туралы ел есінде қалған көптеген әңгімелер берілген.
Қазақ даласында бойына ерекше қадір-қасиет дарыған, белгісіз бір тылсым күштерге ие әулие жандар аз болған жоқ. Ел қорғаған батырлар сияқты олар да халықты әртүрлі пәле-жаладан, кесапат-жұттардан, ауру-сырқаулардан сақтап, тура жолға бастап отырды, осы үшін ел-жұртының ерекше ықыласына, сый-құрметіне бөленді. Шынайы қасиетті айыра білген, түсіне білген дана халқымыз қасиет дарыған жандарды әулиеге балап, айрықша пір тұтты, есімдерін құрметпен атады. Олар дүниеден озған соң да олардың қастерлі есімдерін ұрпақтары мен халқы ешқашан жадынан шығарған жоқ, қасиетті бабаларының аңызға айналған іс-әрекеттерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды.
Қазақ халқы – бойына құт дарыған халық. Алайда тағдырдың тәлкегімен, әр түрлі соғыстар мен жұттар, басқа да қасіретті оқиғалар салдарынан ұлтымыз өзін сақтап келген сол ерекше қадір-қасиетінен айырылып қала жаздаған кездері де аз болған жоқ. Бірнеше рет жер бетінен жойылып кете жаздаса, салдары одан асып түспесе, кем түспейтін рухани құндылықтарынан – тілінен, дінінен, төл тарихы мен оны жасаушы әзиз ата-бабаларының есімдерінен де айырылуға шақ қалды. Халықты өз тегінен, асыл түп-тамыры мен алтын қазығынан айыруға, оны мүлдем ұмыттыруға бағытталған сұрқай саясат кесірінен ел-жұрт өз тегі мен тарихынан, тіпті ата-бабаларының есімдерінен де үрке қашқан кездер орын алды.
Құдайға шүкір, бүгінде сол үзіле бастаған салт-дәстүр мен ата-тек шежірелер, ұлттың шынайы тарихы мен оны жасаушы тұлғалар, басқа да рухани құндылықтар қайта жаңғырды. Ұмытыла бастаған қастерлі ата-бабалар есімдері қайта оралды. Еліміз Тәуелсіздік алған жиырма жылға жуық уақыт ішінде ел қорғаған, жер қорғаған, ел бастаған талай батырлар мен билердің, хан-сұлтандардың, рухани көсемдер болған абыздардың, әулие-әмбиелердің есімдері ел-жұртымен қайта қауышты. Осы жылдар ішінде талай тарихи тұлғалардың мерейтойлары аталып өтті, әлі де ас беріліп атала бермек. Рас, көптеген тұлғалардың есімдері әлі де көпшілікке белгісіз болып отыр, олар туралы шынайы мағлұмат жинап, халыққа таныстыру сауапты іс болмақ.

Ел жадындағы елеулі оқиғалар елеске айнала бастағанда, кейінгі ұрпаққа аңыз түрінде жететіндігі заңды нәрсе. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов аңыздарға «Тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме» деген анықтама бергені тегін емес. Демек, аңыздың астарында ақиқат жататындығы даусыз.


Есенейдің Ысық атануы
Ол бала кезінде әке-шешесі ерте қайтыс болып, жетім қалады, әкесінің ағасының қолында өседі. Ол кезде шаруа – талап, мал баққаннан бөтен – аң аулау. Жаңағы әкесі аңнан кешке келсе, бала оңаша, оқшау тығылып бұрышта отырады, ал әкесі бар балалар жайраңдап шауып жүреді, анау жабырқау. Әкесі: «Ау, анау менің бәленшемнің көзі ғой, неге тидіңдер, ол маған ыстық көрінеді», – дейді. Содан «Ысық» атанып кеткен деседі.

Есенейдің Саяқ атануы
Жапан түзде киік бағып, қалың елден жырақта, саяқ жүргендігінен болса керек. Бұған қатысты мынадай аңыз бар. Ажым деген бір кісі Саяқпен қатар адам екен.  Сол кісі «бұл ылғи жалғыз кетеді, қайда барады екен, ауылға киіктің сүтін әкеледі, бұл өзі не жасап жүр?» деп ойлайды. Бірде ол төбенің астында киіктерді жинап, сауатынын сауып, ауруларын емдеп жүрген Саяқты көреді, сол кезде киіктер үркеді де, жан-жаққа қаша жөнеледі. Содан өзін аңдып жүрген адамды байқап қалып: «Мен бір саяқ жүрген жан едім, сенің мені көрмеуің керек еді. Көрген екенсің, бір көзің өзіңе олжа, бір көзің ағып түссін», – дегенде, Ажымның бір көзі сол жерде ағып түсіпті деген де аңыз бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста