Игіліктегі игі шара

Игіліктегі игі шара

Ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан қазақтың кең байтақ даласында талай дара тұлғалар туып, өз есімдерімен қоса, шартарапқа өздері туған өлкені танымал еткені баршамызға тарихтан белгілі. Дәулескер күйші, дүлдүл әнші, дарынды ақындарымен дараланатын осындай қасиетті мекеннің бірі – Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Игілік ауылы. Осы киелі топырақта қобыздың атасы Ықылас, шертпе күйдің тәңірісіндей Сүгір бабамыз, беріден тартсақ, белгілі сазгер Ілия Жақанов, актер Асанәлі Әшімов, ақын Тынышбай Рахымов, операның жарық жұлдызы Амангелді Сембин, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова, ақын Маралтай секілді дарын иелері дүниеге келген. Маралтай ақынның «Игілік» деген өлеңін көпшілігіңіз оқыған да боларсыз. Дәл осы өлең ақынның туған жері Игілікке арналған болатын...
Айнұр Сенбаева

Осыдан бірнеше жыл бұрын Игілікте жаңа мектеп бой көтерген еді. Бүгінде осы білім ошағында жүздеген бала білім алуда. Жақында бізге ауыл мектебінен жақсы жаңалық жетті. Алдағы маусым айында аталған мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті бөлмесіне салтанатты түрде дарынды ақын Маралтайдың есімі берілмек екен. Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Маралтайға өзін үкілеп ұшырған туған өлкесі осындай құрмет көрсетіп жатқанына қуанышымызды білдіріп, ақынның өзімен тілдескен едік. Адамға өз туған топырағынан артық жаннаттың, өз жақындарының құрметінен артық марапаттың жоқ екенін тілге тиек еткен ақын білім ордасындағы өзінің есімі берілетін қазақ тілі мен әдебиеті бөлмесіне осы уақытқа дейінгі шығармаларын, жинаған бірсыпыра кітаптарын, алған марапаттарын тарту ететінін айтты. «Біздің бала кезімізде өнер адамдары ауылға келсе, соларға еліктеп, қызығатынбыз, болашақтан үміттенетінбіз. Мендегі азғантай өнер болса, сол өнерім ауылдағы оқушыларға алдарындағы үміт отындай болса екен деймін. Өлеңге алғаш келген жолымда мен ауыл кітапханасынан сусындадым. Енді соны қайтаратын сәт келген сияқты. Өзімнің кітап қорымдағы біраз кітаптарды мектепке тарту еткім келеді. Алдағы уақытта кітапхана қоры молая береді деп ойлаймын. Жағдай келіп жатса, мектепке компьютерлер қойылса деген ойым бар. Ауыл кітапханаларының ұлттық кітапханалармен байланысы болса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді ақын.

Маралтай Райымбекұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын:
– Мектепте оқып жүрген кезімізде газет-журналдардан өз ауылымыздың, тіпті ауданымыздың атын оқып қалсақ, соған әжептәуір мақтанатынбыз. Кейбір аңызға айналған оқиғалар біздің ауылда болғанын құлағымыз шалса немесе «Қыз Жібек» фильміндегі Асанәлі біздің ауылдікі екен» деген жаңалыққа таңғалатынбыз. Бүкіл ел танитын адамның біздің ауылда туып-өскені біз үшін ғажап болатын. Осындай дүниелер баланың ұшқыр қиялын алға жетелейді. «Ел туса, ер туғызбай тұра алмайды» дейді ғой қазақ. Әр топырақтың өз тұлғалары болады. Соларға деген ілтипат, оларды халыққа насихаттау келер ұрпақты тәрбиелеуге мұрындық болары сөзсіз. Әрине, мінсіз адам болмайды. Дегенмен біз қашанда өмірде, өнерде қандай да бір игі істер атқарған адамның барынша жақсы жағын көрсетуге тырысуымыз керек. Бізде кітапқа деген зор махаббат болды...

Бүгінде жер-жерде Абай оқулары, Оралхан Бөкей, Мұқағали оқулары жиі өтіп тұрады. Біздің кезімізде ондай оқулар болған жоқ. Есесіне, ауылда үлкені бар, кішісі бар, бірге ойнайтын балалардың барлығы бір кітап туралы естісек, соны бәріміз жаппай оқитынбыз. Бір үйде осындай кітап бар десе, соны барып алатынбыз. Менің мамандығым суретші ғой. Оқушы кезімде аудандағы дүкеннен батыс импрессионистерінің үлкен кітабын көріп, соны сатып алғым келді.

Кітап 10 сом болатын. Ол кезде бұл – үлкен ақша. Ондай ақшаны үйдегілер біздің қолымызға бермейтін. Ауданға барған сайын сол кітапты барып көремін, өзі – жалғыз кітап. Дүкеншіге «бұл кітапты ешкімге бермеңізші, мен аламын» деп қоямын. Қалай алатынымды білмеймін. Бір күні кітапты алғым келетінін әкеме айттым, ол кісі жылы рай таныта қоймағандықтан, мен оған шарт қойдым. Сондағы шартым – мен жаз бойы бір мая шөп жинап беремін, ол маған жаңағы кітапты алып береді. Келісімге келіп, жаз бойы шөп шауып, оны тасып, кептіріп, баулап, жинадым. Арасында апта сайын ауданға барып, әлгі кітап өтіп кетпеді ме екен деп көріп келетінмін. Әйтеуір, күзге салым сол кітапқа қолым жетті. Сонда кітапты алып, иіскеп, сүйгенім әлі күнге есімде.
 
Бізде кітапқа деген осындай махаббат болды. Мектептің, совхоздың кітапханасынан шықпайтынбыз. Есімде, кітапханашы Мәрзия деген апайдан бес-алты кітап аламын да, екі-үш күнде қайта апарып беремін. Сонда ол кісі маған «кітапты суретін көру үшін аласың ба?» дейтін. Сонда мен ол кісіге «бұл кітаптарда сурет жоқ қой» деп жауап беретін едім. Кітап – халықтың қазынасы. Кез келген елді мекен, ауыл, мемлекеттің орталығы әкімшілік орналасқан ғимараттан емес, кітапхана тұрған жерден басталуы керек. «Қазір ешкім кітап оқымайды» дегенмен келіспеймін. Кітап жетпейді. Ал оқырман ешқашан таусылмайды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста