Осыдан он шақты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесін дұрыс жолға қою туралы бастама көтерген болатын. Осы бастаманың арқасында отандық кәсіпкерлер еліміздегі әлеуметтік, мәдени проблемаларға етене араласа бастады. Меценаттар арасында білім мен ғылымға қолдау көрсетіп жатқандары да аз емес. Меценаттардың түрлі қоғамдық сыйлықтары да бар. Солардың бірі – өзге ұлт өкілдерінен шыққан кәсіпкерлердің бір шоғыры тағайындаған «Ильхам» сыйлығы. Бұл сыйлық жаңа ғасырдың басынан бері тұрақты түрде беріліп келеді. Өткен аптада аталған сыйлықтың биылғы иегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Ахметжан Ашири, жазушы, «Ильхам» тәуелсіз сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Бұл сыйлықтың ғұмыры ұзақ боларына сенемін. Елбасының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесін қойған сәтінен бастап ұйғыр кәсіпкерлері құрған меценаттар клубы осы сыйлықты жыл сайын тапсырып келеді. «Ильхам» – қазақтың тілі – менің тілім, Қазақстан – менің Отаным!» дейтін қоғамның әрбір саласына еңбегі сіңіп жүрген нағыз патриоттарына берілетін сыйлық. Бұл ұлттар арасындағы достықты қалыптастырады. «Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері бір бауырмыз» деп сөзбен ғана айта салу емес, бұл – нағыз іс жүзіндегі әрекет.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаруды қамтамасыз ету» деген ұранын қолдау мақсатында сыйлықты тағайындаған – «Республикалық өнеркәсіпшілер, кәсіпкерлер және ауылшаруашылық жұмысшылары қауымдастығы» қоғамдық қоры жанынан құрылған Меценаттар клубы әдебиет, мәдениет және ғылым сапында жемісті еңбек еткен тұлғаларға «Ильхам» сыйлығын табыс етті. Алғашқы жылдары ұйғыр ұлтының белгілі өкілдеріне берілген «Ильхам» соңғы жылдары ұлтаралық мәртебеге ие болып, отандық зиялы қауым өкілдеріне беріліп келеді. Сегіз аталым бойынша, яғни «Ғылым», «Әдебиет», «Білім беру», «Бейнелеу өнері», «Спорт», «Музыка», «Театр», «Бейбітшілік», «Ұлтаралық және діни келісімдерді нығайту жолындағы баға жетпес үлесі үшін» аталымдары негізінде берілді. «Музыка» аталымы сахна төрінде 35 жыл ән шырқап келе жатқан қазақ эстрадасының мэтрі Роза Рымбаеваға табыс етілсе, «Әдебиет» аталымы бойынша белгілі ақын Қасымхан Бегманов марапатталды. Осы аталымдардың ең салмақтысы, «Ұлтаралық және діни келісімдерді нығайту жолындағы баға жетпес үлесі үшін» аталымы бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, белгілі қоғам қайраткері Ерлан Арын үздік деп танылыпты. «Ильхам» сыйлығы табыс етілгеннен кейін сөз алған Ерлан Мұхтарұлы аузына алдымен әкесінің есімін алды.
Ерлан АРЫН, экономика ғылымының докторы, профессор:
– «Ильхам» сыйлығын табыс еткен азаматтарға мың алғыс! Елімізде мұндай сыйлықты алуға лайықты тұлғалар аз емес. Десе де шалғайдағы еңбегімізді ескеріп, ел алдындағы жұмыстарымызды елеп, осы сыйлыққа лайық деп мені танығандарыңыз үшін рақметімді айтамын. Әлбетте, бүгін, міне, осындай салмақты сыйлықтың иегері атануыма, осындай азамат болып қалыптасуыма еңбегі сіңген әкемнің сенімін ақтадым деп ойлаймын.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, белгілі қоғам қайраткері, ағартушы-ұстаз Мұхтар Арыновтың отбасында өскен ұлы Ерлан Арын қазір әке жолын жалғастырып қана қоймай, еліміздің теріскейіндегі Павлодар облысының қоғамдық проблемаларына да етене араласып жүр. Облыстың қазақтануына мәслихат депутаты, университет басшысы, қарапайым азамат ретінде қосып жүрген үлесі ұшан-теңіз. Марапаттаудан кейін Ерлан Мұхтарұлымен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.
– Біздің басылымның да құттықтауын қабыл алғайсыз, сыйлығыңыз құтты болсын!
– Рақмет. «Ильхам» деген сөздің аудармасы «шабыт» дегенге саяды ғой. Мен бүгін, шынымен де, шабыттанып тұрмын. Және алдағы жұмыстарыма шабыт береді деп ойлаймын. Қазір әке жолында қызмет атқарудамын. Бұл маған өте ыстық. Ректор қызметінің ұтымды ұйымдастыру барысында ертеңгі болашақ ұрпаққа терең, мағыналы білім беріп, ғылымды меңгеруіне жағдай жасайтын – жұмыс нәтижесі. Сондықтан жауапкершілікпен ректор қызметін атқара беру жолында жалықпаймын.
– Сыйлықты алып тұрып алдымен әкеңіздің атын ауызға алдыңыз. Мұхтар Арынды танымайтын ел кемде-кем. Ол кісі педагог бола жүріп ұлтқа қызмет етті. Байқап қарасақ, сіз де әкеңіздің сара жолымен келе жатырсыз. Бұл кездейсоқтық па, әлде әке жолын қуу басты мақсатыңыз болды ма?
– Кездейсоқтық емес. Бұл әке қанымен қалыптасқан қасиет болса керек. Мұхаңның жолымен, рухани мәселелер тұрғысынан Керекуде жақсы істер атқару – парызым. Әрдайым рухани-мәдени игі шаралардың басы-қасында болып, игі істердің ұйытқысы болғанға не жетсін?!
– Шабытыңызға шабыт қосылып, ұлтқа қызмет ете бергейсіз!
«Ильхам» сыйлығы иесін тапты
Последние статьи автора