Балалары күнұзақ үйіндегі «көк жәшікке» телміретін қала жұрты голливудтық «Тачки» деген мультфильмді жақсы білетін болар. Небір түрлі темір тұлпарлардың өмірі мен жарыс жолдары туралы қызықты хикаяттарға толы болғандықтан ба, мектепке дейінгі балалардың қызығушылығы ерен. Сол фильмдегі «Макуин» есімді жүйрік машинаның суреттері тоңазытқышы мен балалар бөлмесіне ілінбеген үйлер кемде-кем шығар. Міне, осы мультфильмнің «Тачки-2» нұсқасы қазақша дыбысталып, алдағы маусым-шілде айларында отандық кинопрокатқа түспек.
Негізі, бұл жобаға бастамашылық жасаған да, қазіргі уақытта голливудтық компаниямен серіктес ретінде жалпы үйлестіру жұмыстарын атқарып отырған да «Меломан» компаниясы екен. Осы компанияның ұлттық жобалар жөніндегі менеджері Низами Мәмедовтің айтуынша, қазақ тіліне аударылып дыбысталған бұл мультфильм қазақстандық кинотеатрлардың экранына шығатын алғашқы голливудтық жоба болмақ. «Бұл жоба біздің компанияның бастамасымен қолға алынып, қазір қызу жұмыстар жүріп жатыр. Disney/Pixar студиясы фильмнің жұмыс істеуге арналған бейнематериалдары мен диалог мәтіндерін ұсынып, онымен қазір «Болашақ» қауымдастығының креативті командасы айналысуда. Мультфильмнің мағынасын қазақша мақал-мәтел, әзілдермен дәл беру үшін ол топтың құрамында ағылшын тілінен тікелей қазақша аударатын аудармашы, редактор, дубляж режиссері бар», – деді ол кеше «Меломан» компаниясына телефон шалғанымызда.
Осыдан кейін «Болашақ» қауымдастығына хабарласып едік, расында да, арнайы топ «Тачки-2» мультфильмін аудару жұмыстарымен айналысып жатыр екен. Топқа жетекшілік етіп отырған Аян Әлжанов деген азамат фильмнің ағылшынша толық мәтінін алып, оны қазір қазақ және ағылшын тілін жақсы білетін кәсіби аудармашы аударуға кіріскенін айтты. Жалпы, аударма, дубляж ісінде тілдердің ерекшелігіне байланысты кездесетін ең бірінші қиындық – сөйлем тіркестерінің ұзарып кетуі. Бұл проблема фильмнің «Тачки» деген атауын аударудан-ақ басталған секілді. «Атауына байланысты бастапқыда 40-қа жуық ұсыныс айтылды. Қазір бір-екеуіне ғана тоқтап тұрмыз», – деген Аян Жеңісұлы бұл атау да әлі түбегейлі бекітілмегендіктен, жария қылуды жөн көрмеді.
Дубляждың алдында тұрған ең ауыр әрі маңызды жұмыс – мәтін аударудан кейінгі шаруа – фильм кейіпкерлерін лайықты дауыстармен дыбыстау. «Меломан» компаниясының хабарлауынша, «Тачки-2» мультфильмін толық дубляждау үшін 40-тан аса жеке дауыс керек екен. Disney/Pixar студиясы дауысқа және дыбыстау сапасына айрықша мән беретіндіктен, негізгі назарға 35-тегі және одан жасы жоғары кәсіби әртістерді алып отырған сыңайлы. Басты бес кейіпкерді дыбыстаушылардың тиісті талаптарға сәйкестігі студияның Лос-Анжелестегі офисінде қаралмақ.
Низами МӘМЕДОВ, «Меломан» компаниясының ұлттық жобалар жөніндегі менеджері:
– Дыбыстау жұмыстары сәуір айында басталып, Алматыдағы «Синема Тон Продакшн» студиясында жүргізіледі. Сосын дубляждың дәлдігін саралау үшін келісім бойынша мамырдың 1-інен кешіктірмей, Лондондағы Shepperton студиясына беруге тиіспіз. Осыдан кейін қазақ және орыс тіліндегі мультфильм Қазақстан мен Ресейде бір мезгілде, яғни маусымның 23-інде прокатқа шығарылады.
P.S.
Сәтін салып, уақытында шықса, түркітілдес елдердің ішінде «Тачки» мультфильмі аударылған екінші тіл – қазақ тілі болмақ. Бұған дейін бұл фильм түрік тіліне аударылған екен. Қияңқы қылықтары да, кескілескен шайқастары да бар, суреті сұрықсыз, сюжеті түсініксіз болып келетін, сөйте тұра, балаларымызды теледидарға матап қоятын небір түрлі мультфильмдерге қарағанда, мына фильм әлдеқайда жақсы екенінде дау жоқ. Енді тек аудармасы анық, дыбысталуы сәтті шықса екен. «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегеннің кебін кимесе деп тілейміз.