Ғаламтордағы журналистиканың қадамы нық па?
Ақпарат алудың бірден-бір көзі интернет екені даусыз. Бүгінде қажетті ақпаратын ғаламтордан қотарып алып, кәдеге асыратын қауымның саны айтарлықтай өсіп келеді. Осы ақпарат атаулыны интернетпен шендестіріп отырғандардың арасында интернет журналистикасы да төбе көрсетіп қалады. Қазір интернет-газеттер дейсіз бе, журналистердің интернеттегі блогтері деймісіз, интернеттегі түрлі ақпараттық-сараптамалық сайттар дейсіз бе – бізде мұның барлығы жетіп-артылады. Бұл жағынан «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп паш ететін дүниелер, әрине, баршылық. Бірақ солардың сапа жағынан болсын, сан жағынан болсын өсу «динамикасы» қандай? Біз төл мерекеміз – Журналистика күні қарсаңында осы сауалға жауап іздеп көрдік.
Алдымен заңнан бастасақ...
Жалпы, Қазақстанға интернет журналистикасының келгеніне көп болған жоқ. Біз және біздің атқарушы билік кезінде осы бір саланы жатырқамай бауырымызға алдық. Осыған орай «Интернетті реттеу туралы» Заң қабылдадық. Ол заңға заманға сай бірнеше мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгіздік. Бүгінде аталмыш заң бойынша елдегі барлық чат, блог, форум тағы басқа интернет ресурстары БАҚ ретінде қарастырылатын болған. Уақытында қоғамда үлкен дау тудырып, талай мәрте сынға алынған бұл заңға қазір көпшілік қауымның көндіккен жайы бар...
Бір қарағанда, бізде ғаламтор мен журналистика тығыз қарым-қатынаста тәрізді көрінеді. Әйтсе де журналист Асхат Еркімбайдың пайымдауынша, ғаламтор мен журналистиканың байланысында кемшін тұстар жетерлік. Бұл жайында Асхат мырза былай дейді:
– Біздің елде интернет журналистикасының дамуына кедергі келтіріп отырған дүние, бұл – сапасыз заң. Біз бүгінде «Интернетті реттеу туралы» Заңның түсініксіздігінен жапа шегіп отырмыз. Мәселен, аталмыш заңда интернет ресурстарын реттеу бар да, сол интернет ресурстарды жасаушылардың құқығын қорғау туралы ештеңе айтылмаған. Егер біз «заң өзіндік әлеуетін толық орындасын» десек, заңға осы бапты міндетті түрде енгізуіміз керек.
Бұл – ғаламторды реттеуге қатысты заң туралы айтылған пікір. Ал енді «осы интернет журналистикасының ішінде кім озық?» дегенге келсек...
Кімнің аты жүйрік?
Өкінішке қарай, бұл жерде тағы сол ресми тілді басылымдар мен ресми тілді журналистер көш бастап тұр. Асхат Еркімбай мырзаның айтуынша, Қазақстандағы интернет журналистикасын орыстілді және қазақтілді деп бөліп-жармай айтатын болсақ, ауыз толтырып айтарлық дүниелер бар. Алайда қазақтілді интернет журналистикасынан бұрын орыстілді интернет журналистикасының айрықша қарқынмен дамып келе жатқанын байқаймыз. Себебі қазақ тілінде өз алдына басылым болып қалыптасқан интернет ресурстары саусақпен санарлық. Керісінше, орыс тілінде интернет-газеттер, порталдар, сайттар өте көп. Сондықтан бұл жерде интернетте орыстілді журналистиканың аты озып тұр. Неліктен бұлай? Бұл туралы интернет журналистикасын арнайы зерттеп жүрген маман Әлия Сембай былай дейді:
– Бізде интернет журналистикасын оқыту жайы толық қолға алынбай отыр. Осы уақытқа дейін бірде-бір жоғары оқу орнында медиа-нарық жүйесін оқыту курстары болған емес. Сондықтан болар, қазақ жастарының басым бөлігі интернет журналистикасы дегеннен бейхабар. Осыдан барып елде қазақтілді интернет журналистикасының дамуы кем түсіп отыр...
on.kz – отандық желі
Жалпы, мамандардың байыптауынша, бүгінде елде қазақтілді интернет журналистикасынан гөрі, азаматтық журналистика жақсы дамыған. (Азаматтық журналистика дегеніміз – интернеттегі блог ресурстары). Бүгінде қазақ журналистерінің арасында блогтер ашу, сол арқылы өзара пікір алмасу көптеп саналады. Сондай-ақ ол блогтердің ішкі-сыртқы пішіндерін жаңартып отыру өте жоғары санатта. Сөзіміз жанды болу үшін таяуда ғана ашылса да, бүгінде өз тұтынушыларын көбейтіп, көпшіліктен қолдау тапқан отандық сайттардың бірі www.on.kz сайтын мысалға алсақ... Былай қарағанда, www.on.kz – әлеуметтік-сауықшыл сайт. Бұл сайттың ресурстары блогтерден, фотолардан, пікіралмасулардан, сондай-ақ тұтынушыларды қызықтыру мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырудан тұрады. Әзірге аталмыш сайтқа деген тұтынушылардың қызығушылығы өте жақсы. Сайттан өнер жұлдыздарының, журналистердің, кәсіпкерлердің блогтерін және басқа да қызықты дүниелерді таба аласыз. Аталмыш сайт жетекшісі Айгүл Әлиясова:
– Біздің ашылғанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ осы уақыт аралығында белгілі жұлдыздар – Құралай Нұрқаділова, Қайрат Түнтеков, Ілияс Аутов, Рүстем Рахымжановтар бізден жеке блогтер ашып үлгерді. Сондай-ақ біршама журналистердің арнайы блогтері бар. Олардың пікір алмасуына, өзіндік мәселелерді талқыға салуына бізде барынша жағдай жасалған. Сондықтан қазақ журналистерін мерекелерімен құттықтай отырып, біздің сайтқа шақырамын, – дейді.
P.S. Байыптап қарасақ, елімізде, шынымен де, қазақтілді интернет басылымдары санаулы ғана. Олардың «алдыңғы сапта тұрғаны деп – www.abai.kz және www.massagan.com сайттарын алуға болады» дейді мамандар. Сондай-ақ интернет сарапшылары «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Жас қазақ», «Түркістан» басылымдарының интернеттегі сайттарын жоғары бағалайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл газеттер де интернет журналистикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосуда. «Әйтсе де бізге ғаламтордағы журналистиканың абырой-атағын арттыру үшін әлі де тер төгу қажет. Ол үшін интернетті қолдану мәдениетіміз, сауатымыз нық болуы керек» дейді мамандар.