Дүниедегі дамыған, жетекші 50 елдің қатарына енудегі алғашқы қадамдарымыз басталып та кетті. Әлемдік білім стандарты бойынша оқу жүйесін жүргізіп жатқанымызға да біраз болды. Құдай бұйыртса, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін алатын биыл екінші PhD докторанттар түлемекші. «Бұйыртса» деуіміздің астарында мән жатыр. Себебі 2008 жылы түскен докторанттардың маусым айына жоспарланған қорғауы, жаңа бұйрыққа сәйкес, кейінге шегеріліп отыр. Білім және ғылым министрінің шешіміне наразылық білдірген докторанттар не себепті түн ұйқысы төрт бөлініп, тұйыққа тірелді?
Докторанттардың жанайқайы 20 мамыр күні «Егемен Қазақстан» бетіне жарияланған 31 наурыздағы №127 бұйрықтың 7-тармағына орай шықты. Бұйрықтың негізгі мазмұны мынадай: докторанттың әлемнің жетекші ғылыми компаниялары Thomson Reuters пен Scopus құрамына енетін басылымдарда ғылыми мақаласы шықпаса, қорғауға жіберілмейді. Олар оқуға түскен 2008 жылы мұндай талап болмаған. ГОСО РК 5.04.034-2008 «Жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Докторантура. Негізгі ережелер» деген 2008.09.01 күні енгізілген ереженің 8.7-тармағында: «Докторанттың ғылыми зерттеуінің нәтижесі 10-нан кем емес ғылыми басылым, журналда, оның ішінде үшеуінен кем емесі алыс шетелдің ғылыми басылымында жарияланып, халықаралық ғылыми конференцияларға ұсынылуы керек. Осы арқылы жарияланымдар докторлық диссертацияны қорғауға алып шығатындай негізгі ережелерді қамтуы керек», – делінген.
Анар МҰСТАФАЕВА, PhD докторант:
– Диссертациямның тақырыбы — «Қазіргі араб терминологиясы: оның құрылымы мен аударылуы (информатика терминдері бойынша)». Араб елі бойынша қарасам, филология саласында ешқандай журнал жоғарыдағы компанияға кірмеген. Араб терминдерінің орыс тіліне аударылуы Еуропада, АҚШ-та өзекті емес, ал араб елдері мен Қазақстанда өзекті. Scopus-қа филология саласы бойынша Ресейдің бір ғана «Вопросы языкознания» журналы ғана еніп отыр. Мамандығым шығыстану саласындағы араб филологиясымен байланысты. Әл-Азхар, Айн-Шамс университеттерінің «Жаршыларына» мақалаларым шықты. Олар да Thomson Reuters, Scopus-қа кірмейді. Мәселе осында, биылғы жылдың соңына дейін қорғауымыз тегін, ал келер жылы ақшалай жағы да қиындық тудырады. Желтоқсанның соңына дейін мақаланы шығаруға үлгермейміз. Египетте 1-курста берген мақаламды таяуда ғана алдым. Шетелдік жетекшім — Айн-Шамс университетінің профессоры Амер Мухаммед Ахмед: «Египетте ғылымға енді кірген докторанттардан мұндайды талап етпейді», — дейді.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, PhD докторант:
– «Мамандығым – мәдени антропология. «Көне түркі мәдени жәдігерлерлеріндегі адам және әлем модельдері» деген тақырыбым бұрын-соңды зерттелмеген. Көркемдік жетекшім Ахмет Ташағұл Мимар Синан атындағы өнер университетінің профессоры, ғылыми істер жөніндегі проректоры (Түркия). Тақырыбым бойынша 10 жаңалық аштым, 10 ғылыми тұжырымдама енгізілді. Голландияда алты, Түркияның «Яссауи» ғылыми журналында үш мақалам шықты. Мәскеу мемлекеттік университетінің «Ломоносов – 2011» халықаралық ғылыми форумына қатыстым. «Көне түркі мәдени жәдігерлерінде көрініс тапқан адам концепциясы» атты баяндамам – іріктелген 15 жұмыстан грамотамен марапатталған екі жұмыстың бірі. Бұйрық шығысымен, мақаламды Scopus-қа кіретін «Journal of Turkish Times Education» журналына жібердім. Ақылдастар алқасы мақалаң журналға шығады деген анықтаманы бес айдан кейін алатынымды айтты. Кезекте 500-ден астам адам тұр. Шыққанша 1-8 жылға дейін күтуім керек. Тіл үйрендім, стипендия алғаным үшін жоғары жаққа рақмет айтып, жылы жауып қоюыма болушы еді. Бірақ ғылыми зерттеуім мемлекетімнің идеологиясы үшін маңызды емес пе? Бұған дейін Мәскеуге барып, түркілердің ұрпағы едік, олар мынадай болған деп айта алдық па? Тәуелсіздіктің 20 жылдығында мен соны зерттеп, айтуға мүмкіндік алып отырмын.
Гүлнәр БАЙКҮШІКОВА, PhD докторант:
– Тақырыбым – «Қазіргі халықаралық қатынастардағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі. Еуропа елдерінің Орталық Азияға тәжірибесі». Талапқа сай, Франция, Польшада мақалам шықты. Импакт-фактордан бас тартпаймыз. Бірақ министрлік осы бұйрықтағы импакт-фактор мәселесін биылғы бітірушілер үшін жеңілдетсе. Бір ай қалғанда талапты өзгертуі – әділетсіздік. Бітіргеннен кейін, университетте жұмыс істеуім керек еді. Бірақ менің ғылыми дәрежемсіз, енді қимылдау қиын.
ТОСҚАУЫЛ БЮРОКРАТИЯЛЫҚ ЕМЕС, ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДА БОЛУЫ КЕРЕК
Әлемнің дамыған елдерінің даму жолдарына көз тігер болсақ, кез келген салаға, жүйеге реформа енгізген, жаңартқан елдер қарқынды дамыған. Қазақ елінің дамуын ойлаған көзіқарақты ғалымдар Жапония сынды ғылымы мен инновациясы, ақпараттық технологиясы әлдеқашан ғарышқа қарыштап кеткен елдің жүріп өткен сара жолына қазір не себепті қызығушылықпен көз тігіп отыр? Әрине, елді өрге сүйрейтін алғышарт – білім-ғылым саласына да қатысты. PhD докторы академиялық дәрежесін дайындауда ілгерілеп кеткен әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында дәріс оқып жүрген ғалымымыз бұл жаңалықтан бейхабар болғанымен, БҒМ-нің талабын толық қолдайтындығын білдірді.
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик:
– Бұл үшін не істеу керек? Біріншіден, импакт-факторы бар журналды өзімізде шығару керек. Әр университет журнал шығару дегенді қойып, әр саланы әр университетке тапсыру керек. Екіншіден, басылатын мақалалар өте жоғарғы рецензиядан өтуі керек. Әр кварталда бір шығу керек деген қалыптасқан заң бар. Материал толмаса, шықпау керек. Ғылыммен айналысқан адам жылына екі-үш мақала жазуы мүмкін. Одан артық жаза алмайды. Импакт-факторы бар журналды шығаруға біздің әлеуетіміз жетеді. Бірлі-жарымды болса да мықты ғалымдар бар. Мысалы, Қазақстандағы математика жөніндегі ең жоғарғы импакт-фактор менде. Маған шетелдік журналдар өздері шығады, мен іздемеймін. Мен кез келген журналға басқым келмейді. Ал мықты журнал менің мақаламды бірден алмайды. Олар екі-үш адамға рецензия жібереді. Олар мақұлдаса, басады, мақұлдамаса, баспайды. Біз ғылымды ойыншыққа айналдырып жібердік. Импакт-факторға қатысты талап – дұрыс. Сізді құрметтесін десеңіз, оған көнуіңіз керек. Менің бес жыл бұрын жазған мақалаларым енді шығып жатыр. Ештеңесі жоқ, бір-екі жыл күту керек. Мықты журналға мақалаңыз шықса, атыңыз да шығады. PhD-ді бітіру үшін 5-10 мақала жазу керек десе, таласуға болады. Кеңес Одағы кезінде 33 парақ бір мақаламен докторлық қорғаған адам болған. Мықты проблеманы жақсылап шешті. Сосын шетелдегі басылымның барлығы бірдей мықты емес. Шетелде шығу керек деген пунктті алып тастау керек. Шетелде шықса болды деп, ақша бер де, Қытайда баса бер. Импакт-факторы барға, ең болмаса, бір мақала шығарсаңыз жетеді. Оның өзін шығарту оңай емес. «Ертөстігім – бір төбе, қалғандарың – бір төбе» дегендей, импакт-факторы бар басылымға жарияланған мақала – бір төбе, қалғаны – макулатура. Саннан сапаға көшу керек. Тосқауыл бюрократиялық емес, ғылыми тұрғыда болуы керек. PhD-докторанттың қорғауына университет емес, жетекші ғалым жауап беруі қажет.
Ғылым еріккеннің ермегі ме?
Негізгі мәселе гуманитарлық ғылым саласы бойынша туып отыр. Бірақ бұл – жаратылыстану ғылымдары диссертация қорғау мен ғылыми мақаласын әлемдік мойындалған басылымға шығарарда қиналмайды деген сөз емес. Зерттеу жұмысының қиындығы – математикаға да, филологияға да қатысты. Әлем жұртшылығының ең көп зерттейтіні гуманитарлық ғылым салалары екенін ескерсек, дәл қазіргі уақытта өзекті мәселе де – қай ұлттың болмасын, оның ішінде Қазақстан сынды енді дамып келе жатқан түркі халықтарының тіл мәселесі екендігін ғалымдар алға тартады. Зерттеу жұмысының мойындалуы оның ашылу салмағына байланысты.
Халық қашанда «ғалымның хаты өлмейтін» құндылығын сезіп, парқын білген. Тышқақ лағы болмаса да, телегей-теңіз білімнен асқан байлық жоқтығын мойындаған. Қасиетті Құран-Кәрімде де: «Білмегендер білгендерден сұраңдар» делінуі бекер емес. Ендеше, оқу, іздену, зерттеу арқылы дәлелдеуге негізделген ғылым теориясы еріккеннің ермегі емес. Аспанда ұшқан ұшақты, суда жүзген кемені ойлап тапқан адам баласының талаптанса қабілеті жетпейтін биігі жоқ. Тек адам алдымен бойында сол қабілеттің бар-жоқтығын анықтап алуы керек. Әйтпесе адасқанның қайтып үйірін тапқызатын билеріндей, бүгінде жүгінеріміз – терең білімді ғалымдар. Жер сілкінсе – сейсмологке, ауырсақ – медикке, күн тұтылса астрологке қарап қаларымыз анық. Ғылымды ойыншық еткен, атағы саудаға түскен «қалталы» ғалым жол сілтемейді, керісінше, адастырады. Ендеше, ғалымымыз – елінің қамын жемес залымға, ғылым әркім бір шегіп көретін арзан шылымға айналмаса болғаны... Ғалымдар қазақ ғылымы абыройына кір келтірмеуді ойлаған күнде ғана алға жылжитынымыз хақ.
P.S.
Аталған мәселеге орай Білім және ғылым министрлігіне апта бойы хабарласып, бірауыз жауап ала алмадық.
Министрліктің баспасөз қызметіндегілер ( тел: 8(7172) 74-24-14) бұл мәселемен «анау айналысады, мынау айналысады» деп, бір-біріне сілтей береді.
Күні кеше ғана ҰБТ-дан шыққан шуға қатысты «ондай-ондай болып тұрады, ренжімеңіздер...», – деп ақталмақ болған білім басында отырғандар ғылыми атақ төңірегіндегі шатаққа не дер екен?