Ескерткіш – біздің ұғымымызда ұлылықты дәріптеу, тарихтан тамыр тартатын, өткенімізді өнеге ететін тәрбие құралының бірі. Ел есіндегі ерлерге, қоғам қайраткерлеріне, тарихи оқиғаларға арнап қойылған ескерткіштерді елдігіміздің белгісіне балаймыз. Ал батыста оған деген көзқарас сан қилы. Солардың қатарында қаланың қарбалас өмірінде тұрғындарға жақсы көңіл күй сыйлап, тынығуына мүмкіндік беретін нысан, туристерді қызықтырудың бір тәсілі ретінде қарау қалыптасқан. Бұл ескерткіш мынадай болу керек дейтін қатып қалған қағида жоқтығын, яғни мүсіншінің де нағыз шығармашылық иесі, ал ескерткіш – оның шексіз қиялының жемісі екенін есімізге салады.
Дегенмен қазір Еуропада кез келген бұйымға, азық-түлік түрлеріне, жан-жануарларға, тіпті қоқысқа арнап ескерткіш тұрғызылғанын білеміз. Идеологиялық ескерткіштерді ескіліктің сарқыншағы санап, оған салқындық танытатындар қазір тас мүсіндерді тым қарабайыр, тұрмыстық деңгейге түсірді. Мұны бұқаралық мәдениеттің жаңа сатысы ретінде бағалап жүргендер де бар.
Әмиянға, су құбырына, орындыққа, бағдаршамға, қасық пен шанышқыға, жылыту батареясына, туфлиге, басқа да бұйымдарға қойылған ескерткіштер, тұрпайы көрінетін жалаңаш адам мүсіндері, езуіңе еріксіз күлкі үйіретін қызық тас мүсіндер бүгінде Еуропа шаһарларының шырайы саналады. Ескерткішке есті көзбен қарайтын біз үшін мұның бәрі есерсоқтық болып көрінеді.
Алайда ғимарат қабырғасын тесіп өтіп келе жатқан адам бейнесі, төбесімен жерге шаншылып теріс орнатылған ескерткіш секілді қызықты мүсіндер кім-кімді де бейжай қалдырмайтыны сөзсіз.
Кеңес кезіндегі көсемдеріміз қолын көтеріп, «болашаққа жол көрсетіп» сомдалатын. Ал кейінгі заманауи ескерткіштер биік тұғырда емес, ел қатарлы жердегі орындықта «отыра» беретін болды. Тіпті Пушкиннің диванда еркін көсіліп жатқан ескерткіші де бар. Мәңгілік мүсіндердің ішінде «көше тазалап жүрген» аула сыпырушыны немесе люктан «шығып келе жатқан» сантехникті көрсеңіз таң қалмаңыз. Себебі белгілі мамандық иелеріне де еркін стильде ескерткіштер қою үрдісі қалыптасқан. Олардың қатарында хатшы, фотограф, су тасушы, фонарь орнатушы, пошташы, шахтер сияқты маман иелері де бар. Ал әдеби шығармалар, кино және мультфильм кейіпкерлерінің бейнесі сомдалған сәулеттік туындылардың жөні бір бөлек. Мәселен, есегін жетектеген Қожанасыр бабамызды көрші Ресейден таба аласыз. Алматыдағы саябақтың ішінен бала Алдар көсені талайымыз көрдік. Ал «Вечерний Ростов» газетінің тұрақты оқырманы сол қалада әлі күнге газет «оқып отыр». Мыңдаған туристер осындай ерекше ескерткіштердің жанында суретке түсуге әуес.
АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Чехия, Испания, ерекше ескерткішке бай елдердің атын осылайша тізе беруге болады. Әрине, орыстар да қиял жүйріктігі жағынан батыстықтардан қалысар емес, соңғы кезде олар да көш басындағылардың қатарынан көрініп келеді. «Қызық» ескерткіштердің кейінгі кезде жаппай белең алуынан секем ала бастаған ресейліктер «Тым асыра сілтеп кеткен жоқпыз ба?», «Мағынасыз жарысқа түскеніміз қалай?» деп мәселе көтере бастады. Қияр, түшпара, жұмыртқа секілді тағамдарды тастан қашағаны ештеңе емес, тіпті орыс арағына да ескерткіш қойған соң, мәселе көтермегенде қайтсін?!
Ал бұл ретте біз неден үйреніп, неден жиренуіміз керек? Ескерткіштер мен сәулеттік композицияларға деген көзқарасымызды өзгертуіміз қажет пе? Оны туристерді қызықтырудың бір тәсілі ретінде қарастыра аламыз ба? Міне, ерекше ескерткіштер туралы ойлағанда санамызға келген алғашқы сауалдар легі осылай болды.
Біздегі табиғаттың өзі қашаған тас мүсіндерді айтпағанда, адамның ақыл-ойынан шыққан туындылар дегенде Астанадағы «Бата» сәулеттік туындысы, «Халықтар достығы» монументі, Алматыдағы – алма, Атыраудағы – алтын асық, Талдықорғандағы – торсық, түйе, таңбалы тастар, Күреңбел өңіріндегі – арқар, елік секілді жануарлар мүсіндері секілді қазақтың иісі аңқып тұрған, ұлттық сипаттағы сәулеттік композицияларды атап өтуге болады. Бірақ мүсіншілеріміз «қызық» қууға, туындыларын әзілмен әрлеуге аса құлықты емес сыңайлы. Бәлкім, әзілдеп басталған дүниенің аяғы шетелдердегідей мәнсіз жарысқа айналып кетеді деп қауіптенетін болар?
Қаби БАУЛЫҚОВ, сәулетші:
– Әрине, ескерткіш халық үшін жасалғаннан кейін оның елден бөлектеніп, тым биікте емес, халықтың ортасында болғаны да жақсы. Бірақ ол бір күндік емес, мәңгілік мұра ретінде жасалады. Соған қарамастан, сол биікте тұрған қалпының өзіне зиян тигізіп жатамыз. Балалар үстіне шығып, ойнап, сырғанап жатқанын көргенде ішім ашиды. Ата-анасы «тәйт» демеген соң, сәби нені білсін?! Ескерткіштердің тәрбиелік мәніне терең үңіле бермейміз.
Вера ЕЖИКОВА, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:
– Бізде туризмді дамытудың негізгі шараларына инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, демалыс орындарында сапалы қызмет көрсету, туризм саласы бойынша кадрлар дайындау секілді ірі-ірі мәселелер енгізіледі. Ал ескерткіштерге келетін болсақ, бізде шеттен келгендерге мақтанышпен көрсете алатын тарихи орындарымыз жетерлік. Бір ғана Қойлық қаласының өзін алайықшы. Тек соны ұқсата алмай жүрміз. Осы жоғарыда аталған жағдайлардың бәрі жасалып, бәсекелестік бағытта «тағы не ойлап табуға болады?» дейтін деңгейге келгенде қолдан жасалған қызықты ескерткіштер туралы да ойлануға болатын шығар, бәлкім.
Ескерткіш қойғанда да ескеретін мәселе бар
Последние статьи автора