Қайрат Нұртастың анасы отбасылық құндылықтар, ене мен келін ара-қатынасы, ананың тәрбиесі жайлы сөз қозғады. Ол қалталы әрі өзінен әлдеқайда үлкен азаматтарға көз тігіп, отбасын бұзатын қыздардың көбейіп бара жатқанына күйінді. Олардың түздегі жүрісі үйдегі ер азаматтарға сын екенін еске салды, деп хабарлайды Stan.kz.
Айдарбекова Нұр-Сұлтандағы шенді-шекпенділерге тоқал болуға асыққан қыздар жайлы жаңалықты көріп, жаға ұстағанын жеткізді.
"Сұмдық ай…Біздің кездері тәрбие бөлек болды ма, әлде заман бөлек болды ма, анамыз қайтып келсең шіріген жұмыртқасың, қара жағып еңсемізді төмен түсірме деп құлағымызға 7-8 ші сыныптан бастап құюшы еді. Күйеуің мен енеңді жамандаушы болма, біздің көңіліміз қалып қояды, енең қатты сөйлесе теріс қарап тұрып көзіңнің жасын көрсетпей сығып ал да, шәйіңді күліп бер, жылы-жылы сөйлесең жылан да інінен шығады дейтін. Қанша қиыншылық болса да, 35 жыл ішінде бір рет те ренішімді айтып не ажырасамын деп үйіме барып көрмеппін. Енемнің басындағы қатаң мінезінің бәрі жылылыққа ауысып, қаншама батасын алдым. Қазір қалай сағынатынымды білсеңіздер ғой, ойлап отырсам керемет тәрбие беріпті.
Ал мына сұмдыққа қарап отырсам, біздің келешек аналарымыз, қыздардың көздегені біреудің дайын ақшасы ғана. Еркектің мықты болуы әйелден, барлық жағдайын жасап, енді рахатын бірге көреміз деген кезінде, жастығын пайдаланып ер азаматтарды өзіне қаратып, дүниесіне көз салу қаптап кетті.” Дайын асқа тік қасық” дегендей", - деп ашынды Айдарбекова.
Гүлзира Айдарбекова өзін "ұрлық жасады" деп айыптаған оқырманын орнына қойды
"Қолымдағы наным ұшып, сүріндім": Айдарбекова жұбайымен танысқан күнін еске алды
Гүлзира Үсенқызының айтуынша, бұған өз ұлтының қыздарына қорған бола алмаған ер азаматтар да кінәлі. Өздері қыз тәрбиелеп отырса да, өрімдей жас қыздарды тоқал етіп отырғандарға ашуланды.
"Өзгенің жасағанын ертең өзіне біреу жасамауына қандай кепілдігі бар десеңші. Алла шебер, барлық жасаған қияметің алдыңа келері сөзсіз. Қазіргі жас жігіттердің табысы болмағандықтан, бірге үй-жай болып қиындық көргісі келмейтін қыздарға айтарым: өз еңбегіңмен, ақылыңмен тапқан табысыңда береке болады. Бір отбасын жылатып қарғыс алғанша, еңбек етіп жағдайыңды жасап алғыс алсаң жүректеріңде де тыныштық болады демекпін.
Қиындыққа шыдамай ажырасып жатқан келіншектер өте көп, осының бәріне не себеп? Толыққанды отбасы бола білгендердің бала-шағасы қандай бақытты десеңізші. Ата-ананың қателігінен ұл-қыздары бақытсыз, ал мәпелеп өсіріп отырған қыздардың осындай іс-әрекетке баруы ата-ана, бауырларының намысы екенін ұмытпаса екен. Мұның бәрі бізде қатаң заңның жоқтығы ма? Қазір қара жұмыс жасатуға қыз таппайсың, көбісі ауырдың астымен, жеңілдің үстімен осылай жүруді әдетке айналдырып барады", - деп жазба қалдырды ол Instagram-да.