Сүйінші, қазақ әдебиетіне сусаған, ғаламтор жағалаған қауым! Интернетіміз тағы бір қазақи порталға толықты. «Әдеби әлем» деп аталған Қазақстандағы алғашқы әдебиет порталы дүниеге келді. Жасыратыны жоқ, бүгінде жазушыларымыздың не болмаса «Бес ғасыр жырлайдыдағы» жырауларымыздың қайсыбірінің шығармасын интернеттен іздеп табу қиын. Жаңа сайт қазақ интернетіндегі осынау кемшіліктің орнын толтырып, көпшіліктің көкейіндегі мәселенің түйінін шешті. «Бәрекелді!» дейміз.
«Әлемге әйгілі google іздеу жүйесінде Пушкиннің аты жеті миллионға жуық кездеседі екен. Ал Абай Құнанбаев деген есім одан 175 есеге кем. «Көршіміз Ресейден шамалы ғана есеге аз болсақ та, олардан осыншалықты сауатсыз емес едік қой» деген ой туды. Міне, сол себептен де біз осы мәселені қолға алдық», – дейді жоба авторы Шыңғыс Мұқан. Оның айтуынша, бүгінде қазақ тілінде күнделікті ақпарат ағымын былай қойғанда, көп өзгере бермейтін академиялық ақпараттарды табу да оңай емес, тапшы.
Әдеби порталда Асанқайғыдан Махамбетке дейінгі, Абай заманындағы және кеңес кезеңіндегі әдебиет пен Тәуелсіздік таңы туғызған туындылар енгізілген. Сонымен қатар аталмыш порталға бүгінгі таңда аудармашының үйінен де табыла бермейтін әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған классикалары енген. Сайтта «Балалар әдебиеті» деген жеке бөлім бар екен, онда қазақ және әлем ертегілері салынған.
«Әдеби әлем» порталы Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен дүниеге келгенін ескергеніміз жөн. Бұған қоса, сол жақтағы тілдер басқармасы да жеті миллион теңге бөліпті.
Статистика
Ғаламторға www.adebiet.kz меншікті мекенімен шыққан бұл порталға 164 автордың 6502 шығармасы енгізілген. Қазір күніне мыңнан астам адам кіріп отыр. Ал осы уақытқа дейінгі жалпы кірушілердің жиынтық саны 145 мыңнан асқан.