Жуырда «Баянжүрек» баспасынан «Кәусар бұлақ» кітабы жарық көрді. Бұл кітапқа «Дарабоз» халықаралық бәйгесінен орын алған шығармалар топтастырылған. Балаларға арналған шығармалардың ішіндегі ең таңдаулылары жинақталған бұл кітап жас оқырмандарымыз үшін үлкен сый болды. Кітап «ZHERSU» корпорациясының демеушілігімен жарық көріп отыр. Жүлдегер шығармаларды жарқыратып шығаруда «Баянжүрек» баспасы айтарлықтай еңбек сіңірген.
Жас оқырмандарымыздың көзайымы болған кітап «Дарабоз» бәйгесі мен «Кәусар бұлақ» сериясына тоғыз жылдан бері демеушілік етіп келе жатқан Бауыржан Оспановтың алғысөзімен ашылған. Алғысөзде Бауыржан Кеңесбекұлы: «Кітап – жан азығы» дегендей, кез келген адамның өмірде қалыптасып дамуының, мәдениетінің жоғарғы деңгейдегі жетістіктерге жетуінің бірден-бір құралы білім екені даусыз.
Пайда ойламай, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге... – деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, болашақта еліміз үшін аянбай еңбек етіп, үлкен азамат болып қалыптасуларыңа білімнің берері мол. Олай болса, осы кітап та, сендердің баянды болашақтарыңа апарар игі баспалдақтардың қатарынан табылсын.
Өздеріңе арналған қазақ жазушыларының ең үздік шығармалары топтастырылған «Кәусар бұлақ» кітабын қабыл ал!» деп тілек білдірген.
Кітапқа «Дарабоз» бәйгесінің бас жүлдесін иеленген көрнекті балалар жазушысы Тұрдақын Жексенбайдың «Бала бүркіт» хикаяты, белгілі прозашы Гүлзат Шойбекованың «Үш бала» хикаяты, белгілі ақын, прозашы Cерік Байхоновтың «Жыл мезгілдері» өлеңдер топтамасы, Нарбин Кенжеғұлованың «Ғарыштың аманат баласы» фантастикалық әңгімесі, Пернебай Дүйсенбиннің «Нұрстан мен Аққанаттың бастан кешкендері» романтикалық ертегі-хикаяты, Ділдәр Мамырбаеваның «Дина тәтей, балалар және мен» әңгімесі, Алтынай Амангелдінің «Домбыра» ертегісі, көрнекті ақын Жәркен Бөдешұлының «Киіктер патшасы» сахналық қойылымы, Дәнеш Ахметұлының «Ақдидар» хикаяты, Есенәлі Ералының «Айжан қыз, ала күшік және жасыл жылан» әңгімесі, белгілі ақын Алмат Исәділдің «Мен тәртіпті баламын» өлеңдер топтамасы, Кеңес Оразбекұлының «Май әже және күндей қыз» ертегі әңгімесі топтастырылған. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл шығармалардың барлығы да – 600-ден аса шығарманың ішінен іріктеліп алынған жүлделі шығармалар. Сондықтан қай-қай шығарманы болмасын, көркемдігі жоғары деп айта аламыз.
Кітаптағы әр шығарма мазмұнына сай арнайы салынған суреттермен бірге берілген. Бұл ретте кітаптың суретшісі Алтай Айтжановтың еңбегін айта кеткеніміз жөн. Әр суретті шығарманы оқып, мағынасын терең түсініп салғаны көрініп тұр. Және асқан шеберлікпен бедерлеген. Бұл да біздің бүлдіршіндеріміз үшін көзқуаныш екені анық.
Еліміздің жас оқырмандары үшін баға жетпес зор байлық, үлкен қуаныш болған кітап 2000 данамен жарық көрді. Бұл кітаптың азғантай бөлігі авторларға сыйға берілді. Ал қалған бөлігі тұтастай еліміздің әр аймағындағы мектептер мен кітапханаларға тегін таратылады.
«Кәусар бұлақтың» бұл кітабы да әдеттегідей орыс тіліне аударылып, «Чистый родник» деген атпен жарық көргенін айта кетейік. Бұл орістілді оқырмандар үшін және балалар әдебиетінің кең қанат жаюы үшін сауапты іс екені айқын. Шығармаларды белгілі аудармашы қаламгерлер Нарбин Кенжеғұлова, Алмат Жарылқасынов, Марат Әдібаевтар сәтті тәржімалаған.
Жас оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруда, балалар әдебиетін жандандыруда айтарлықтай іс ындырып келе жатқан ұйымдастырушылардың бұл жолғы еңбегі де еліміздің рухани-мәдени өміріндегі айтулы жаңалық болды. Алдағы уақыттарда да жемісті боларына сенеміз.
«Кәусар бұлақ» оқырманға жол тартты
Последние статьи автора